Экономика

Кәдесый сатылатын дүңгіршек ашылды

Кәдесый сатылатын дүңгіршек ашылды

«Алтын керуен» («Золотой караван») туристік фирмасы біздің өңірде 12 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Альбина Веймер басқаратын бұл компания түрлі қайырымдылық іс-шараларымен де таныс. Тараздағы «Қарахан баба» кесенесінің ауласынан «Алтын керуен» туристік орталығының арнайы дүңгіршегі ашылды. Кесенеге зиярат жасап келетін туристер қажетті заттарды осы жерден таба алады. Естелік сыйға түрлі қоржын, қобыз бұйымдарын, сырға, сақина, моншақ, білезік, алқа секілді зергерлік бұйымдар сатылады. Сондай-ақ Тараздағы тарихи жерлер туралы ақпараттарға толы кітаптар мен буклеттер бар. Салтанатты шарада облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова сөз сөйлеп, «Алтын керуен» туристік фирмасы осыған дейін де белсенді жұмыс атқарғанын, жергілікті туризмнің дамуына үлес қосқан орталық екенін айта келіп, бүгінгі жұмыстарына сәттілік тіледі. Мұнан соң «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-мұражайы директорының орынбасары Қуаныш Дәуренбеков сөз сөйлеп, мұндай қадамның маңызды екеніне тоқталды. Кейіннен «Алтын керуен» туристік фирмасының директоры қонақтар мен қала тұрғындарына дүңгіршектегі жәдігерлерді таныстырды. – Мен балалар үйінде тәрбиелендім. Кейіннен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжіне оқуға түстім. Бір жолы осы «Қарахан баба» кесенесіне келгенімде Альбина Веймер әпкемен таныстым. Ол кісі менің жағдайымды түсініп, фирмасына жұмысқа алды. Төрт жылдан бері осы кісімен біргемін. Ұлты неміс болса да, жүрегі – қазақ, – деп ризашылығын білдірді аталған фирма қызметкері Назым Баймағанбетова.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.