Бағдат Әміреев Түркі тілдес елдері ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы болып тағайындалды.
Бағдат Әміреев Түркі тілдес елдері ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы болып тағайындалды.
Бағдат Әміреев 1959 жылы 1 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында дүниеге келді. Душанбе мемлекеттік университетінің шығыстану факультетін тәмамдаған. 1981-1996 жылдары Йемен, Ливан мемлекеттерінде тілмаш, Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) оқытушысы, Сыртқы істер министрлігінің басқарма бастығы, Ирак мемлекетінде тілмаш қызметтерін атқарған. Сондай-ақ ол «Араб монархиялары», «Қазақстан және Сауд Арабиясы», «Шығыс және Батыс: жаһандану үрдісі» кітаптарының авторы. 1996-2002 жылдары Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы, Кувейт, Оман, Катар, Бахрейн мемлекеттеріндегі, Египет Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Сирия Араб Республикасындағы, Марокко Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы болған. 2011 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды. Бағдат Құлтайұлы – елшілік саласында елеулі еңбек етіп, еліміздің сыртқы саясатындағы дипломатиялық қарым-қатынастарды нығайтуға өз үлесін қосып, аянбай тер төге білген тұлға. Көп жылғы жемісті жұмысының нәтижесінде «Құрмет» орденімен марапатталған. Сондай-ақ Түркі әлемінің дамуына және ынтымақтастығына қосқан өлшеусіз үлесі үшін Түркі Академиясының арнайы медалін иеленген. Алдағы уақытта да Түркі тілдес елдері ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысы қызметін де абыройлы атқаратынына сенім мол. Бағдат Әміреев – бұл қызметке сайланған тұңғыш қазақ. Еске сала кетейік, бүгінгі күнге дейін Түркі тілдес елдері ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы қызметін Халил Ақынжы атқарған болатын.