Саясат

Жауапкершілік жүгі ауыр

Жауапкершілік жүгі ауыр

Полицейлерге 68 жаңа көлік берілді

Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметов облыстық ішкі істер департаментінің жұмысын барлап, ондағы қондырғылар мен құрал-жабдықтардың жағдайымен танысты. Алдымен Асқар Исабекұлына департамент ғимаратының блокадалау қызметін атқаратын және үш бастырма бекітілген екі тіреуден тұратын таранға қарсы ашылатын қақпа-қондырғының ерекшелігі баяндалды. Сондай-ақ өңір басшысы жауынгерлік оқ ату дағдыларын қалыптастыруға арналған ІІД тирімен танысты. Интерактивті тир осы саладағы ең заманауи әзірлемелерді қамтып, электронды-сервистік экранмен жабдықталған. Сонымен қатар қызметкерлерді оқыту үшін бейнефильмдер және ату жаттығуларының жинағы ұсынылды. Жедел басқару орталығының жұмысы мен «Іздеу WEB «Интерфейс» біріктірілген деректер базасы туралы жан-жақты мәліметке қаныққан Асқар Мырзахметов департаменттің музейін аралап, облыс полициясының қалыптасу тарихы мен кәсіби қызметінен сыр шертетін 1000-нан астам түрлі экспонаттарды тамашалады. Одан кейін облыс басшысының қатысуымен мәжіліс залында ішкі істер департаментінің жеке құрамымен кеңес өтті. Кеңес барысында облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев өздерінің атқарылған жұмыстарын жан-жақты баяндап, жыл соңына дейінгі жоспарларымен бөлісті.

Өз кезегінде Асқар Исабекұлы жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар беріп, ең бастысы бөлінген қаржыны тиімді әрі жүйелі жұмсауды тапсырды. Сондай-ақ түн мезгілінде көшелерде орын алып жатқан бұзақылық пен қылмыстардың тыйылмай тұрғандығын ескертіп, құр статистикадан нақты жұмысқа көшетін уақыт келгендігін қадап айтты. Осы күні облыс әкімі Асқар Мырзахметов облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлеріне су жаңа көліктердің кілтін табыстады. Орталық «Достық» алаңында өткен салтанатты шара барысында барлығы 68 бірлік патрульдік көліктер берілді. – Жұмысты ойдағыдай атқару үшін материалдық-техникалық базаның да маңыздылығы ерекше. Бюджеттің мүмкіншілігіне орай жылдан-жылға департаменттің қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін тиісті қаржы бөлініп жатыр. Биыл мысалы саланы жандандыруға 7 миллиардқа жуық қаржы қарастырылды. Бұл осыдан екі жыл бұрынғымен салыстырғанда 1,8 миллионға артық. Алдағы уақытта да жыл сайын керек-жараққа қатысты қаражат қарастырылып отыратын болады. Бүгінгі іс-шарамыз да соның айғағы. Сіздердің жұмыстарыңыздың тиімділігі мен сапасын арттыру мақсатында жаңа көліктерді табыстағалы отырмыз. Осының бәрін дұрыс пайдаланып, алға қойған мақсатқа жету жолында аянбай тер төгесіздер деп ойлаймыз, – дей келе, Асқар Исабекұлы сала қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі. Келесі кезекте сөз алған облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев өңір басшысына деген алғысын жеткізіп, өз қызметкерлерімен бірге құқық қорғау бағытында барынша жемісті еңбек ететіндеріне сендірді. Бұдан соң жаңа қызметтік көліктердің кілті салтанатты түрде табысталды. Айта кету керек, 68 патрульдік техника алуға облыстық бюджеттен барлығы 447 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған. Көліктер Қостанайдағы өндіріс ошағының өнімдері.

Жанғазы АХМЕТ

Суреттерді түсірген Алтынбек Қартабай.