Мәдениет

Өрілді сахнада өрнекті өлең...

Өрілді сахнада өрнекті өлең...

Меркі ауданының 90 жылдығына орай ұйымдастырылған облыстық ақындар айтысы табысты өтті

Қасиет пен құт қонған жердің бірі – Меркі ауданы. Мерейлі Меркі ауданы жыл өткен сайын құлпырып, халқының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып келеді. Талай текті тұлғалардың кіндік қаны тамып, табанының ізі қалған өңірдің құрылғанына биыл 90 жыл толып отыр. Ауданның мерейтойына орай жоспарланған іс-шаралар легі аудандық Мәдениет үйінде өткен «Меркі – қасиетті өлке» тақырыбындағы облыстық ақындар айтысымен басталды.

Айтысты аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков ашып, 1928 жылдың 3 қыркүйегінде құрылған аудан және оның жұртының тоқсан жыл бедерінде жүріп өткен соқтықпалы-соқпақты жолына, тарихтан сыр тартқан шежіресіне, Сыпатай, Жауғаш, Андас батырлардың ерлігіне, Тұрар Рысқұлов пен Асанбай Асқаров бастаған тұлғалардың болашаққа қалдырған тағылымға толы істеріне тоқталды. Ауданның бүгінгі қол жеткізіп отырған жетістіктерін, ауылдарға түгелге жуық газ, ауызсу барғанын, шет елдермен экономикалық байланыстың артқанын, бұл нәтижелі жұмыстар Елбасының дана саясатымен, облыс әкімінің іскерлігімен жүзеге асып отырғанын айтып өтті. Мейірхан Азатұлы қазақтың айтыс өнерін ерекше қадір тұтатынын, айтыскерлердің сөз сайысын әлеуметтік желілерден де жібермей көретінін сөз етіп, өзі үлгі тұтқан айтыс ақындарының кейбір шумақтарын жатқа айтып, айтыскерлерге сәттілік тіледі. Бұдан кейін айтыс ақындарының додасы басталып кетті. Жыр бәйгесіне облыстың барлық өңірінен көптеген республикалық айтыстарда өздерін жақсы қырынан көрсетіп, қатарынан оза шауып жүрген жиырма ақын қатысты. Олардың өнерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қайырбек Асанов, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы, облыстық «Aq jol» газетінің директор-бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шырын Мамасерікова, облыстық «Арай» жастар газетінің директор-бас редакторы Дәулет Төленді және Жамбыл атындағы облыстық «Руханият» орталығының меңгерушісі, айтыскер ақын Ахметжан Өзбеков (төраға) бастаған қазылар алқасы әділ бағалады. Айтысты тележурналист Нұрбек Қасым жүргізді. Айтыстың алғашқы жұбын құландық Асхат Қылышбеков пен байзақтық Дархан Әбдіманат құрады. Асхат өңір тарихы туралы тереңнен толғап: «Бабалар батыр болған деп, шежіре сырын шертеді. Осында рулы ел болған, өңірдің өсіп өркені. Меркінің жері – ғаламат, Меркінің жері – ертегі, осы жерден табасың, еліктей сұлу еркені», – деп шымыр шумақтардан төгіп-төгіп жіберді де, жаңадан үйленген Дарханның тойын еске салып: «Қорқыттай қашсаңдағы қуып жеткен, өлімге құтты болсын себепкерің», – деп айтарын әзілмен астарлап жеткізді. Кезегі келгенде Дархан да бөгеліп қалған жоқ. «Асеке, бұрын алған белесің көп, айтыссаң ініңменен егесің көп. Бұрынырақ неліктен