Экономика

Элиталы тұқым – мол өнім кепілі

Элиталы тұқым – мол өнім кепілі

«Сыпатай батыр» ЖШС бірқатар алқаптарда ақ егістің әр гектарынан 70 центнерден өнім жинады

«Ас атасы – нан», «Бар байлықтың басы – нан». Астыққа деген сұраныс ежелден бері еш бәсеңдеген емес. Ол әлеуметтік маңызы бар азық-түлік арасында да айрықша басымдыққа ие. Еліміздің, оның ішінде облысымыздың ақ егіс өсіруде мол тәжірибесі бар. Әйтсе де біз осы уақытқа дейін қол жеткен түсімді ғана қанағат тұтып келдік. Қазір заман басқа. Нарық заңы – қатал. Ол аз шығынмен көп табыс табуды талап етеді. Астық өсіруде жаңа технологияларды кеңінен енгізген Франция әр гектардың өнімділігін 90 центнерге жеткізуде. Бұқаралық ақпарат құралдарында Ресейде бір фермер масақты дақылдардың бір гектарынан 120 центнер дән алғаны туралы жазылды.  width=Біздің жеріміздің құнары олардан кем емес. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру міндетін қойды. Облысымызда егіншілік саласына инновацияны кеңінен енгізіп, агротехникалық шараларды қатаң сақтаған жағдайда мол өнім алуға болатынын іс жүзінде дәлелдеп жүрген агроқұрылымдар да жоқ емес. Солардың бірі – Меркі ауданындағы «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Биыл шаруашылықтағы бірқатар алқаптарда әр гектардан 70 центнерден астық жиналды. Бұған қалай қол жеткізілді? «Сыпатай батыр» ЖШС директоры Қанат Шайхиев дәнді дақыл өсірудегі қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан игілікті істер туралы ағынан жарыла әңгімеледі.

