Заңды бұзбаған жаза баспайды
Заңды бұзбаған жаза баспайды
Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу үшін жемқорлық жайламаған кәсіби мемлекеттік аппарат құру маңызды. «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарындағы басым бағыттардың бірі де осы. Елбасы ұсынған бес институционалдық реформаны жүзеге асыру мақсатында белгіленген нақты қадамдарда да, «Қазақстан – 2050» Стратегиясында да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимыл саясатына баса мән берілуі де сондықтан. Бұл бағытта ауданда елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Аудан әкімінің ресми сайтының сілтемесі арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша арнайы айдарлар ашылып, атқарылған жұмыстар туралы ақпараттарды тұрақты жариялап тұру қалыпты үрдіске айналып келеді. Сондай-ақ сыбайластық әрекеттердің алдын алу мақсатында үстіміздегі жылғы жұмыс жоспарына сәйкес аудандық жер қатынастары бөлімі, аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мекемесі, Луговой ауылдық округі әкімі және басқа құрылымдардың есептері тыңдалып, тиісті шешімдер қабылданды. Заң пәрменін арттыру, құқықтық тәртіпті нығайту мақсатында құқық қорғау органдарының қатысуымен барлық мекеме басшыларына арналған оқу курстары ұйымдастырылып, екі рет дәріс оқылды. Аудандық прокуратура қызметкерлері «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және онымен күресудің жолдары» атты 3 кездесу өткізді. Бүгінгі күнге дейін «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің бастамасымен «Сыбайлас жемқорлық – ғасыр дерті», «Жемқорлық жетер түбімізге» тақырыптарында 2 рет кездесу, 3 дөңгелек үстел отырысы өткенін де айта кету керек. Оған аудан жастары, құқық қорғау органдары, «Парыз», «Құлан нұры» үкіметтік емес ұйымдары және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Аудан әкімдігіне қарасты мемлекеттік органдардың ғимараттарында «Назар аудар, есіңде сақта!», «Егер сізден пара талап етсе...», «Пара алу – қылмыс» және «Пара беру – қылмыс» тақырыптарында азаматтарға арналған жадынама және жемқорлық деректеріне тап болған жағдайда хабарласу үшін сенім телефондары жазылған билбордтар ілінген. Атап айтсақ, аудан орталығындағы Жібек жолы көшесінің бойында – 3, Луговой ауылы орталығында – 1, Абай ауылының Қ. Сәтбаев көшесінің бойында – 1, Ақбұлақ ауылында 1 билборд бар. Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі тарапынан үкіметтік емес ұйымдар арасында өткізілетін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» бағытындағы шараларды ұйымдастыру үшін 500 мың теңге қарастырылып, жұмыстар жүргізілуде. Аудан әкімі аппаратында 2-18-00, 2-14-91 нөмірлі сенім телефондары жұмыс істейді. Аудандық мекемелер мен ауылдық округтер әкімі аппараттарында бірінші басшылардың қабылдау кестесі көрнекі жерлерге орналастырылған. Бір сөзбен айтқанда, біз азаматтардың арыз-шағымдарын, заңды тұлғалардың өтініштерін қарап, нәтижелерін есепке алу мен бақылаудың бірыңғай қатаң жүйесін қалыптастырдық. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің табысы және мүлкі туралы декларацияны уақтылы тапсыру ұдайы бақылауда. Аудан әкімі аппаратының персоналды басқару жөніндегі құрылымдық бөлімшесі сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылыққа жол берген тұлғаларға тұрақты мониторинг жүргізеді. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау әрі анықталған заң бұзушылықтардың толық жойылуын және кінәлі тұлғаларды міндетті түрде тиісті жазаға тарту үшін алдағы уақытта да кешенді іс-шаралар тұрақты жүргізіледі.
Руслан ОРАЗХАН, аудан әкімі аппаратының басшысы.
Т.Рысқұлов ауданы.