Ауыл шаруашылығы айрықша қолдауға ие
Ауыл шаруашылығы айрықша қолдауға ие
Жаз жәрмеңкесі тарқап, өңір диқандарының ала жаздайғы алашапқын еңбегінің жемісін татып, берекеге кенелетін мезгілі – күз айы да иек астында. Құс өсірушілердің балапанды күзде санайтыны секілді, облыстың егін шаруашылығы саласында көктемде қызу жүргізілген егіс-дала жұмыстарының алғашқы нәтижелеріне де қол жеткізілуде. Бұған облыс бойынша 279000 гектар алқапқа егіліп өсірілген ақ егістен 660 мың тонна өнім жиналып, қамбаға құйылғаны, орташа гектар қайтарымы 23,8 центнерден айналғаны толық айғақ бола алады. Бақша дақылдарының жартысынан астамының өнімі жиналып, тұрғындарға өткерілу үстінде. Алда әлі қыруар іс тұр. Картоп пен қант қызылшасы қазығы басталар, «дала аруы» егістіктеріне орақ түсер кез де жақын. 91 544 астам гектарға егілген майлы дақылдар мен 1080 гектар жерге орналастырылған қытай бұршағынан да мол өнім алу күтілуде. Ауылдық тауар өндірушілер қыстық қамын жасап, қоймаларын қажетті өнім түрлерімен молықтырып алуға күш жұмылдыру үстінде. Жалпы ауыл шаруашылығы таяу жылдарда ел экономикасының басты қозғаушы күштерінің біріне айналуға тиіс. 2017-2021 жылдар аралығында еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағдарламасы, міне, осы бағытты көздейді. Бағдарламаны жүзеге асыру ауыл шаруашылығы кооперативтері пайда болуына және алдағы уақытта аграрлық сектордың тұтастай дамытылуына қажетті алғышарттар жасауда. Мұны облыстың егін шаруашылығы саласындағы өркенді өзгерістерден де анық байқауға болады. Мысалы, былтыр өңірімізде егіс дақылдарынан 251 миллиард теңгенің өнімі жиналып алынса, биыл бұл соманың көлемін 6 миллиард теңгеге ұлғайту көзделуде. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеевтің айтуынша, бүгінгі таңда өңірде майлы дақылдар, көкөніс, жеміс-жидек, басқа да бақша дақылдарын, сондай-ақ қант қызылшасын егіп өсіруге басымдық беріліп отыр. Т.Рысқұлов ауданының Құлан ауылында 1000 гектар алқапта жеміс бағын орналастыру жобасы жүзеге асырылу үстінде. Қазірдің өзінде мұнда 100 гектар жерге шие ағашының көшеттері отырғызылып үлгерілді. Бүгінде агробақтың 100 гектар аумағына алма көшеттерін отырғызуға байланысты дайындық жұмыстары жүзеге асырылуда екен. Ауыл шаруашылығын қолдау бағытында алдағы уақытта көкөніс, бау-бақша дақылдарын егіп өсіруге 500 миллион теңге бөлініп отыр. Өңірімізде тұқым шаруашылығы болмауы себепті, аталған дақылдар тұқымын Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтынан сатып алу жоспарлануда екен. Жоғарыда аталған бағдарламаның басты бағыттарының бірі ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру екені белгілі. Бұл орайда былтыр облыста көкөніс, бақша дақылдарын өсірумен айналысатын «БББ» (Жамбыл ауданы), «Башатов», «Ақберді» (Байзақ ауданы) ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылған. Аталған агроқұрылымдардың 500-ден астам мүшесі бар. Бүгінде олардың күшімен 5200 тоннаның өнімі өндірілуіне қол жетіп отыр. Жалпы облыста агроөнеркәсіп саласының техникалық базасын жаңарту мен нығайту күн тәртібіне өткір қойылып та отыр. Мысалы, қызылша егіп өсірумен айналысатын ауыл шаруашылығы еңбеккерлері ескірген техникаларды пайдалану үстінде. Балтамыр өнімдері көбінесе қол күшімен жиналып алынады десе де болады. Е.Құлкеевтің пікірінше, өңірде машина-трактор стансасын ашудың мезгілі пісіп-жетілді. – Осыған байланысты облыс әкімі Асқар Мырзахметов қант қызылшасының жиын-теріні жұмыстары үшін қажет ауыл шаруашылығы техникаларының төрт бірдей кешенін сатып алуды тапсырғаны белгілі. Бұл мақсатқа 400 миллион теңге көлемінде қаржы да бөлінген. Қазірдің өзінде егіс-дала жұмыстарына қажет жоғары өндірімді тұқымсепкіштер, сондай-ақ пәлек пен түйін жинауға арналған комбайндар сатып алынып, сапқа қойылып отыр, – дейді ол. Жоғары өнімділікті қамтамасыз ететін шетелдік ауыл шаруашылығы машиналарын пайдалану да сала ісі дамытылуына едәуір септесуде. Әсіресе балтамыр өсіру ісінің қарқын алуы қуантады. Соның нәтижесінде елімізде қант өнімдерін шетелден тасымалдау көлемінің едәуір азайғаны байқалуда. Мысалы, ел тұрғындарын жергілікті жерде өндірілген қант, шекер өнімдерімен қамтамасыз ету 2014 жылы 3 пайызды құраса, бұл көрсеткіш 2018 жылы 10 пайызға ұлғайған. – Бұдан төрт жыл бұрын қанттың 97 пайыз көлемін жақын және алыс шет елдерден тасымалдап жеткізген едік. 2021 жылға қарай өзімізде өндірілетін осы өнім түрімен тұрғындарды 20 пайыз көлемінде қамтамасыз ету мүмкіндігіне қол жеткізіледі деп ойлаймын. Сондай-ақ өсімдік майы мен астық өндіру ісі де жоғары қарқынмен дамытылуда. Бұл орайдағы өзімізді-өзіміз қамту көрсеткішіміз 70 пайызды құрайтынына нық сенімдімін, – дейді Е.Құлкеев бұл тұрғыда.
Баймаханбет АХМЕТ