Тұжырымдаманы дамытудың тетіктері сөз болды
Тұжырымдаманы дамытудың тетіктері сөз болды
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов «Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» жайлы баяндады. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын талқылау кезінде қаралған тапсырмаларын ескере келе, үш негізгі мәселеге баса назар аудару қажет екендігін атап көрсетті. Оның біріншісі, банк секторын шоғырландыру және оны капиталдандыруды арттыру, екіншісі, мобильдік технологияларды дамыту және банк қызметтерін ұсыну. Үшіншісі, корпоративтік басқаруды және тәуекелдерді басқару жүйесін одан әрі дамыту болып табылады. Қайрат Нематұлының айтуынша, мұндай қадам банк секторын дамыту моделін, атап айтқанда, жүйе құраушы ірі топты және орташа банктер тобын күшейтуге баса назар аудартатын көрінеді. – Қазақстанның ірі банктері ЕАЭО-ның қаржы нарығында Қазақстан банк секторының өзегін білдіреді. Сонымен бірге орташа банктер оларға корпоративтік сектор және халық үшін банк қызметтерінің негізгі түрлері бойынша бәсекелестіктің неғұрлым жоғары деңгейін қамтамасыз етеді, - деді Ұлттық банк төрағасы.
Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».