Берекелі кәсіптің берері көп
Берекелі кәсіптің берері көп
облыс орталығында «ALSHy TRADE» ЖШС-ның нан және кондитерлік өнімдер өндіретін наубайханасы өз жұмысын бастады
Қашанда ең қадірлі дәміміз, «ас атасы – нанға» деген сұраныстың артпаса, төмендемейтіні баршаға мәлім. Сондықтан да наубайханалар қатары заманауи технологиялармен жарақтандырылған жаңа буынымен толықтырылып жатса, оның еш артықтығы жоқ. Облыс орталығынан күллі жұмыс үрдісі неміс технологиясына негізделген «ALSHY TRADE» ЖШС-ның наубайханасы ашылуы тараздықтарға үлкен сый-тарту болды. Оның ашылуы рәсіміне «Тараз» ӘКК ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Нұркен Шәрбиев, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Арнұр Мұхаметжанов қатысты. – Нан және кондитерлік өнімдер шығаратын бұл нысан «Тараз» ӘКК ҰК» АҚ мен біздің басқармамыздың бірлескен жобасы аясында дүниеге келді. Оның үлестік бөлігінің 48 пайызы аталған компанияға, 52 пайызы басқармаға тиесілі. Жалпы құны 306 миллион теңгені құрайды. Бүгінде мұнда 12 адам жұмысқа тартылып отыр. Жыл аяғына дейін кәсіпорын ауқымын ұлғайту арқылы тағы да қосымша 15 адамның жұмыспен қамтылуына қол жеткізілмек. Бұл жоғарыда аталған компаниямен бірлесе жүзеге асырған ауқымды жобаларымыздың бірі, – деп атап өтті А.Мұхаметжанов.
Бұдан кейін журналистер наубайхана басшысы Л. Полуэктованың бастауымен кәсіпорынның пісіру, дайын өнімдер цехтарын аралап көріп танысты. Кәсіпорын мемлекеттік стандарттау жосығынан өткен, сапа сертификатына ие. Облыстық тұтынушылар құқын қорғау департаменті тарапынан тиісті талаптарға сәйкестігі жөнінде сараптама да берілген. Ең бастысы, мұнда көп жылдық еңбек өтіліне ие тәжірибелі мамандар жұмыс істейді екен. Олар жаңа әдіс пен заманауи технологияларды да үйренуде. Ресейлік және австриялық компаниялардың айтулы наубайшылары осында арнайы келіп, екі рет шеберлік сыныптарын да өткізіпті. «Біз қазақстандық өндіріс орындарының шикізатын пайдалануға тырысамыз. Шикізатты Ресей, Австрия елдерінен де аламыз. Жалпы біздегі жұмыс үрдісі, қалыптаудан пешке дейін неміс технологиясы негізінде жарақтандырылған. Табиғи құрамға бай, ешқандай да химиялық қоспаларсыз, сапалы да дәмді нан өнімдерін өндіреміз. Ресей, Австрия компаниялары ұсыныстарына сүйене, өз рецептерімізді әзірледік. Осы бойынша жұмыс істеудеміз», – дейді Лола Рахматқызы. Шын мәнінде де аталған кәсіпорын өнімдерінің нарықтық кеңістікте пайда болғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Соған қарамастан, тұрғындар тарапынан дәмді нан және кондитер өнімдеріне деген сұраныстың күннен-күнге артуы байқалуда екен. Бүгінде «ALSHY TRADE» ЖШС облыс орталығындағы «SMall», «Дәмді себет» секілді ірі супермаркеттермен өз өнімдерін тұрғындарға өткеру жөнінде келісім шарт та жасасып үлгерген. Наубайханада нан өнімдерінің 15 түрі өндіріледі. Тұрғындарға бүгінде тәулігіне 2000 бөлке өткерілуде. Кәсіпорын басшылығы алдағы уақытта өнім өндіру көлемін едәуір ұлғайтуды да ойластыруда. Атап айтқанда, мұнда жартылай фабрикат түріндегі шекер қосылған, тоңазытылған өнімдер секілді кондитер бұйымдары да әзірлене бастайтын болады. «ALSHY TRADE» ЖШС-ның құрылтайшысы Азамат Сұлтангереев өңірімізде наубайханалардың аз еместігін, алайда өздері ашып отырған өндіріс орны өңіріміздегі бастан-аяқ неміс технологиясына негізделген алғашқы нысан екенін айтады.
Баймаханбет АХМЕТ
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.