Туризмді дамыту – тарихымызды таныту
Туризмді дамыту – тарихымызды таныту
[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="84665,84669"] Екі дәуірден астам тарихы бар Тараз шаһары – туризмді дамытуға өте қолайлы аймақ. Оған тек шежірелі жылнамалардан сыр шертетін мәдени мол мұрасы ғана емес, таңғажайып табиғаты, географиялық климаты да негіз бола алады. Айтуын айтамыз-ау, бірақ өңірімізде осы саланың дамуы кенжелеп қалған. Істі ілгерілетіп, тиісінше толайым табысқа кенелуімізге не кедергі? Шыны керек, бұған дейін көтерілген талай бастамалар сөз күйінде қалып келеді. Бұған құрылған жоспарлардың жүйесіздігі себеп болған десек, қателеспейміз. Өйткені облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен арнайы басқарма құрылып, нақты шаралар қолға алынған соң ғана тұралаған туризмнің тамырына қан жүре бастағандай. Жеке даму жоспарын қажет ететін саланың өз алдына жеке мекеме болғаны да осы бағыттағы оңды қадамдардың алғышарты екені сөзсіз. Ендігі мақсат – тарихи Таразды туризм орталығына айналдыру. Облыс әкімдігінде өткен жиналыста өңір басшысы Асқар Исабекұлы осыны қадап айтты. Тиісті басқарма мен туристік фирмалардың өкілдері және сала басшылары қатысқан жиында облыстың ішкі және кірмелік туризмін дамытудың жол картасы жан-жақты талқыланды. Облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова өңір басшысының тапсырмасына сәйкес дайындалған аталмыш құжатпен таныстырып, ондағы жоспарлы жобаларға тоқталды. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, жол картасы арқылы алдағы уақытта өңіріміздегі туризмді дамытудағы алға қойған шарттарды орындау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылмақ. Атап айтсақ, туризм инфрақұрылымын қалыптастыру мен туристік әлеуетті жылжыту, имидждік саясатты қалыптастыру бағыттары аясында көптеген игі шараларды жүзеге асыру көзделуде. Әйтсе де құжатта белгіленген кейбір бағыттарды әлі де қарастырып, нақтылап әрі толықтыру керек. – Туризмді дамыту – табыс көзі. Туристік нысандарды қалпына келтіру бойынша жұмыстарды жандандырып, облыс аумағында туристік және жол бойындағы сервистік орталықтарды да қалпына келтіру қажет. Қазақ хандығының 550 жылдығына орнатылған монументтің қасында бір музей немесе ақпарат алатын орын жоқ. Кез келген турист, ескерткіш арқылы ол жерден ешқандай мәлімет ала алмайды. Туризм басқармасы осы жерді ары қарай қалай дамыту керектігін ойланып, жоспар дайындауы тиіс. Сегіз миллионға екі автобус алғанша, ол қаржыны дәл қазір қажет басқа бағытқа тиімді жұмсаған абзал, – деді Асқар Мырзахметов. Сонымен қатар Асқар Исабекұлы өзге өңірлермен байланыс орнатып, туристік нысандардың инфрақұрылымын жақсартуды тапсырды. Картаға енген Тараздағы 5 тарихи нысанды дамытудың нақты жоспарын әзірлеп, оны іске асырудың жолдарын нақтылап көрсетіп берді. Бұл жоба жүзеге асса, оның пайдасы да мол болатыны анық. Сондай-ақ біздің өңір – медициналық, фитотуризмді дамытуға қолайлы аймақ. Осы бағытта да тиісті жұмыстар қолға алынса, ол да бір тиімді бастамаға айналары сөзсіз.
Жанғазы АХМЕТ
Суреттерді түсірген Алтынбек Қартабай.