"Ақтөбе" "Динамоны" ойсырата жеңді
"Ақтөбе" "Динамоны" ойсырата жеңді
Еуропа Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде өнер көрсетіп жатқан "Ақтөбе" футбол клубы кеше өз алаңында Тбилисидің "Динамосын" қабылдап, 3:0 есебімен ойсырата жеңді.
Тбилисиде өткен алғашқы ойында жерлестеріміз 0:1 есебімен жеңіп келген болатын. Дегенмен, бұл есеп "ақтөбеліктердің" өз алаңында еркінсіп ойнауына себеп болған жоқ. Өйткені, грузин командасы Қазақстанға тек жеңіс үшін келген еді. Ойын бастала салысымен "динамолықтар" Сидельников күзеткен қақпаға лап қойды. Алғашқы минуттарда-ақ Рафаэль Хорда қақпаны дәл көздегенімен, Андрей Сидельников өз орнынан табыла білді. 19 минутта да грузиндердің есеп ашатын керемет мүмкіндігі болған. Дегенмен, "Ақтөбе" қақпашысы Меребашвилидің жойқын соққысын қайтара білді. Мұнан кейін аса қауіпті сәттер орын алмағанымен, қос команда да алма-кезек шабуылдармен алмасты. Бірақ, алғашқы таймда соңына дейін есеп ашылған жоқ. Екінші тайм да нәтижесіз шабуылдармен басталған. Тек ойынның аяқталуына он минуттан сәл астам уақыт қалған сәтте "Ақтөбенің" украиндық легионері Антонов Георгий Лория күзеткен қақпаның кілтін тапты, есеп 1:0. Бұл голдан кейін Антоновтың орнына алаңға Игорь Зенькович шыққан. Ойынға кіре сала ол да бір голмен көзге түсті. Матчтың 82 минутында Звеньков тепкен допты Лория қайтара алмай, есеп 2:0-ге жеткен. Ал, ойын аяқталар тұста Абат Айымбетов қарсыластар қақпасына үшінші голды соғып, матчтағы соңғы нүктені қойды. Келесі ойынын жерлестеріміз «Стяуа» (Румыния) - «Стромсгодсет» (Норвегия) кездесуінің жеңімпазымен өткізеді.
Ақпарат көзі: www.baq.kz