Экономика

Арқаны кеңге салғандар да бар

Арқаны кеңге салғандар да бар

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің төрағалығымен Шу ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Шу, Қордай және Мойынқұм аудандарының отын-энергетика кешені, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және бюджеттік нысандардың 2014-2015 жылдардағы жылыту маусымына дайындығы туралы штаб отырысы өтті.

18Жылу беру бойынша дәл қазіргі уақытта атқарылып жатқан жұмыстар, кездесіп отырған проблемалар мен оны шешудің жолдары талқыға түскен штаб отырысына аталған аудан әкімдері, тиісті басқарма басшылары, отын-энергетика кешені кәсіпорын басшылары қатысты. Бекболат Серікбекұлы штаб отырысын ашқаннан кейін, облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұхтар Төлеулиев Шу, Қордай, Мойынқұм аудандарының қыс маусымына әзірлік барысы жайлы баяндады. Шу ауданындағы дайындық шараларын сөз еткенде ол Шу қаласының «жүрегі» саналатын орталық қазандықтың жай-күйіне кеңірек тоқталып, алдағы жылыту маусымына мұнда 14333 тонна көмір қажеттігін айтты. Сондай-ақ, қазандықты газбен жұмыс істету мәселесіне тоқталып, аудан басшылығы мен «Шу-Жылу» КМК мамандары қажетті отын көлемін қайта есептеу керектігін, яғни, газ бен көмірдің көлемін нақтылап, қаражат есебін шығарудың талап етілетінін жеткізді. Бүгінде аудан әкімдерін жылыту маусымына қатысты қаржыландыру мәселесі әбігерге түсіруде. Себебі, биыл жылдағыдай республикадан ақша бөлінбейтін болған. Штаб төрағасы Б.Орынбеков бұл ретте Шу ауданына қажет 146 миллион теңгені аудан бюджеті көтере алмайтындығын айтып, облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына Шу ауданы әкімдігімен бірлесіп, бұл проблеманы шешуді тапсырды. Сонымен қатар, Бекболат Серікбекұлы «Шу-Жылу» мекемесінің газ немесе көмір отынына сұраныс беру бойынша осы уақытқа дейін бір шешімге келмегендіктерін және осы уақытқа дейін бюджеттік сұранысты жасамаған ауданның әкімдігіне аталмыш басқарма сергектік танытпағандығын сынға алды. Бүгінгі таңда кәсіпорынның дебиторлық қарызы 17миллион 25 мың теңгені құрап отыр екен. Штаб төрағасы бұл ретте жылыту маусымына дейін берешекті өтеу керектігін де ескертті.

Сала басшысы өз баяндамасында Шу, Қордай, Мойынқұм аудандарындағы нысандардың жылыту маусымына дайындығын тексеру барысында анықталған кемшіліктерге де тоқталды. Мәселен, Шу ауданында пайдалану мерзімі өтіп кеткен қазандықтар көлемі 59,5 пайызды құрайды. 

Білім беру ғимараттарындағы кемшіліктер Мойынқұм ауданында да бар. Мұнда 7 мектеп пен 2 балабақшада түтін сору желдеткіштері, циклондары жоқ, өрт сөндіру қалқандарының құрал-саймандары толық емес, өрт сөндіргіштер жоқ, от жағу бұрыштары былтырғы жылыту маусымынан өзгертілмеген. Сондай-ақ, мәдени нысандардың ішінде орналасқан қазандарды жөндеу және денсаулық сақтау мекемелеріне көмір тасымалдау жұмыстары басталмаған, барлық қазандықтарда манометрлер мемлекеттік сараптамадан өткізілмеген. Мұндай олқылықтар Қордай ауданында да жоқ емес. Мұнда әйнектері бір қабат, жылыту жабдықтары қоршалмаған, қазандықтың түтін құбырының қауіпсіздік сақтайтын сымы үзілген мектептер, терезе әйнектерінің бір қабаты жоқ, балама қазандықтары жоқ, электр жүйелерінің сымдары үзілген, пеш құбыры дұрыс орнатылмаған денсаулық сақтау және мәдениет нысандары тіркелген. Ал, Ноғайбай ауылындағы Қордай ауылшаруашылық колледжі мен Бетқайнар ауылындағы №7 техникалық колледжі тіпті жылыту маусымына дайын емес болып шықты. Штаб отырысында Шу ауданының әкімі Бақытжан Нұркенов, Мойынқұм ауданының әкімі Болат Мәдікенов және Қордай ауданының әкімі Қайрат Досаев баяндама жасап, жылыту маусымына дайындыққа қатысты есеп берді. Олар өздері басқарып отырған аудандардағы аталған кемшіліктерді межелі мерзімге дейін жоятындарын уәде етті. Штаб отырысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Б.Орынбеков Шу ауданындағы газдандыру жұмыстарына тоқталып, тұрғындарға газға қосылу ақысы уақыт өткен сайын артпаса, кемімейтіндігін жеткізді. Бүгінде Шу қаласына 2700 үйге газ келіп тұрғанымен, 400 шаңырақ қана әзірге оған қосылыпты. Сондықтан, қала әкімі Б.Тұрғынбаевқа бұл бағыттағы жұмысты жетілдіру керек екендігін ескертті.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Шу ауданы.