Экономика

Шағын несиелеудің шарапатын көргендер көп

Шағын несиелеудің шарапатын көргендер көп

Облыстық кәсіпкерлер палатасы мен облыс әкімдігі қаржы басқармасының бірлескен жарғылық қоры негізінде құрылған «Атамекен-Тараз» шағын несие ұйымының өз жұмысын бастағанына екі жыл толып отыр. Жалпы шағын несиелеу ауыл шаруашылығын, елді мекендерді, моно және шағын қалаларды дамытуға өз септігін тигізуде. «Ұйым тарапынан былтыр 109 азамат 461 миллион теңгенің несиелік қаражатымен қамтылды. Оның ішінде құрылымымыздың жарғылық қоры есебінен 226,5 миллион теңге 30, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 235 миллион теңге 79 адамға берілді. Қаржының басым бөлігі мал шаруашылығы, сондай-ақ балық өсіру, омарта шаруашылығы, жол жиегіндегі сервис нысандарын салу, шағын наубайхана, аспаздық цехтар ашу, ет, сүт өнімдерін қайта өңдеу бағыттарына бөлінді», – дейді «Атамекен-Тараз» шағын қаржы ұйымының директоры Серікхан Сабырханов. Бүгінде мемлекет тарапынан да фермерлерді қолдау бар. Ауылдағы игілікті істерге мол септігін тигізіп жатқан мемлекеттік бағдарламалар да жетерліктей. Алайда кәсібін жаңа бастағандар үшін мұндай мүмкіндік әр кезде де қолжетімді бола бермейді. Соған байланысты палата жанынан қаржы ұйымы ашылып, ол «Атамекен» ҰКП-нің шағын несие беру бағдарламасын нақты жүзеге асыру үстінде. Өңіріміздегі шағын және орта кәсіпкерлік ісін дамытуды көздейтін қаржыландыру ұйымында екінші деңгейлі банктерде жұмыс жасау біліктілігіне ие тәжірибелі мамандар қызмет етеді. Мұнда қаржылық талдау жүргізуде ішкі және реттеуші, сондай-ақ кепілдікті қамтамасыз ету, сараптама жүргізу, мониторингілеу талаптары қатаң сақталады. Бұл берілген несиелердің қайтарылмау тәуекелін айтарлықтай төмендетуге септесуде. Айта кету керек, аталған ұйым тарапынан ынта танытушы кәсіпкерлерге 2018 жылдың алғашқы 6 айында 70 миллион теңгеге жуық несие қаражаты берілді. «Қаржыландырылған жоба иелерінің қатарында бал арасын өсіру, денсаулық сақтау салаларында кәсіпкерлік ісін бастағандардың да көптігі қуантады», – дейді ұйым басшысы. «Атамекен-Тараз» шағын несие ұйымы құрылған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін төлеу мерзімі өтіп кеткен немесе берешегі болуы мәселесі туындаған жобалар тіркелген емес. Жыл соңына дейін құрылым тарапынан тағы да 63 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр.

«Aq jol-Аqparat».