Білім

Елімізде 84 мың талапкер кешенді тестілеуге қатысты

Елімізде 84 мың талапкер кешенді тестілеуге қатысты

Биылғы кешенді тестілеуге 84 490 талапкер қатысты. Тестілеу республика аумағында орналасқан 42 орында өткізілді. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-нің брифингінде ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев мәлімдеді. «Тестілеуге қатысуға 87 060 өтініш берілген. Оның ішінде мектеп түлектері – 16 407, жалпы орта білімнен кейін (11 класс) түскен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері – 22 236, негізгі білімнен кейін (9 класс) түскен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері – 48 417 өтініш білдірген», - деді Т.Балықбаев. Айта өтейік, кешенді тестілеуге өткен жылдардағы жалпы орта білім беру ұйымдарының түлектері мен техникалық және кәсіптік (бастапқы және орта кәсіптік, орта білімнен кейінгі) білім беру ұйымдарының түлектері; және ҰБТ-ға қатыспаған шетел оқушыларымен халықаралық алмасу желісі бойынша білім алған жалпы білім беретін мектептердің түлектері қатысты. Сондай-ақ қазақ және орыс тілдерінде оқытпайтын жалпы білім беретін мектептердің түлектері мен республикалық музыкалық мектеп-интернаттардың түлектері, шетелде оқу орнын аяқтаған түлектер де тестілеудің осы түрі бойынша сынақтан өтті.

Ақпарат көзі: www.baq.kz