– Мен басқаратын агроқұрылым егін және мал өсірумен шұғылданады, – деп бастады әңгімесін Қанат Кеналыұлы. – 2016 жылға дейін еккен дәнді дақылдардың әр гектарынан 20 центнерге дейін өнім алып келдік. Тапқан табысымыздың жартысы оны өсіруге жұмсалатын шығынды жабуға кететін. Егіншіліктен түсетін табыс та аз болатын. Осыдан үш жыл бұрын аудандық әкімдікте тұқым шаруашылығын құру туралы мәселе қозғалды. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі бізге тұқым жаңартуға ұсыныс жасады. Біз шұғыл іске кірістік. Алматыдағы Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтымен келісімшарт жасасып, тұқым шаруашылығын құрдық. Элиталы тұқым және тұқым шаруашылығы мәртебелерін алдық. Бұрын сеуіп жүрген күздік бидайдың «Наз», «Богарная-56» және арпаның «Бәйшешек» сұрыптарын қолданыстан алып тастап, олардың орнына Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтынан өнгіштігі жоғары «Алмалы», «Стекловидная-24» және «Мереке-70» элиталы сұрыптарын сатып әкелдік. Элиталы тұқымның бір тоннасының бағасы – 135 мың теңге. Егістіктерге институттан әкелінген арпаның «Сусын», «Арна», «Сымбат» және «Айдын» сұрыптары егілді. Оларды үш жыл бойы егіп, сынақтан өткіздік. Соның нәтижесінде тәлімі жерде өсетін, қатаң құрғақшылыққа төзімді күздік бидайдың «Стекловидная-24» сұрпын, сондай-ақ жаздық арпаның «Сымбат» және «Арна» сұрыптарын қалдырдық. Қазір осы сұрыптар жақсы өнім беруде. Бұрын бізде өсірілетін күздік бидайдың клейковинасы 24-25 пайыздан аспаса, биыл ол 27 пайызға жетті. Бұл – біздің өніміміз еліміздің солтүстік облыстарында өндірілетін бидайдың клейковинасымен теңесті деген сөз. Өткен жылы дәнді дақылдардың өнімділігі әр гектарға шаққанда 30 центнерден айналды. 2017 жылдың өнімінен алынған элиталы тұқымды, яғни 1200 тонна күздік бидай мен 500 тонна жаздық арпаны аудан және облыстағы шаруа қожалықтарына өткердік. – Міне, үстіміздегі жылғы астық жинау науқаны да аяқталды. Нәтиже қандай? – Біз үстіміздегі жылдың өнімі үшін былтыр күзде 1500 гектар алқапқа суперэлиталы «Стекловидная-24», көктемде 480 гектар жерге жаздық арпаның «Арна» мен «Сымбат» сұрыптарын орналастырған болатынбыз. Күздік бидайдың әр гектарынан – 36, жаздық бидайдың әр гектарынан 34 центнерден дән жиналды. Біз масақты дақылдардан жоғары өнім алу мақсатында Франциядан да бидай тұқымын әкеліп ектік. Ол жақта егілген франциялық «Евклид» сұрыпты элиталы тұқымының әр гектарынан 90 центнерден өнім алатын агроқұрылымдар бар екен. Біздің жерімізде де осындай өнім алуға болар еді. Алайда бізде екі гектар егістікке «Евклид» сұрыпты тұқымы кеш себілгендіктен, әр гектардан 70 центнерден өнім берді. Одан алынған өнім биыл күзде ондаған гектар жерге сіңіріледі. Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтынан әкелінген суперэлиталы «Тритикале» сұрпы екі гектарға орналастырылған болатын. Оның әр гектарынан 60 центнерден астық алынды. Институт кейінгі кезде күздік бидай мен арпаның жоғары өнімді көптеген жаңа сұрыптарын шығарып жатыр. Өздерінің зертханасында өсірген оларды біздің шаруашылықтың алқабында егіп, сынақтан өткізуде. Өндірген өнімдерін бізге өткізіп кетеді. Биыл олар дәнді дақылдың «Жасөркен», «Жалғас» және «Алатау» деген сұрыптарын екті. Тұқымды өздері септі, жинады және өлшеді. Үш жылдан кейін бұл сұрыптарға егуге жарамды, мол өнім береді деген аттестат беріледі. Жекелеген алқаптарда тәжірибе ретінде өсірілген «Жалғас» сұрпының әр гектарынан – 74, «Жасөркеннен» – 66 және «Алатаудан» – 50 центнерден түсім жиналды. Келешекте біз бұл сұрыптарды егіп, көбейтеміз, алынған астықты облыстағы шаруа қожалықтарына өткереміз. – Халқымыз «Жақсыны көрмек үшін» дейді. «Озат тәжірибе – ортақ қазына» деген бар. Сіздердің ақ егіс өсірудегі тәжірибелеріңізді үйренгісі келетіндер аз емес шығар... – Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков өзі бас болып біздің шаруашылықтың тәжірибесін таныстыру мақсатында биыл диқандармен көктемде және жазда егіс алқаптарының басында екі рет семинар-кеңес өткізді. Мамандарымыз мол өнім алудың қыр-сыры туралы егжей-тегжейлі әңгімеледі. Ол – нәтижесіз емес. Кейінгі кезде бізге агроқұрылымдардан элиталы тұқым алуға деген тапсырыс өте көп түсіп жатыр. Жақында «Жылыбұлақ» ЖШС 150 тонна астық алды. «Агростан» ЖШС 600 тоннаға тапсырыс берді. Мойынқұм, Шу және Байзақ аудандарынан да шаруа қожалықтарының өкілдері келіп жатыр. Егістікке элиталы тұқым сіңірмей, мол өнім ала алмайтынын диқандар жете түсіне бастаған сыңайлы. – Мол өнім жинауда сапалы тұқым сіңірудің маңызы зор. Әйтсе де табысты болу бұл шарамен шектелмейтін шығар... – Әлбетте, әрбір егінші көздеген мақсатына жету үшін агротехникалық шараларды қатаң сақтауы тиіс. Біз күздік бидай тұқымын тек қана парға орналастырамыз. Жаздық арпа да тек қана сүдігер көтерілген алқаптарға себіледі. Күзде бидай еккен кезде оның әр гектарына 120 килограмнан аммиак селитрасын енгіземіз. Сүдігер жыртылған кезде әр гектарға 100 килограмнан аммофос шашылады. Арпа – өте кінәмшіл дақыл. Оны көктемде жер дегдіген кезде 10 күн мерзімде сеуіп үлгермесеңіз, мол өнімнен үміт күтпей-ақ қойыңыз. Ежелден өсімдіктің жауы – арамшөп. Ол қаулаған жерде егістік те бүлінеді және егілген өсімдіктен күтілгендегідей түсім алынбайды. Сондықтан да біз жыл сайын «Әлем агро» ЖШС-мен келісімшарт жасап, гербицид аламыз. Әр гектар алқапқа 500 грамнан гербицид енгізіледі. Соның нәтижесінде егіннің басты жауы укекіреден құтылуға мүмкіндік туды. – Техникасы сайдың – тірлігі өнімді. Сіздерде бұл мәселенің оң шешілгені қуантады... – Агроқұрылым қажетті техникамен толық қамтамасыз етілген. Жыл сайын тапқан табысымыздың қомақты бөлігін жаңа техника алуға жұмсаймыз. Мұның өзі бізге қол жұмыстарын барынша азайтуға, ауыл шаруашылығындағы науқандық жұмыстарды белгіленген мерзімде атқаруға игі ықпалын тигізуде. Бізде үш «Нива» және голландиялық бір астық жинайтын комбайн бар. Олар қанша жаңа болса да әр гектарына 60-70 центнерден дән бастыратын бітік егінді сапалы жинауға қауқарсыз болып шықты. Осындай алқаптардың өнімін жинауға келген кезде олардың ору, бастыру тетіктерін қайта реттеп, үйлестіруге тура келеді. Мұның өзі уақытты ұстайды, кейде дән ысырабына жол беріледі. Сондықтан да келешекте егін талғамайтын әрі ысырапсыз жинайтын шетелдік «Класс» маркалы комбайндарын сатып алу қажеттігі туындап отыр. – Сіз басқаратын шаруашылық егіншілікте аз шығын жұмсап, мол өнім алудың үлгісін іс жүзінде дәлелдеп келеді. Рентабельді агроқұрылымның биылғы табысы да қомақты болатын шығар... – «Арық айтып, семіз шық» демекші, әзірге ол туралы нақты айта алмаймын. Бірақ жылды елеулі табыспен аяқтайтынымыз анық. Агроқұрылымда қажетті техника жеткілікті. Соған қарамастан, егінді өсіру үшін жұмсалатын шығынды жабуымыз үшін әр гектардан кем дегенде 8 центнерден түсім жинауымыз керек екен. Әлбетте, одан жоғары өнім табыс әкеледі. Қазір көптеген ұсақ шаруашылықтардың егіп, жинайтын техникасы жоқ. Оларды жалға алу үшін қыруар қаражат кетеді. Бізде егіншілік саласында істің көңілдегідей ілгерілемей жатқан себебі де осы. Әйтсе де мемлекеттік бағдарламалар арқылы шаруаларға оны сатып алу үшін үлкен жеңілдіктер жасалуда. Басқа да қолдаулар аз емес. Оларды дұрыс пайдалана білу көп мәселені оңтайлы шешуге көмектеседі. – Әңгімеңізге рахмет!

 

Ақылжан Мамыт

Меркі ауданы.