Қазақстан Көкпаршылары Өзбекстан құрамасынан жеңілді
Қазақстан Көкпаршылары Өзбекстан құрамасынан жеңілді
Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласында өтіп жатқан дүниежүзілік көшпенділер ойыны додасы қыза түсті. Басқа-басқа, қазақтың төл спортына телінген көкпаршылар додасында ұлттық құраманың намысын қорғаған оғландарымыз жеңістің ең биік тұғырынан көрінетіндігіне бек сенімді болған едік. Алайда құйрық-жалы таралған тұлпарларды тізгіндеген сайыпқырандарымыз жартылай финалдан әріге аса алмай, дағдарып қалды. Финалдың жолдамасы сарапқа салынған кездесуде отандастарымыз Өзбекстан елінің намысын қорғаған оғландарға 4:5 есебімен жол беріп, көңіл-күйімізді түсіріп жіберді. Құрамында еліміздің беткеұстар көкпаршылары топтасқан Қазақстан құрамасының жеңілісін мамандар нағыз сенсация ретінде қабылдап жатыр. Өйткені осы додада біздің команда Қырғыз Республикасының сайыпқырандарымен кездесіп, алтын жүлдеге таласады деп сенгендердің қарасы көп болған. Қырғыз Республикасының жігіттері өз кезектерінде Ресей Федерациясының «Москва» командасымен кездесіп, 23:5 есебімен ойсырата ұтты. Сол «Москва» командасымен қола жүлдені сарапқа салатын қазақ оғландары енді қалайда үшінші орын алуға күш салатыны айтпаса да түсінікті. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпар бәсекесінің жалпы жүлде қоры 33 миллион теңгеден астам қаражатты құраған болатын. Шолпан-Ата қаласында өткізіліп жатқан жарыста Қырғыз Республикасының командасы жалпыкомандалық есепте көш тізгінін қолға алғаны белгілі. Енді оларды ешкім қуып жете қоймасы анық. Екінші орында Ресей Федерациясы, үшінші орында Қазақстан құрамасы келеді. Бүгін байрақты бәсекенің соңғы күні. Бұған дейін үздік үштіктің қатарынан көрініп келген Қазақстан спортшылары соңғы жарыс күнінде бар күштерін сарқа жұмсап, бірнеше алтын медаль иеленіп жатса, жалпыкомандалық есепте екінші орынға табан тіреуі де ықтимал. Әйткенмен Ресей Федерациясының спортшыларының жеңісті қолдан сусыта қоюы екіталай. Дегенмен біз ел спортшыларына тек табыс тілейміз!
Табиғат АБАИЛДАЕВ.