Қадағалау – қауіпсіздікті қамтамасыз етеді
Қадағалау – қауіпсіздікті қамтамасыз етеді
Байлықтың негізгі көзі жер астында. Оны игеру ел экономикасының дамуына игі әсер ететіні белгілі. Дегенмен жерасты қазба байлықтарын игеруде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызы зор. Өйткені, жер астынан кен өндіру кезінде тасымалдау, тиеу, тазалау, желдету жұмыс үдерістері кезінде ұңғылаушылар, тазалау забойының жұмысшылары, бекітушілер, жерасты электр слесарьлары, желдету жүйесі қызметкерлеріне жүктелетін міндет жоғары. Жұмысшыларға, басқа да техникалық мақсаттарға қажетті ауа мөлшерінің қалыпты жағдайда қамтамасыз етілуі де осы міндеттер қатарында.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік актілердің талаптарына сай тау-кен қазбалары тиісті тұлғалармен бекітілген жобалар мен құжаттарға сәйкес дайындалуы және қауіпті тұстарының бекітілуі, пайдаланудағы шахталар таза әрі дұрыс жұмыс жағдайында болуы қажет. Түпкі мақсат – экономикалық игілік өндіріп жатқан адамдар өмірін қауіп-қатерден қорғау. Өндірістегі төтенше жағдайлар мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті мемлекеттік бақылау басқармасы тарапынан жүргізілген жоспарлы тексерулер нәтижесі көп жағдайда тік, көлбеу және тазалау тау-кен қазбалары қиылыстарын бекіту, геологиялық жағдайлар өзгергенде бекіту жобаларын уақтылы қайта қарау, жобалық шешімдердің, желдету режимдерінің сақталуы талапқа сай емес екендігін көрсетті. Осындай салғырттық салдары сан соқтырар жазатайым оқиғалардың орын алуына апарып соққан жағдайлар да бар. Мысалы, 2011 жылдың наурызында Шу ауданындағы «Шатыркөл» кенішінде қазба қабаттары сапасыз бекітілген кен жыныстарының опырылуы салдарынан тау-кен шебері Д. Сүлейменов жазатайым жағдайға ұшырған. Осы тектес оқиға 2012 жылдың қаңтарында Мойынқұмдағы «Алтыналмас» АҚ акционерлік қоғамы «Ақбақай» кенішінің ұңғылаушысы А. Қонысбаевтың да басынан өткен. Тіпті сол жылдың қарашасында өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталмауы жоғарыда аталған кәсіпорнының «Алимак STН-5LL» үңгілеу-тазалау кешеніндегі бекіту элементтерінің ажырап кетуі салдарынан адам шығынына апарып соққан жазатайым оқиға да орын алғаны өкінішті. «Қазфосфат» ЖШС «Шолақтау» жерасты кенішінде көп жағдайда кен тасымалдау теміржолының профилі сақтала бермейді, сондықтан жүк артылған немесе бос вагондардың рельстен шығып кетуі әбден мүмкін. Мұндай ықтимал қауіпті жағдайдан алдын алу шаралары ғана құтқарады. Жерасты кеніштерінің осындай жағдайына қандай себептер болуы мүмкін? Ең алдымен қадағалау қызметкерлері жағынан (бөлім бастықтары, орынбасарлары, тау-кен шеберлері, учаскелік маркшейдерлер мен геологтар) тау-кен қазбаларын өту мен бекіту кезінде өндірістік бақылаудың нашар жүзеге асырылады. Қазбалардың дұрыс жүргізілуін бақылау жүктелген кеніштердің геология-маркшейдерлік қызметі міндеттерін толығымен орындамайды. Қызмет тарапынан тау-кен қазбаларының құжаттар мен жобаларға сай бекітілуіне бақылау ойдағыдай емес. Кеніштер бекіту материалдарымен нашар жабдықталады. Өндірістік жарақат алу деңгейін төмендету және тау-кен қазбаларының жағдайын жақсарту үшін өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуын қадағалау қызметкерлері өндірістік бақылауды ауысым сайын жүйе бойынша жүзеге асыруы қажет. Ол маркшейдерлік нұсқаулардың көрсетілген мезгілде орындалуынан өндірістік бақылауды жүзеге асыруда және өнеркәсіптік қауіпсіздік сақталуына басшылардың жауапкершілігін арттыруға инженер-техникалық қызметкерлердің өндірістік бақылауды сапалы түрде жүзеге асыруына қатысты. Көрсетілген іс-шараларды орындау өндірістік жарақат алу деңгейін төмендетуге және қазбалардың жай-күйін жақсартуға мүмкіндік береді.
Қозы Нақыпов, облыстық ТЖД өнеркәсіптік қауіпсіздікті мемлекеттік бақылау басқармасының бас маманы.