Білім

Армысың, Анкара!«Әсем әуен» фольклорлық ансамблі халықаралық «Анадолы» фестивалінде өнер көрсетеді

Армысың, Анкара!«Әсем әуен» фольклорлық ансамблі халықаралық «Анадолы» фестивалінде өнер көрсетеді

Қыркүйек айының 5-9 жұлдызы аралығында Түркия елінің астанасы Анкара қаласында кезекті мәрте халықаралық «Анадолы» фестивалі өтеді. Дәстүрлі өнер фестиваліне жылдағы қалыпқа сай біздің облыстың өкілдері де қатысып, өз өнерлерін ортаға салатын болады. Түбі бір түркі халықтарының мәдени-рухани байланыстарын нығайту, тәжірибе алмасу, рухани құндылықтарды насихаттау мақсатын көздеген халықаралық шарада Қазақстан атынан Шу ауданындағы «Әсем әуен» фольклорлық ансамблі өнер көрсетеді деп күтілуде. Бұл шараға бірқатар бауырлас мемлекеттер де белсенді түрде қатысатыны нақтыланған. Атап айтсақ, Қырғыз Республикасы, Түрікменстан, Әзірбайжан және өзге көптеген мемлекеттердің музыкалық және би ансамбльдері осынау фестивальда бақ сынап, ұлттық музыкасы мен өнерін дәріптейді. Халықаралық деңгейдегі өнер фестиваліне қатысатын «Әсем әуен» фольклорлық ансамблі әдеттегідей сексен мың көрерменнің көз алдында өздері дайындаған бағдарламаларын көрсетеді. Бұл үлкен жауапкершілікті талап ететіні айтпаса да түсінікті. Жауапкершілік жүгін ансамбль мүшелері біркісідей сезініп отыр. Фестиваль кезінде қазақтың ұлттық өнері мен еліміздің бай мәдениетін дәріптеу басты мақсатқа айналып отырғаны анық. «Анадолы» халықаралық фестивалі жамбылдық өнер ұжымдары үшін таңсық әлем емес. Өткен жылы осынау халықаралық шара барысында Тұрар Рысқұлов ауданының «Әдемі-ау» би ансамблі мен Меркі ауданының «Меркі әуендері» фольклорлық ансамблі өнерлерін ортаға салып, жергілікті өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп қайтқан болатын. Бауырлас мемлекеттер арасында тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан халықаралық өнер фестиваліне негізінен аудандық деңгейдегі өнер ұжымдарының қатысып жүргені қуантады. Өзге елдерге аттанып, үлкен сахналарда өнерлерін көрсету мүмкіндігі оларға күнде беріле бермейтіні ақиқат. Әсіресе бұл фестивальда жамбылдық өнерпаздардың жыл сайын тұрақты түрде өнер көрсетуі – зор жетістік. Ендеше, ел атынан үлкен фестивальда өнер көрсететін «Әсем әуен» фольклорлық ансамбліне тек сәттілік серік болсын дегіміз келеді.