Арзан ет пен сүт
Арзан ет пен сүт
Оны өндірудің ең тиімді жолы бос жатқан жайылымдарды игеру
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев үстіміздегі жылдың 15 наурызында агроөнеркәсіп кешенін дамыту туралы келелі кеңес өткізіп, онда осы сала қызметкерлерінің алдына жаңа міндеттер қойды. Дәлірек айтқанда, өңірде ет пен сүт өндіруді жолға қою, сүт пен ет дайындайтын пункттер ашу туралы нақты тапсырмалар берілді. Еліміздің сүт өнімдерін Франциядан, Ресейден сатып алатыны өңір басшысын қатты толғандырса керек. Облыс әкімі аз уақыттың ішінде бұл мәселемен шұғыл айналысуды ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы А. Нұралиевке жүктеді. Өзі де аудан-ауданды аралап, елді мекендерге барып, осы мәселенің тиімді жолдарын іздестіріп жүр. Иә, облыс басшысының осы тапсырмасы бойынша Т. Рысқұлов ауданында 18 сүт дайындау пункті, тікелей «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолының бойынан ашылуы тиіс екен. Хош делік... мұндай пункттердің елге зияны жоқ, қайта артылған өнімдерін өткізіп тұруға қолайлы. Ал, енді осы сүт қандай жолмен өндіріледі? Ол шаруаға тиімді ме? Тұрғын халықтың айналдырған бір сиырын бағуға шамасы келмей отырғанда бұл өзі қалай болар екен? деген ойлар әзірге ешкімді де толғандырар емес. Мәселенің мәнісіне тереңірек үңіліп көрейікші... Мысалы, ауыл тұрғыны бір жылда бір сиырға шамамен 190 мың теңге шығын жұмсайды екен. Қалай дейсіздер ғой? Бір сиыр алты ай қыста ең кем дегенде 200 түк шөп, 2 тонна жем жейді, ал, жаз айларында әр сиырына малшыға 2 мың теңгеден бағым ақысын, тағы да жемдегені үшін 50 мың теңге шығындайды. Қыс қатты, жаз қуаң болса тым жаман. Өйткені, шөп 300 теңгеден 500 теңгеге дейін қымбаттап кеткен күндер де болған. Осыдан-ақ, шаруаның жағдайын біле берсеңіз болады. Ал, шаруа қожалықтарының жай-күйі қандай болады екен деп ойлайсыздар ғой. Айтайын, алдыңғы жылы «Сыбағаға» менің бір танысым (аты-жөнін айтпай-ақ қояйын) елу сиыр алды. Ол сиыр алған жылы қыс қатты болып, жемшөбі жетпей біраз малы қырылып қалды. Үкімет шаруаның жағдайын ойлап, оларға әр сиырына «мал азығы үшін» деп 14500 теңгеден ақша да береді. Жайылымы шалғай болса құдығын да қазып, суын шығарып беретін болды. Өкінішке қарай, сүтті селдей ағызып, зауытқа өткізіп, болмаса табын-табын ірі қара айдап, тонналап ет өткізіп жатқан ешкімді көрмедік. Өңір басшысының бүгінгі бастамасынан кейін бәлкім бұл іс алға жылжитын шығар. Әйтпесе, сүтті қайдам, ет бағытында мал өсіріп, оны өткізетін жер таппай отырған қожалықтар қаншама?! Сөзіміз жалаң болмасын, мысал келтірейік. Мәселен, Жамбыл ауылдық аймағына қарасты «Береке» шаруа қожалығының 200 бас ірі қара малы бар. Ол қазір құмдағы «Томарлы» мен «Дөңгелек» қыстауларында отыр. Ғабит Сұлтанбаевтың ет, сүт бағытындағы малы жеткілікті. Қожалық жетекшісі ірі қараны бордақылауды осыдан бір жыл бұрын қолға алған. Ал, сүт өндіру туралы облыс басшысының бастамасын алғашқылардың бірі болып қолдап отырған да осы қожалық. Өйткені, оның жайылымы күре жолға жақын. Малды қолда бағып семіртуге немесе сүт өндіруге деген мүмкіндігі мол. Өкінішке қарай, Ақбұлақ ауылдық аймағына қарасты «Байсейіт» шаруа қожалығының 60 сиыры құмдағы «Бесқатын» учаскесінде. Ол аудан орталығынан 40-45 шақырым жерде. 150 сиыры бар «Садыр» қожалығының малы да соған тұспа-тұс. «Құлбарақ» пен «Степан» шаруа қожалықтарының 300-ге жуық мүйізді ірі қарасы да құмда. Бір сөзбен айтқанда төскейден гөрі құмда жайылым көп. Оның үстіне шөбі жұғымды әрі шұрайлы. Көнекөз қарттар: «Тауда жұт та, құт та бар. Ал, құм шіркін малдың құты ғой» дейді. Көп жыл мал баққан шопандар: «Таудың шөбінің тұзы жоқ. Сондықтан, таудағы малға арбалап тұз тасисың, ал, құмның шөбінің тұзы өз бойында. Мал жайсаң мамырлап, арқасы тақтайдай болып тез семіреді ғой шіркін» дейді. Бұдан шығаратын қорытынды қандай? Арзан сүт те, ет те құмда. Аудан бойынша барлығы 511 мың гектардан аса жайылымдық жер бар десек, соның 236798 гектары құмда. Қазіргі таңда шалғай құмда 100 шаруа қожалығының 2780 бас