ескертпедің, жарыңа бәрібір де көнесің деп. Әйелден бала болып туасың да, әйелге күйеу болып өлесің деп», – дей келе, қарсыласына жауабын қалжыңмен берді. «Меркі халқы мерекең құтты болсын, осында келер ме едік той болмаса. Байқаймын пейілдерің жомарт екен, айтпас ем жомарттыққа сай болмаса. Қонақ түгіл қасқырдан ұялатын, қорасында бір-екі қой болмаса», – деп шымыр шумақтарымен жұртты сүйсінтті. Мұнан соң айтысқан шулық Нұрлан Жұмабеков пен ТИГУ-дің студенті Медеу Мырзатайдың сөз сайыстары да көрерменін жалықтыра қойған жоқ. Меркілік жас айтыскер Мұқағали Балтабаевтың тұсауы осы айтыстың үстінде кесілді. Ол таластық Нұржан Манатбекпен жыр додасына түскен болатын. Ересектер айтысына алғаш шыққанына қарамастан, Мұқағали қарсыласына: «Таласыңның жолдары нашар дейді, нашар болған жолдарың құрсын әрі, әкімге жолдың жайын айтпай, Нұржан, бір қызға сөз сала алмай жүрсің әлі», – деп, ағасын бір түйреп алды. Осы кезде Нұржан Манатбек Ақкөл мен Үшарал арасындағы жолдардың жөнделіп жатқанын жыр тілімен жеткізгенде, тапқырлық танытқан болар еді деп ойладық. Қызықты айтыстың бірі меркілік Мейіржан Жекебаев пен жуалылық Дидар Апбасовтың арасында өтті. Мейіржан өз елінің тұлғаларын, қасиетін, азаматтарының тектілігін тамаша жырлап келіп: «Сөзімді, жерлестерім, бір тыңдашы, ақын Дидар – Астананың бұл құрдасы. Бөденедей бойы бар бір-ақ уыс, он тоғызға толса да былтыр жасы. Жуалыдан Бауыржан батыр шыққан, оған тең бе әлемнің мың тұлғасы?! Генералдың елінен шығып тұрған, ақынның осы боп тұр түр-тұлғасы», – деп інісіне кезек берді. Дидар да: «Мәке, сізге аласа көрінгенмен, анасы үшін бұл Дидар балуан шығар. Кешегі батырлардың найза ұстайтын, көмекшісі мендей-ақ болған шығар», – деп әдемі жауап берді. Мейіржанның: «Жуалыдан тау-шаңғы кешені салынады, Мейіржан оны естіп ойға қалды. Енді мен Жуалыға алып барып, қыдыртамын бауырым мен қайын ағамды. Бұл Асқар Мырзахметов идеясы, ол кісі мүмкіндікті пайдаланды. Әйтпесе Жуалыда шаңғы кешені, бұрындары салынса қайда қалды?» – деп, бір маңайды шиырламай, облыс аумағында жүзеге асып жатқан жаңашыл, жарқын істерді де жырлап өтті. Дидар өз сөзінде: «Облыстың басшысы қолға алса, жоспарлаған жұмысы күрделі екен. Шымкенттен Таразға келер кезде, Түлкібастың жолымен жүрген екен. Жуалыға тау-шаңғы кешенін салу жағын, сол кезде көңіліне түйген екен», – деп ағасының ойын әдемі жалғастыра білді. Дидар: «Меркіде конфет зауыт болып еді, балына да ойылған тілім екен, неге бұлай болғанына таңданбаймын, ақын әпкемнің аты да Шырын екен», – деп жақсы ойын іркіп қала алмады. «Жерлестер үлес қосып думаныңа, өлең құйдым айтыстың құмғанына, Сыпатайдың ерлігі аңыз болған, Жауғаш, Андас есімінде тұр мағына, Тұрар ізі қалған қайран Меркі, Түлеткен Асқаровтай тұлғаны да, Алтынбек, Бағдат, Разия, Әспеттердің, көп өнерпаз татымайды тырнағына, төрт түлігің өріске сыймай кетіп, алтын дән тола берсін