Саясат

Конституция еліміздің тұғырын нығайтып, басқару тетігін жүйеледі

Конституция еліміздің тұғырын нығайтып, басқару тетігін жүйеледі

Кез келген өркениетті мемлекеттің өз Конституциясы болады. Елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығы көп жағдайда сол Конституцияның, яғни негізгі заңның дұрыс жұмыс істеуіне байланысты болмақ. Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған. Сонда Қазақстан халқы бірауыздан жаңа Конституцияның қабылдануына дауыс беріп, өзінің тарихи таңдауын жасаған еді. Осылайша 30 тамыз – Конституция күні болып бекітілді. Кеше айтулы мемлекеттік мерекеге орай «Баласағұн» орталық концерт залында салтанатты жиын өтті. Оған облыс басшысы Асқар Мырзахметов және облыс әкімдігі, басқарма басшылары мен қызметкерлері, саяси партиялар, қоғамдық, этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымдарының өкілдері, білім, ғылым, өнер қайраткерлері қатысты. Алдымен сахнада Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы көтеріліп, Гимн ойнатылды. Шараның алғысөзінде облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов азат елдің Ата Заңының маңызы мен тарихына тоқталып, жиналғандарды мерекемен құттықтады. – Осыдан 23 жыл бұрын «Біз, ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деп басталатын Ата Заңымыз – әрбір азаматтың конституциялық құқығын танытатын құжат қабылданды. Онда 130-дан астам этнос пен 17 діни конфессия өкілдері бейбіт ғұмыр кешіп жатқан бөлінбес елдің тұтастығы айқындалды. Конституция ережелерін басшылыққа ала отырып, Ұлы Далада жаңа мемлекет, жаңа қоғам, жаңа экономика құрылды. Еліміздің мемлекеттік тұғыры нығайды, басқару тетігі бір жүйеге келді. Ата Заң біздің барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың қайнар бастауына айналды. Елбасымыз айтқандай, «Конституция – кемел келешегіміздің кепілі». Сондықтан бұл күннің маңызы биік, мәні бөлек, мәртебесі ерекше. Қазақстан бүгінде әлемдегі қалыптасқан, құрметті және абыройлы мемлекет. Еліміз әлемнің аса дамыған 50 елінің қатарына қосылды. «Қазақстан-2030» Стратегиясын мерзімінен бұрын іске асырды. Саяси партияларды демократиялық жолмен таңдау еркіндігіне қол жеткізді. Қос палаталы кәсіби Парламент жасақталды. Ата Заңымыз азаматтық қоғам институттарын нығайтуға жол ашты. Жергілікті мәслихаттардың қызмет аясын кеңейтті. Маңызын арттырды. Мемлекеттік билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігі күшейтілді. Бүгінде әлемге бейбітшілік пен келісімнің кілтін ұсынатын елордамызды тұрғыздық. Осы жылдары әлемнің 138 елімен дипломатиялық қарым-қатынас орнаттық. Біріккен Ұлттар Ұйымы, ЮНЕСКО және Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы сияқты ірі халықаралық ұйымдарға мүше болдық. Төрелік еттік. ТМД елдері ішінде алғаш рет халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізіп, жасампаз әлеуетімізді әйгіледік, – дей келе Ерқанат Нұрбапаұлы тәуелсіздік жылдары өңіріміздің өркендегенін және соңғы уақытта экономикалық-әлеуметтік дамуда бірқатар нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткенін айтып өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда жалпы өңірлік өнім көлемі 265,0 миллиард теңгені құрап, 8,4 пайызға өскен. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 106,9 пайызды құраса, өнеркәсіп саласында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, өсім 9,3 пайызға жеткен. Бұл саладағы оң динамикаға Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған кәсіпорындар да өз үлесін қосуда. Ағымдағы жылдың жеті айында бұл кәсіпорындармен 13,0 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Биылғы жылы осы бағдарлама аясында құны 16,9 миллиард теңгені құрайтын 8 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарланып, 947 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде екен. Сондай-ақ ауыл шаруа­шылығында есепті мерзімде 74,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 3,8 пайызды құраса, жалпы құрылыс жұмыстарының көлемі 51,7 миллиард теңгені құрап, 10,5 пайызға артқан. Өзге де салаларда оң өзгерістер жетерлік. – Барлық жоғары көрсеткіштерге қоғамдағы тыныштық пен бейбітшіліктің арқасында жетіп отырмыз. Ең бастысы – Ата Заңымыздың арқасында халықтың әл-ауқаты артып, тұрмыс-тіршілігі түзелді. Экономикалық әлеуетіміз еселеп артты. Индустрияландыру стратегиясы қабылданды. Осылайша, еліміз өркендеу мен өсудің үшінші жаңғыруына аяқ басты. Алдымызда әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу мақсаты, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы мен Ұлт жоспары – Бес институционалдық реформаны іске асыру міндеттері тұр. Ата Заңды құрметтеу – ұлттың ұлы парызы. Сіз бен біздің құқығымызды қорғайтын Конституцияның әрбір сөзін бұлжытпай орындау – әрқайсымыздың міндетіміз. Сонда ғана алдағы алар асуымыз әрдайым асқақ болады. Ардақты ағайын, елдік пен өрліктің, адалдық пен татулықтың, ар мен намыстың кепілі болған Конституциямыз ғұмырлы, елдігіміз мәңгі болсын! Ата Заңды ардақ тұтқан еліміз өркендей берсін! – деді Е.Манжуов. Сонымен қатар салтанатты жиын барысында облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Жомарт Рүстембеков, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Парида Мамедова, «Дарын» мектеп-интернатының қазақ тілі пәнінің мұғалімі Базарбай Дүйсенбаев сөз алып, жиналғандарды Конституция күнімен құттықтап, мерекенің тағылымы туралы ойларын ортаға салды. Шара соңы Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламасына ұласты. Олар патриоттық сарын­дағы ән мен күйден шашу шашып, тыңдармандарды бір серпілтті.

 

Жанғазы АХМЕТ

Суреттерді түсірген Ақәділ рысмахан.