- Advertisement -

Жер тойса, ел де тояды

108

- Advertisement -

Облыстың бірқатар аймағында ақ егіс және әртүрлі техникалық дақылдар орналастырылған алқаптар жағдайы дабыл қағарлықтай. Анығын айтқанда, Талас өзенінен су алатын – 62 мың, Шу өзенінен су алатын 45 мың гектар алқап шөлдеп, аңқасы кеуіп тұр. Ондағы масақты және техникалық дақылдар қурап кетудің аз-ақ алдында. Ал, бұл екі өзен арқылы беріліп жатқан су кенезесі кепкен алқаптың «таңдайын» жібітуге де жетпейді. Ерте көктемнен жер тырмалап егін сепкен, жаздың аптап ыстығында оны күтіп-баптаған, енді «содан өнім алып шыққан шығынның орнын жауып, артылғанына бала-шағасының нәсібесін айырсам» деп отырған шаруаға обал-ақ. Жағдай жақсармаса, аталмыш алқаптан өнім алуларының өзі неғайбыл. Демек, соншалық еңбек пен қаржылай шығынның зая кетуі әбден мүмкін. Жамбыл облысы, Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданы мен Түркістан қаласының, Қызылорда облысы Жаңақорған мен Шиелі аудандарының бір бөлігі, сондай-ақ Алматы облысы Жамбыл ауданының Шу-Талас бассейні аумағындағы су ресурстарын пайдалану, оны реттеу және қорғау жөніндегі мемлекеттік басқару қызметін атқарып отырған Шу-Талас бассейндік инспекциясының басшысы Жұмабек Мұхатовтың бізге берген мәліметі осындай ойға жетелейді.