сиыры, 46516 қой-ешкісі, 1386 жылқысы бағылуда. Ендеше аудан әкімдері мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы облыс әкімінің алдына неғұрлым арзан мал өнімдерін өндіруге болатын осындай мүмкіндік бар екенін неге мәселе етіп қоймайды? Біздің «Ақ жолда» осыған дейін «Үмбет» алыс мал жайылымы учаскесінде тұратын Алпысбай Оңалбаевтың мақаласы жарияланып, онда кеңес өкіметі кезінде алыс мал жайылымы штабы болған «Үмбетті» қайта жаңғырту керектігі туралы айтып, мәселе көтерген болатын. Өкінішке қарай, ол әлі шешімін таппай келеді. Енді бұл күрделі проблеманы кейінге қалдыруға болмайды. Оны шешудің жолы – мынау. Бірінші, жол мәселесін алайық. «Биғаш» пен «Үмбетке» дейінгі 23 шақырым жолға асфальт төсеу керек. Екінші мәселе – жарық тарту. Дәлірек айтқанда, осы аралыққа электр желісін тартып, «Үмбетке» жарық әкелу. Несі бар, кәсіпкер Халит Базаралиев мемлекет есебінен осы «Биғаштағы» шошқа бордақылау кешеніне дейін жол салғызып, жарық тартқызып алды ғой. Қазіргі таңда мұндай мәселені мемлекеттің көмегімен, дәлірек айтқанда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен шешуге әбден болады. – Кеңес өкіметі кезінде аудандағы шалғай қыстауларды электрлендіру жобасы бекітілген еді, – дейді аудандық электр қуатын тарату мекемесінің бұрынғы басшысы Нұрдос Қалдыбалин. Егер «Үмбетке» электр желісі тартылса меніңше көптеген мәселелер шешіледі. Үшінші мәселе – құдық. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Әлдибек Туғанбаевтың айтуына қарағанда, құмда 457 құдық бар. Оның 163-і қайта қалпына келтіруді қажет етсе, 282-ін қайта қазу керек. Мұны да мемлекеттің көмегімен жүзеге асыруға болады. Осы үш күрделі мәселемен бірге «Үмбет» алыс мал жайылымы учаскесіндегі бұрынғы инфрақұрылымдарды, әлеуметтік-мәдени орындарды қайта қалпына келтіру біздің ойымызша бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі, тіпті, заман талабы деп ойлаймын. Өткен қыста қар қалың жауды. Шалғай қыстаулардан аудан орталығына жету қиындап кетті. Байланыс үзілді. Қалың қардан жолды аршу, тазарту мәселесімен жаңа келген аудан әкімі де айналысты. «Осындайда «Үмбетте» бұрынғы жылдардағыдай медпункт, рация, пошта, мектеп, «қызыл отау», монша болса ғой» деп армандайды сонда қоныс теуіп отырған отбасылар. Біз осында елу сиырын бағып отырған «Қуаныш» шаруа қожалығының жетекшісі Үмбеткүл Жабасованы әңгімеге тартқанымызда ол: – Шынымды айтсам, бір кезде өткен де, кеткен де «Үмбетке» соқпай өтпеуші еді. Қазір қаңырап бос тұр. Аудан орталығынан 140 шақырымдай жерде отырсақ та жайылымымыз тарылып барады. Сол төңіректегі жайылымдық жерлерді Саламат деген біреу алып қойған көрінеді. Ал, «Елқаттаған» мал жайылымының жері «Степан» шаруа қожалығыныкі, бірақ, оны мүлдем басқа біреулер соңғы үш жылдан бері жалға алып отыр. Облыс басшысы сүт пен ет өндіру мәселесін жақсы көтеріп отыр. Осы ұлан-ғайыр жобадан біз қалтарыс қаламыз ба деп қауіптенем. Өйткені, малымыз шалғайда жатыр. Егер жол мен жарық келсе, құдықтар аршылса, қора-жай салынса осындағы жұрт та ірілендіруден тыс қалмас еді деп ойлаймын. Біз сонда ғана арзан сүт пен ет өндіріп, табысқа қол жеткізген болар едік. Осынау мәселені облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Абдалы Нұралиев те жақсы біледі. Біздің ойымызша бүгінгі таңда шалғайдағы 100 шаруа қожалығының үш мыңға жетеқабыл сауын сиырын жайып, бағу арқылы арзан сүт өндіруге әбден болады ғой. Экономистер өнім өндірудің осы тиімді жолын есептеп көрсінші. Иә, «сиыр сүті – тілінде» деген рас. Алайда, біз оларға қымбат мал бордақылау кешендері мен тауарлы-сүт фермаларын салып, қап-қап ақшаға азық сатып алып беріп жатпай-ақ, жайып бағып, далалық жағдайда көшпелі сауын аппараттарын орнатып, арзан сүт өндіруімізге болады ғой. Егер біз айтқан екі аралыққа асфальт жол салынып жатса сауылған сүтті күре жолдағы қабылдау орындарына жеткізу қиын бола қоймас. Осынау жұмсалатын шығынның орнына сүтті мол беретін сиыр сатып алуға неге болмайды.
Сейсен Қожеке, «Ақ жол».
Т. Рысқұлов ауданы.