қырманыңа, Әр ауылда газ бенен ауызсу бар, біздің аудан мықты ғой бұл жағына, Жүрегім жарылардай қуанамын, осындай текті өлкеде туғаныма», – деп жырлаған Меркінің Мейіржаны өз жерінде жасындай жарқырай білгенін де айта кеткен жөн. Жамбыл ауданының үкілі үміті Нұрлыбек Құрманов пен байзақтық Рай Дөңбайдың арасындағы айтыс та тартымдылығымен ерекшеленді. «КСРО бізді біраз басқарыпты, топ жарған тұлпарларың тасқа шықты. Бас көтерген қазақта тектілерге, көрсеткенін білеміз рас қауіпті. Сол кезде арашаға түскен жоқ па, Арғынбайдай атамыз асқақ рухты, Атамыз басқаратын сол кездегі «Aq jol» газеті қайсарлық рас танытты. Асанбай атам жайлы еңбек жазып, адал ісін еліне баспа қыпты. Келіп тұр Көсемәлі нар ерлерің, «Aq jol» үшін қол соғайық көрерменім, мыңмен жалғыз алысқан сол заманда, ұмытпайық «Aq jol»-дың бар еңбегін. Себебі аға газет ерлеріме, жанашыр болатынын дәлелдедің», – деп Нұрлыбек толғана жырласа, ал Рай: «Ақындар сабаламай қу ағашын, Ақиқаттың тұрғызсын мұнарасын. Мың өліп, мың тірілген бұл Меркінің, тарихы сақталып тұр мұрада шын, Ақкөз батыр бастаған көтерілісті, қалайша естен бүгін шығарасың, Ақкөз батыр бабамның бұдан былай, қаракөз ұрпақтары жыламасын», – деп ағасының ойын әдемі жалғастырды. Шулық Бақытбек Жұмабеков пен байзақтық Дидар Басығараевтың, шулық Айым Көшербай мен байзақтық Ернұр Бейсеннің сөз сайыстары да меркіліктердің көңілінен шыққаны талас тудырмайды. Байзақ ауданынан шыққан дүлдүл ақын Алтынкүл Қасымбекова мен осы жолдардың авторы арасындағы айтыс та әдемі әзілдерге, ойлы тіркестерге толы болды. Осы жолдардың авторы қарсыласына «Алыс жатқан дау-жанжал бүліктерден, көңілі көк аспандай тұнық келген, аман ба, меркіліктер, сіздер десе, тұрады алтын сандық жылып кеудем. Ауданның тоқсан жылы құтты болсын, батырдай астыңыздар қырық белден, Мейірхан Азатұлы басқарғалы, ауданның ісі алға жүріп берген, өнеркәсіп саласын дамытқанда, кем емессің қытай, кәріс, түріктерден. Қызылшаны Шайхиев Қанат ексе, тәтті түбір тонналап шығып берген, Алма өсірген Сауранбаев Бақыт аға, табысқа кенелем деп үміттенген. Меркі сыр зауытының жөні бөлек, табысын тай қазанға құйып келген. Меркіліктер, сендерден айналайын, өнер десе, өзге ісін жиып келген. Ауылға айтыскерлер келіпті деп, айтысқа қос құлағын түріп келген. Меркіліктер, ақ таң боп аттыңыздар, дінді қолдап Хаққа да жақтыңыздар. Сыраны шығаратын зауытыңның, жабудың төте жолын таптыңыздар. Жетімдерге көрсетіп қамқорлықты, сауапқа белшесінен баттыңыздар» және «Алтын әпке, тұлғаңыздан айналайын, Меркінің жолдарындай жалтыраған. Жаңағы өзім жырлаған батырлардай, мен енді шегінбеймін жарты қадам. Сонша неге асқақтап кетті деме, алтын көрсе қай адам шалқымаған. Кезегіңді сәтімен жалғап жібер, Байзақ жақтан табылған алтын адам» немесе «Алтеке, сізден туған балалардың, батыр, балуан болғанын қалар едім. Бір балаңыз айтыскер ақын боп жүр, бес балаға ардақты