Өтініштерді қараудың оң тәжірибесі қалыптасуда
Өтініштерді қараудың оң тәжірибесі қалыптасуда
Қазақстан Республикасының «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы» Заңы жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн iске асыру және қорғау мақсатында олардың өтiнiштерiн беру мен қарауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi. Облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті тарапынан жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін уақтылы және сапалы орындау үшін қажетті шаралар қабылданып, бұл ретте туындаған мәселелер жоспарлы түрде апталық жиналыста тұрақты талқыланып отырады. Өтініштердің есепке алынуы мен уақытында орындалуына тиісті бақылау жүргізу міндеті бөлім басшыларына жүктелген. Жалпы өтініштердің басым денін мемлекеттік сатып алу және қаржылық сипаттағы бұзушылықтар туралы мәселелер құрайтыны байқалуда. 2018 жылдың 7 айында департаментке 1054 өтініш, оның ішінде 205-і жеке тұлғалардан, 849-ы заңды тұлғалардан келіп түскен. Оның 1017-сі тексеріліп, 37-сі қаралу үстінде. Айта кету керек, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау кезінде өтініш берушілерге жауаптар негізді және толық көлемде беріледі. Өтініштерде айтылған мәселелер департамент құзыретіне жатпаса, онда олар басқа уәкілетті органдарга қайта бағытталатын болады. «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы талаптарының сақталуы бойынша облыстық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарманың қызметкерлері тұрақты түрде семинарлар өткізіп отырады. Мұндай басқосуларда өтініштерді қарау тәртібі талқыланып, құжаттарды тіркеу, есепке алу, толтыру үдерістерінің дұрыстығына талдау жүргізіледі. Сондай-ақ департаментте жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау мен хаттарға арналған пошта жәшігі қойылған. 8(7262) 45-66-43 сенім телефондары арқылы жеке және заңды тұлғалардан барлық өтініштері мен арыз-шағымдары қабылданады әрі тіркеледі. Сенім телефонының нөмірі жыл сайын жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Аудиторлық іс-шаралар жүргізу кезінде бақылау нысанында орналастырылатын хабарландыруларда департаменттің, сондай-ақ комитеттің сенім телефондарының нөмірлері де көрсетіледі. Қанат ОРМАНОВ, облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының міндетін атқарушы.