80 отбасы қоныс тойын тойлады
80 отбасы қоныс тойын тойлады
ҚР Конституциясы күні мерекесіне тарту ретінде облыс орталығында халық игілігіне 80 пәтерлік бес қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Арай» алқабынан бой көтерген көп қабатты тұрғын үй пәтерлерінің кілті толық емес отбасыларға, жетім балаларға, соғыс ардагерлеріне және ұзақ жылдан бері кезекте тұрған бюджеттік мекеме қызметкерлеріне табыс етілді. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев бастаған бірқатар басқармалар мен қала басшылары қатысты. Еркебұлан Әбілханұлы тұрғындарды қос қуанышпен – айтулы мерекемен және жаңа қоныстарымен құттықтап, бірқатар пәтердің кілттерін иелеріне салтанатты түрде табыс етті. «Біздің басты міндетіміз – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, сапалы қызмет көрсету. Бүгінде облыс, аудан орталықтарында, елді мекендерде тұрғын үйлер көптеп салынуда. «Арай» алқабында көп қабатты тұрғын үйдің пайдалануға берілуі соның бір айғағындай. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық елді мекендерде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында және жергілікті, облыстық бюджет есебінен одан әрі де жалғасын таба бермек», – деді ол. Аталған тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен 614 миллион теңге жұмсалған. Үй бір жарым жылда тұрғызылды. Жалпы аумағы 5 мың шаршы метрді құрайды. Ол 15 бір бөлмелі, 30 екі бөлмелі және 35 үш бөлмелі пәтерден тұрады. Бұдан бөлек, осы жылдың аяғына таман «Бәйтерек» шағын ауданында жалдық негізде пайдалануға арналған тағы да 100 және 60 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы аяқталмақ. Айта кету керек, жалпы жыл басынан бері облыс орталығында көлемі 120 мың шаршы метрден астам үй пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін тағы 13 көп қабатты үйдің құрылысын аяқтау көзделуде. – Иә, жыл соңына дейін 15-шағын ауданда 800 пәтерлік 10 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. 255 коттедждік жеке тұрғын үй салынып жатыр. Жалпы тұрғын үй құрылысына 2018 жылы 7,2 миллиард теңге қарастырылған. Биыл барлығы 1600-дей отбасы қоныс тойын тойлайтын болады. Бірінші жарты жылдықта 6 үй пайдалануға берілді. Бұл іс Тараз, Қаратау және Жаңатас қалаларында жүзеге асырылды. Биылғы көрсеткіш жақсы. Былтыр 397 мың шаршы метр үй салынса, биыл бұл көлем 430 мың шаршы метрге жетіп отыр, – деді облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әділет Ахатаев. Ал дайын болған тұрғын үйлерді бөлу мемлекеттік «7-20-25» бағдарламасы арқылы жүзеге аспақ. ҚР Ұлттық банкінің облыстық филиалы берген мәліметке сәйкес, бүгінгі күнге дейін аймақта «7-20-25» бағдарламасымен жалпы құны 92 миллион теңге болатын 10 өтініш қабылданған. Оның 8-і мақұлданыпты. Қазір баспана кезегінде тұрған азаматтардың жалпы саны 23 мыңға жуық болса, оның 16 мыңнан астамы – қалалықтар. Келешекте 15-шағын аудан қаланың жаңа орталығына айналмақ. Онда Оқушылар сарайы, Неке қию сарайы, Халыққа қызмет көрсету орталығы, Салтанат сарайы, екінші үлкен сауда, ойын-сауық орталығы бой көтермек. Бұл нысандардың құрылысын 2019 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Есен ӨТЕУЛИЕВ