ана едің. Үш ғасыр бұрынырақ туғаныңда, Сыпатайдың анасы болар едің», – деп әзілдесе, Алтынкүл Қасымбекова: «Үш ғасыр бұрынырақ туғаныңда, батыр боп сен де тарихта қалар едің» немесе «Мен жырымды суырып салып, тыңнан түрен салып айтамын» деп әдемі жалғай білді. Таластық Олжас Отар мен жуалылық Қанат Мырзахан арасындағы айтыс та қызық әрі тартысты өтті деп айтуға болады. Олжастың «Ағайын, үлес қосып сауығыңа, Астанадан сәлем бердім қауымыңа. Ол жақтың балмұздағы жетпейді екен, сіздердің бал мен қарбыз, қауыныңа. Балапандай сағынып келгенімде, о, туған жер, бас мені бауырыңа», – дегені сәтті шықты. Әсіресе Олжастың: «Меркіден бір қыз алсам деп келдім» дегеніне Қанат: «Текті жерден тоқалды алу үшін, деңгейің Бәйдібектей болу керек» немесе «Олжеке, шетелге барып сен де демалыпсың, қаржыңызды сырт елге сыйладың ба? Салықта жүріп тапқан көп теңгеңді, «Меркі шипажайына» қимадың ба?» – деп сөзден ұстап, тереңдікке шақыра білді. Жамбыл ауданының ақыны Айтмұханбет Исақов пен қордайлық Күміскүл Сәрсенбаеваның сөз сайысы да астарлы әзіл, салмақты ойға, ақындар арасындағы достық пен сыйластыққа толы болды. Бірінші кезең аяқталған соң қазылар алқасы финалдық айтыстың қажеті жоқ деп шешім шығарды. Сонымен, жыр додасы мәресіне жетті. Қазылар алқасының төрағасы Ахметжан Өзбеков Меркідегі жыр аламанының жоғары деңгейде өткенін, ауданның тарихы, бүгінгі жетістігі, тұмса табиғатының көркемдігі, тұлғаларының еңбегі тегіс жырланып, өлең боп өрілгенін айтып, жыр додасын ұйымдастырған облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына және Меркі ауданының әкімдігіне алғысын білдірді. Кейіннен жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы сөз алып, бұл айтысқа бірнеше азулы, тәжірибелі ақындар келгендіктен, жыр сайысының деңгейі жоғары болғанын, жастардың да талабы таудай екенін, республика көлемінде жерлестеріміздің топ жаруы үшін облыстық айтыстың маңызы зор екеніне тоқталып, аудан басшысына және залға жиналған көпшілік көрерменге ризашылығын білдірді. Сонымен «Меркі – қасиетті өлке» атты айтыстың бас жүлдесі (400 мың теңге) жуалылық Қанат Мырзаханға бұйырды. Жүлделі бірінші орынға (250 мың теңге) құландық Асхат Қылышбек лайық деп танылды. Екі бірдей екінші орын байзақтық Алтынкүл Қасымбекова мен Дархан Әбдіманатқа берілсе, екі үшінші жүлдені Жамбыл ауданының үміті Нұрлыбек Құрманов пен байзақтық Рай Дөңбай иеленді. Меркілік Мейіржан Жекебаевқа, жуалылық Дидар Апбасовқа және осы жолдардың авторына ынталандыру сыйлықтары (25 мың теңге) берілді. «Бәйге берем жығылған балуанға да, адалдығы сезіліп тұрар болса...» деп Төлеген ақын жырлағандай, айтысқа қатысушылардың барлығына да қаржылай сыйлық үлестірілді. Осылайша Меркі ауданында тағы бір жақсы жыр додасы мәресіне жетті. Келесі облыстық айтыс қыркүйек айының соңында Сарысу ауданында жалғасын табады деп жоспарлануда.

 

Есет ДОСАЛЫ

Меркі ауданы.