Әлеумет

Жасын ғұмыр

Жасын ғұмыр

Cуға кеткен қызды құтқарамын деп Талғат Бақыбеков осыдан бір жыл бұрын ерлікпен қаза тапты

Өлетін бала өзгеше бола ма?

Ойда жоқта ерлігін естіген Талғаттың әкесі Панат Бақыбековтер отбасы өсіп-өнген әулет. Пәкең мақтанып, сапырып сөйлемейді. Салмақты. Бір кездері шаруашылықта трактор айдап, Аралтөбеден астық тасып, грейдерді тізгіндеп жол салған ол екінші топтағы мүгедек. Өзі туралы ашылып ештеңе демеді. Тек сөз арасында: – Ұлыңыз Талғат қандай еді? – деген сауалымды қойдым. Пәкең қысылып, булығып қалды. – Қойыңыз енді... Сосын барып бойын тіктеді. «Құдайға шүкір» дегені шығар. – Өлетін бала өзгеше деген сөз бар, аға. Талғатым бөлек еді. Жүректі, ақ көңіл, кісіге жақсылық жасауға бейім еді, ұлым. – Иә, иә, – деп қостады Панат сөзін Амантай Дәулетбеков орта мектебінің мұғалімі Саттархан Көпжасаров, – қуақы бала, әркімді күлкіге қарық қылып жүретін. Сабақты жақсы оқыды. Ұлттық бірыңғай тестілеуде 84 балл жинап, Қазақ политехникалық университетінің жанындағы колледжіне түсіп, онда да оқу озаты атанып жүр деп естіп, қуанатынбыз... – Өлетін бала өзгеше дейтінім, – деді Панат, – шәкіртақы алса да, бізге салмақ салмаймын деп Алматыдағы «Арасан» емдеу-сауықтыру моншасындағы бассейнге жаттықтырушы болып кіреді. Билікөлдің айдынына құлаш сермеп өскен балаға бассейн деген не өзі?! «Балам-ау, сол жұмысыңды қойсаңшы» десек, «50 мың теңгені кім береді маған» дейтін. «Апырай-ә, – деймін ішімнен, суға деген құмар­лық оған түбінде «қасірет» әкеледі деп кім ойлаған».

«Мен Талғатқа ғұмыр бойы қарыздармын»

Кіп-кішкентай ғана сүйкімді қыздар. Көпті есеңгіреткен оқиғаның куәгерлері – Меруерт Жарқынбек пен Гүлдана Әкебекова. Талғаттың сыныптастары. – Мектепті бірге бітірдік, – дейді Меруерт қос көзі жасқа малынып, – сыныпта қатар оқыдық. Ақкөңіл еді ол. Қаратаудағы ұлттық бірыңғай тестілеуге бірге қатыстық. Комиссия мүшелерінің қатаң қадағалауына қарамастан Талғат маған көмектесті. Мен оған. Алматыға оқуға түсіп кеттік. Ол жақта да жиі-жиі жолығысып, туған ауылды сағына еске алып жүруші едік. Балалығымыз басылмаған шығар. Бірде тап маусым айының қақ ортасында ауылға баруға сөз байластық. Ауылда достар, Алматыдан біздер маусымның 15-і күні Қарабастаудағы су айдынында жолығыстық. Біздер сегіз едік. Екі қыз, алты ұл. Меруерт одан әрі қысылып, қос көзін бір нүктеге қадап, ойланып қалды. Бәлкім, көз алдына айдын судағы арпалысты сәттер келген шығар. – Содан, – деймін мен, – сол сәтті есіңе алшы, Меруерт... – Суда жүзіп жүргенмін, – оның көзіне жас үйірілді, - Кенет шүңетке қалай жеткенімді білмеймін. Суда жүзе білетінмін. Бірақ судың суықтығынан ба, сіңірім тартылып, қос аяғым жансызданды да қалды. Айқайлап, екі қолымды ербеңдеттім бе білмеймін, су түбіне қарай батып бара жаттым... Сол сәтте жағада отырған жетеудің бірі Талғат Меруертке көмекке ұмтылып, суға күмп берген. – Қалғанымыз, жағада тұрып, шулай беріппіз, – дейді Меруерттің құрбысы Гүлдана, – біздің жанымызда ауылдың тұрғындары да жүрген. Олардан да қайран жоқ. Тек су бетінде екі қол ғана көрінеді. Талғаттың Меруертті су түбінен суырып алып, жағаға қарай беттеп келе жатқанын көріп тұрмыз. 7-8 метр қалғанда Меруерт те, Талғат та көрінбей қалды. Сонда барып суға Арман секірді. Сыныптастар ең әуелі болған жайтты қыздың ағасына хабарлаған. Сол екі ортада жедел жәрдем мәшинесі мен құтқарушылар жетіп, көл түбіндегі Талғатты тауып жағаға шығарып, әкесіне хабар жібереді. Естері шығып есеңгіреген сыныптастары болған оқиғаны жасырып қалды. Өзі жаңадан ғана ауруханадан оралған Панатқа хабар жеткізушілер «Сіздің ұлыңыз, суға соңғы мәрте сүңгіп шығайыншы деп түсіп, содан жағаға оралмады» деген сөзді жеткізіпті. «Менің баламның өз бетінше суға кетуі мүмкін емес» деп аһ ұрған Панат есінен танып, тағы да аурухана төсегіне таңылған. – Шындықты айтуға қорықтық, – дейді Меруерт, – Бірімізді-біріміз құтқарып жүргенде мерт болды десек, полиция әбден тергей ме деп зәреміз ұшты. Бірақ менің тірі жүргенім Жаратқанның бұйрығымен Талғаттың ерлік әрекетіне байланысты екенін ұмыта алмаймын. Мен оған мәңгі қарыздармын.

