Тұрғындарды көмірмен қамту жұмысы көңіл көншіте ме?
Тұрғындарды көмірмен қамту жұмысы көңіл көншіте ме?
Қыс – қыр астында. Жұмаға жетпей қыркүйек түсіп, күздің келерін ескерсек, бүгінде өңір тұрғындарының қысқа дайындығын қарқынды жүргізетін жөні бар. Бұл орайда жылыту маусымына дейінгі ұйымдастыру жұмыстарының да уақтылы әрі сапалы атқарылуы маңызды. Ал қысқа қажетті қатты отын – көмір тасымалы қалай жүзеге асырылуда? Бағасы қандай болмақ? Осы және өзге де мәселелер облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиын барысында жан-жақты талқыланды. Алдағы 2018-2019 жылдардағы жылыту маусымына облыс тұрғындарына қажетті 332,9 мың тонна көмірдің бүгінге дейін 110,4 мың тоннасы немесе 33,2 пайызы тасымалданған. Өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіш 30,3 пайызды құраған. Салыстырмалы түрде көрсеткіште аз-маз өсім болғанымен, бұл бағытта жандандыруды қажет ететін жұмыстар да жоқ емес. Тұрғындарын қажетті қатты отынмен қамтамасыз етуде сылбырлыққа жол беріп отырған аудандар да бар. Атап айтар болсақ, бұл тұрғыдағы тапсырманы Сарысу ауданы – 14,1, Жуалы – 21,4, Жамбыл – 22,7, Талас – 28,3, Шу – 25,0 пайызға орындап, облыстық көрсеткіштен төмен нәтижеге тұрақтаған. Ал дәл осы мәселеде облыстық көрсеткіштен жоғары деңгейге қол жеткізген Қордай ауданы жоспарды – 56,0, Мойынқұм ауданы – 39,3 пайызға орындауда. Бұл туралы облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров баяндады.
– Бюджеттік мекемелерге қажетті 72,2 мың тонна көмірдің қазіргі таңда қамтылғаны 53,4 мың тонна немесе 73,8 пайызды құрайды. Бұл бағытта барлық аудандарға ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін көмір дайындау жұмысын 100 пайыз орындау жөнінде тапсырма берілген. Қатты отын тасымалдау ісі одан әрі жалғасуда. Бүгінгі күні Жуалы, Т.Рысқұлов аудандары және білім басқармасының бюджеттік мекемелері жоспарға сай көмірмен толық қамтылып отыр, – деген басқарма басшысы басқа да мәліметтермен бөлісті. Ағымдағы жылдың 24 тамызында Тараз қаласының 10 көмір сататын темір жол тұйығын аралап көру барысында 17,7 мың тонна нақты көмір бары анықталыпты. Сатылу бағалары 1 тонна көмірге фракцияларына байланысты әртүрлі болып келеді. Айталық, «Шұбаркөл» мен «Қаражыра» көмірінің тоннасы 14,5-18,0 мың, ал «Экібастұз» көмірі 10,0 мың теңгеден сатылуда. Аудандарда көмір сататын барлығы 19 орын бар. Жамбыл мен Байзақ аудандарының тұрғындары тікелей облыс орталығынан көмір сатып алады. Оңтүстік өңір болғандықтан, облыста қазіргі таңда тұрғындар тарапынан көмірге сұраныстың аса көп болмауына байланысты тапшылық байқалмайды. Алайда әне-міне күн суытып, жағдай мүлде өзгермесіне ешкім кепіл бере алмайды. Сол үшін де аудан әкімдері тұрғындарға ақпарат құралдары арқылы, былтырғыдай отын тапшылығы деректерінің орын алуын болдырмау мақсатында, көмірді ертерек сатып алулары бойынша тиісінше түсіндіру жұмыстарын жүргізулері қажет. Сондай-ақ аудандарда көмір бағасының тұрақты болуын қамтамасыз ету үшін, Шу (2,0 мың тонна) және Қаратау (3,0 мың тонна) қалаларында көмір сату орындарын ашудың қажеттілігі айқын сезіліп отыр. – Облыста көмір нарығында қаржылық мәселені шешіп, бағаны тұрақтандыру мақсатында көмір сатушы жеке кәсіпкерлер арқылы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қаржысын тиімді пайдалану жолдарын, әрбір аудан орталығында сату нүктелерін ашуды қарастыру керек. Нәтижесінде, алыпсатарларды жалпы нарықтан біршама шеттетуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ тасымалдау шығындары азайып, көмір бағасы тиімді бола түседі, – дей келе өңір басшысы Асқар Исабекұлы тиісті мекемелер мен аудан әкімдеріне темір жол тұйығынан шалғай аймақтарға көмір жеткізуге бірыңғай оператор ретінде «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын тартуды ұсынды. Өңір басшысы көмір саудасымен айналысатын кәсіпкерлерге тұрғындар үшін қысқа қажетті қатты отынды қазірден бастап сатып алуға кеңес беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Өйткені күз айларында жүк вагондарының жеткіліксіздігі мен жанар-жағар май құнының шарықтауы қатты отын бағасының көтерілуіне өз әсерін тигізбек.
Жанғазы АХМЕТ