Саясат

Қоғамдық кеңестің ресми сайты бар

Қоғамдық кеңестің ресми сайты бар

ал бұдан тиісті министрліктің өзі хабарсыз

Мемлекет басшысы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 99-қадамында мемлекеттік органдар мен әкімдер жанынан құрылатын қоғамдық кеңестерге стратегиялық жоспарлар мен аумақтық даму бағдарламаларын, бюджеттерді, есептерді, мақсатты индикаторларға қол жеткізуді, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін қозғайтын нормативтік-құқықтық актілер және бағдарламалық құжаттар жобаларын талқылау құзіреті беріліп, оның өкілеттілігі мен мәртебесі заңмен бекітілетіні көрсетілген болатын. Бұл – мемлекеттік шешімдерді қабылдауда ашықтықты сақтау мақсатында жасалған маңызды шешім еді. Елбасының тапсырмасына байланысты 2015 жылдың 2 қарашасында «Қоғамдық кеңес туралы» Заң шығып, ол желтоқсан айында күшіне енген болатын. Ал 2016 жылдың қаңтар айынан бастап еліміздің әр аймағында қоғамдық кеңестер іске кіріскені белгілі. Небәрі екі-ақ жылдық тарихы бар қоғамдық ұйым қазір қалыптасу әрі даму үдерісінде. Бұған өңіраралық өзара тәжірибе алмасу әрі жұмыс жүйесін жетілдірудің тигізген септігі көп. Соның арқасында республика бойынша қоғамдық кеңестердің өкілеттілігін қоғамдық бақылау құралдарын пайдалану арқылы арттыру жолға қойылып келеді. Алматы облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Бекнұр Қисықовтың облыстық қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесуінде осы мәселелер сөз болды. Облыстық әкімдіктің мәжіліс залында өткен жиында Бекнұр Сейітжанұлы Жетісу аймағында жергілікті кеңестің атқарған жұмыстарын баяндап берді. «Елбасы Н.Назарбаевтың «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» бесінші реформасын жүзеге асыратын Ұлт жоспарының 99-қадамына сәйкес қазіргі уақытта қоғамдық кеңестер жаңа бағытта жұмыс істеп жатыр», – дей келе, мұндай форматтағы кездесу бұрын-соңды болмағанын атап өтіп, оның маңыздылығына тоқталды. Қазіргі уақытта Қоғамдық даму министрлігінің әлеуметтік тапсырысы бойынша бірқатар жобалар жүзеге асуда. Оған біздің аймақтың да қосып отырған үлесі жоғары. Екі өңірдегі қоғамдық кеңестің өкілдері өзара пікір алмасқан басқосуда қоғамдағы біраз түйткілдер талқыланып, кемшіліктер де айтылды. Бюджет пен кеңес мүшелігінің ережелері мен талаптары талқыланды. Кеңеске заңгердің көмегі қажет екені де сөз болды. Сонымен қатар тексеру кезінде туындайтын көкейкесті мәселелер де назардан тыс қалмады. Басқа жайттарды былай қойғанда, көп жағдайда оңтүстік аймақтағы облыстардың ұсыныс-пікірлері ескерілмей қала беретінін айтсақ та жеткілікті. Осылайша еңбек ескерілмей, өзекті жайттар шешімін таппай жататыны жасырын емес. Мысалы, республика бойынша облыстық кеңестің ресми сайты біздің өңірде ғана ашылған. Алайда тиісті министрлік бұдан тіпті бейхабар көрінеді. «Біздікі тек барлық өңірге бірдей көзқарас қалыптасса деген тілек», дейді кеңес мүшелері. Кездесу соңында облыстық қоғамдық кеңестің хатшысы Сембек Сейдәзімов алдағы уақытта ұйым жұмысын жандандыруға байланысты ой-пікірлерімен қатар, 10 пункттен тұратын ұсыныстардың Қоғамдық даму министрлігіне жолданатынын жеткізді. Ал Алматыдан арнайы келген қонақ өз кезегінде бұдан былай тығыз қарым-қатынаста, бірлесе жұмыс істегеннен ұтарымыз көп болатынын баса айтты.

Альмира ОМАРОВА

Тараз қаласы.