Андорра да алынбайтын асуға айналды
Андорра да алынбайтын асуға айналды
Ұлттар лигасын Грузия құрамасына қарсы ойында сәтсіз бастаған Қазақстан футболшылары екінші кездесуде Андорра футболшыларынан айласын асырып, жағдайды біршама түзейді деп сенген едік. Өйткені Андорра құрамасы Еуропадағы ең әлсіз ұжымдар санатына жатады. Алайда Қазақстан футболшылары жанкүйерлер күткен нәтижеге қол жеткізе алмады. Ойын бастала салысымен Қазақстан футболшылары допты бақылауда ұстады. Кездесудің бірінші кезеңінде ұлттық құраманың ойыншылары басымдыққа ие болғанымен, Андорра қақпасына гол соға алмай әбден абдырады. Екінші кезеңнің бастапқы кезінде де Қазақстан футболшылары басымдықты уыстан шығарған жоқ. Алайда Қазақстан құрамасының намысын қорғаған саңлақтар біраз уақыт Андорра қақпасының кілтін таба алмай-ақ қойды. Тек матчтың 68-минутында ғана біздің футболшылар есеп ашты. Бұрыштамадан берілген допқа бұрын жеткен Юрий Логвиненко мергендігімен көзге түсті. Кездесу барысында шабуылда түк тындырмаған Андорра футболшыларына Қазақстан құрамасының ойыншылары «көмектесті». Алдымен Серікжан Мұжықов екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылған соң алаң иелері шабуылға иек арта бастады. Нәтижесінде Дмитрий Шомконың өрескел қателігін ұтымды пайдаланған Жорди Алаэс таразы басын теңестіріп кетті. Осылайша ойын тең нәтижемен аяқталды. Өз тобындағы ең әлсіз командамен ұпай бөліскен Қазақстан футболшыларынан қандай да бір ерлік күтудің өзі әбестік секілді.
Табиғат АБАИЛДАЕВ.