Қызмет көрсету аумағына 1 миллион 100 мың тұрғыны бар 15 аудан, 4 қала, 400 елді мекен және 186 ауылдық округ кіретін инспекцияға жүктелетін міндет те жоғары. Сондықтан өз облысымызды ағын сумен қамтамасыз етудің жай-жапсарын сұраудан бастадық әңгімені.
– Біз Қазақстан Республикасының Су кодексіне сәйкес бірлесіп пайдаланатын саларалық, облысаралық және мемлекетаралық маңызы бар ірі су қоймаларының жұмыс режімін бақылауды жүзеге асырамыз. Оларға сыйымдылығы 620 миллион текше метр – Тасөткел, 158 миллион текше метр су сиятын – Теріс-Ащыбұлақ және сыйымдылығы 550 миллион текше метрлік мемлекетаралық Киров су қоймалары жатады. Соңғы жылдары Шу-Талас бассейнінің суармалы жерлерді ағын сумен қамтамасыз етуде қиыншылықтар туындауда. Қазақстан және Қырғыз Республикалары арасында су бөлу жұмыстары КСРО Су шаруашылығы министрлігінің 1983 жылғы 24 ақпанда бекіткен мемлекетаралық су бөлу Ережесіне сәйкес жүргізіледі. Ережеде Талас өзені бойынша су ресурсының 50 пайызы – Қазақстанға, 50 пайызы – Қырғызстанға, Шу өзені бойынша 42 пайызы – Қазақстанға, 50 пайызы – Қырғызстанға тиесілі. Жамбыл облысына келетін жерүсті суларының 80 пайызы көршілес Қырғыз Республикасының үлесінде. Сондықтан мемлекетаралық су бөлу жұмыстары өте маңызды.
Шу, Талас өзендерінің суы көпжылдық орташа мөлшерден 25-30 пайызға төмен болатынын «Казгидромет» РМК хабарлады. Алайда, өзендердің нақты суы одан да төмен болуда. Биыл Шу-Талас бассейндік инспекциясы Шу, Талас өзендері бойынша Қырғыз Республикасының Талас және Шу облыстары су шаруашылығы басшыларымен кездесулер өткізіп, су тапшылығына байланысты оны бөлу мәселелері талқыланған. Киров су қоймасы бойынша суару кезеңіндегі мөлшеріне сәйкес Талас өзенінің су бөлу кестесі екіжақты бекітілген. Шілде айының 20-сына кесте бойынша Қазақстанға берілетін судың көлемі – 379,8 миллион текше метр. Ал, нақты алғанымыз – 279,85 миллион текше метр, яғни, 100 миллион текше метр суды аз алдық.
Шу өзені арқылы Қордай, Меркі аудандарының егістік алқаптарын сумен қамтуда көп қиыншылықтар кездесуде. Қордай ауданы Қырғызстанның «Шөміш» гидроторабы арқылы Георгиев магистралды каналына су алады. Екіжақты бекітілген кесте бойынша бұл канал секундына 15 текше метр су алуы керек, нақты алып отырғаны – 5,5 текше метр. Жіңішке Ақтас каналы 3 текше метр орнына 1,5 текше метр, Колос каналы 1,5 текше метр орнына 0,4 текше метр су алуда.
Меркі ауданы Үлкен Шу каналының батыс бөлігі арқылы секундына 3 текше метр су алуы керек болатын. Алайда, 14 маусымнан бастап бір литр су алып отырған жоқ. Осы екі аудан бойынша шілде айының 20-сына кестеге сәйкес Қазақстанға берілетін судың көлемі – 188,3 млн. текше метр. Ал, нақты алғанымыз 122,85 млн текше метр, яғни, 65,45 млн текше метр суды аз алдық.
Шу, Талас өзен бассейндерінің су қорын қалыптастыратын Қырғыз Алатауы, Өтімек, Сусамыр асуларында қар деңгейі мүлдем аз болуда. Шілде айында еритін мұздықтар жылдан-жылға жоғарылап бара жатыр. Осы себептерге байланысты, қуаңшылық жыл сайын қайталануда.
– Ағын суға деген тәуелділігімізді азайту үшін қандай шара қолдану керек?
– Коммуналдық меншіктегі Өтеміс, Сатуалды, Базарбай, Күнту, Сәмбет, Новомихайловский, Медеу, Байзақ каналдарының тозығы жеткен, су өткізу қабілеті жылдан-жылға төмендеп, пайдалы әсер коэффициенті 40-50 пайыздан аспай отыр. Каналға салған судың жартысынан көбі жерге сіңеді немесе аспанға ұшып кетеді. Сондықтан каналдардың су өткізу қабілетін арттыру үшін тазалау жұмыстарын жүргізу керек. Аудандардағы су шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындары осы жұмыстарды қатаң бақылауы тиіс.
Бұрын «ауыспалы егіс» деген болған. Ұжымшар, кеңшар гидротехниктері мен агрономдары дақыл егу кезінде осы әдісті қатаң сақтап отырған. Қазір мұндай жұмыстар мүлдем атқарылып жатқан жоқ, керісінше бір каналдың бойына ойына келген дақылдарды жоспарсыз орналастыра береді. Ал, ол канал суды толығымен жеткізіп бере ме, бермей ме онда шаруалары шамалы. Сондықтан су пайдалану жоспарын әзірлеп, аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне уақтылы тапсыру қажет.
Облыста біраз каналдар мен су қоймалары, бөгеттер жеке меншікке өтіп кеткені белгілі. Оларды коммуналдық меншікке қайтару керек. Жеке меншіктегі каналдар мен бөгеттердің техникалық жағдайлары сын көтермейді. Көпшілігі қараусыз қалған, құлауға жақын.
Сөздің түйіні, ауыл шаруашылығы өндірісінің қан тамыры деп бағалауға лайық ағын су жүйелері коммуналдық меншікке қайтарылғанда ғана саланың көзі ашылады. Мемлекеттік деңгейде шешілуге тиіс бұл мәселені облыстың осы салаға жауапты мекемелері ойластырғаны жөн.

Болат Жаппарұлы,

«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support