Өкінгеннен не пайда?

«Ойламаған жерден құлағым шындыққа толы әңгімені естіді» – дейді енді Талғаттың ағасы Жансерік. – Інімнің өлімі туралы анықтаманы Қарабастау учаскелік ауруханасынан алуға барғанымда, мүлдем басқа әңгіме естідім, – дейді ол. – Сол жерде мейірбикелерден: «Ойбай, анау, қызды құтқарып, өзі суға батып өлген баланың ағасы ма?» деп жатқанын құлағым шалып қалып, әлгілермен сөйлесуіме тура келді. Сөйтсек, мейірбикенің інісі тап сол кезде інімнің қызды құтқару үшін суға қойып кетіп, оны су астынан алып шығып, жағаға жандәрмен сүйрегенін көзімен көргенін әпкесіне түгел айтып беріпті. Естіген әңгімемді әкеме айтып келдім. Бірге жүрген сыныптастарына: «осылай болыпты ғой, болған оқиғаны неге жасырдыңдар» деп ренжідім. Не керек, ащы шындық ашылды ақыры. Балалардың ата-анасы Талғатпен бірге болған ұл-қыздарымен үйге келіп, кешірім сұрады. – Кешпегенде не істеймін? – дейді Панат, – әдейі істеген жоқ қой. Басында-ақ бар шындықты ашып айтпағандарына жүрегім ауырды. Болған оқиғаны бояуын кетірмей, «ұлың ерлік жасады» десе де болар еді-ау, – деп күйзелдім. – Шын мәнінде Талғаттың әрекеті нағыз ер жігіттің қимылы, – дейді Берікқара ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б. Әбжаппаров, – Жағалауда сегіз баладан бөлек бірнеше ересек адам болған. Солардың бірде-бірінің батылы жетпеген ерлікке Талғат баламыз барды. Өзі су түбіне кетсе де (анықтамада оның да сіңірінің тартылып қалғандығы жазылыпты. – Авт.) қызды аман алып қалды. Дәл сол кезде оқиғаға дұрыс баға берілгенде Талғатты қаһармандығы үшін мемлекеттік наградаға ұсынуға да болар еді. Амал не, қазақтығымызға басып, жауырды жаба тоқыдық. Қорықтық. Өкінішті-ақ. Хош... Кеш те болса шындық айтылды. – Оның есімі мадақтауға әбден лайық, – дейді Б. Әбжаппаров, – адам үшін өлімге бас тіге алатын жанның бар екенін мойындап, соны жасөспірімдерге үлгі етіп, насихаттау керек деп түсінемін. Болат ақсақалдың айтып отырғаны шындық. Бүгіндері қараулыққа бойымыз үйренгені соншалықты екі адам жағаласып жатса, көрмегендей жанынан өте шығамыз. Ол ол ма биылғы жылы Үшарал ауылынан екі жасөспірім, Қаратаудағы Жартас көлінде бір бала суға кетті. Болған оқиғаны жасырып әлекпіз. Төтенше жағдайлар жөніндегі мекемелердің басшылары да үнсіз. «Судан абай болыңдар» деп газетке «кезекті мақала бастырып» іс біттіге санайды. Солар Талғаттың ерлік қадамын дер кезінде бағалап жатса қандай ғанибет болар еді. Он сегізден он тоғызға шығар жасында, жасындай жарқ етіп, басын өлімге тігіп, Меруертті құтқарған Талғат Панатұлының ерлігі ескерусіз қалмайды деп сенеміз.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ, «Ақ жол».

Майтөбе ауылы, Талас ауданы.