Киелі жерлерді танытатын жүйелі істер
Киелі жерлерді танытатын жүйелі істер
Бүгінгі күні облысымызда 3 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. Олардың 711-і мемлекеттік, 25-і республикалық, 5-уі халықаралық, қалғаны алдын ала тізімге алынып отыр. ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік мәдени мұра» тізбесіне облыстан Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқан Ақтөбе (Баласағұн), Өрнек, Құлан, Қостөбе қалашықтары мен Ақыртас сарай кешені енгізілген. Елбасы Н.Назарбаевтың 2017 жылдың 12 сәуірінде жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыру мақсатында, Ұлттық музей жанынан «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығын құрып, «Қазақстанның киелі жерлерінің картасы» жобасын бекітті. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін өткен жылы республика бойынша киелі жерлердің тізімі жинақталған болатын. Аталған жобаны өңірімізде жүзеге асыру мақсатында облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының жетекшілігімен өлкетанушылардан, тарихшылардан, археологтерден жұмысшы топ құрылып, 2017 жылдың қазан-қараша айлары аралығында облыс көлемінде «Археологиялық экспедиция» ұйымдастырылды. Экспедиция барысында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы тізіміне енгізу үшін ескерткіштердің ерекшелігі мен құндылығына қарай бірқатар тарихи-мәдени нысандар туралы мәліметтер Ұлттық музей жанындағы «Қасиетті Қазақстан» орталығына жолданды. «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрған ұлттық сарапшылар кеңесі Жамбыл облысынан «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы тізіміне 8 жалпыұлттық және 27 өңірлік деңгейдегі тарихи-мәдени ескерткіштерді енгізді. Атқарылған жұмыстарды жалғастыру мақсатында ағымдағы жылы «Рухани жаңғыру» кіші бағдарламасының «Қасиетті Қазақстан» базалық бағыты бойынша мекеме тарапынан «Әулиеатаның киелі жерлерінің картасын» дайындау жобасы ұсынылып, бекітілді. Жобаның мақсаты: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қасиетті орындар ұғымын халықтың жадына сіңіру арқылы қоғамдық сананы жаңғырту болып табылады. Осы мақсатта облыстағы қасиетті орындардың деректер қоры жинақталып, киелі мекендер мен басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүргізу көзделген. Жобаның жаңашылдығы, жинақталған деректер мен материалдар БАҚ өкілдері арқылы ғана емес, сонымен қатар заманауи ақпараттық технологиялар арқылы да жұртшылыққа кеңінен насихатталады және қолжетімді болады деп күтілуде. Жобаны жүзеге асыру барысында облыс көлемінде орналасқан ескерткіштерді саралау үшін еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу институттары Ә.Марғұлан атындағы археология институты, Ұлттық университеттер мен жергілікті ЖОО-лардың тарихшы, археолог, этнограф, географ, өлкетанушы ғалымдарынан тұратын сарапшылар кеңесі мен жұмысшы тобы құрылды. Жасақталған жұмысшы топқа жергілікті атқарушы органдардың өкілдері (архитектура, жер қатынастары және т.б) де тартылып отыр. Жұмысшы топ өз кезегінде облыс көлемінде ғылыми экспедиция ұйымдастырып, тарихи-мәдени ескерткіштерге, оның ішінде халық арасында кеңінен танымал киелі орындарға жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Экспедиция барысында ғалымдардан құрылған топ киелі деп танылған ескерткіштерге қажеттілігіне қарай археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін болады. Яғни ескерткіштің аумағы мен хронологиялық мерзімі анықталып, олардың фотосуреттері, сызбалары, аэрофотолары, архивтік құжаттары және аңыз-әңгімелері жинақталып, цифрлы нұсқасы әзірленеді. Киелі орындар туралы ақпарат алуды ыңғайлы ету үшін арнайы сайт жасалады. Сайттың негізгі мақсаты – цифрлы ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, киелі жерлерге ғаламтор желісі арқылы қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы кез келген уақытта өңірдің киелі орындары туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік туындату. Сайт толық функционалды, үш тілдегі ақпарат көзі болады деп күтілуде. Арнайы сайтта «Әулиеатаның қасиетті орындарының» 3D форматы және олардың мультимедиялық өнімдері дайындалып, Әулиеатаның киелі жерлеріне қатысты ақпараттық материалдар, бейнематериалдар, ескерткіштер туралы роликтер, фотосуреттер және өзге де ақпараттар контенттері орналастырылып, қасиетті жерлердің виртуалды онлайн картасы жасалмақ. Бұл виртуалды картада нысандарды геоақпараттық кортографиялауға мүмкіндік беретін деректер қоры жинақталады. Өңірлік деңгейдегі қасиетті жерлердің жекелеген цифрлы төлқұжаттары дайындалады. Көпшілікке қол жетімді Әулиеатаның киелі жерлерінің виртуалды (кез келген интернет браузердің көмегімен, ешқандай қосымша бағдарламаны жүктемей-ақ, облыстың киелі жерлерін онлайын көре алу мүмкіндігі бар) картасы әзірленуде. Цифрлы мәліметтер өз кезегінде оны қолданушыларға онлайн түрде қолжетімді болып оны көшіріп алуға, сканерлеуге және т.б керегінше қолдануға мүмкіндік береді. Бұл арқылы облысымыздың тарихи-мәдени ескерткіштерінің танымалдылығы артады. Жинақталған материалдар негізінде «Әулиеатаның киелі жерлерінің» картасы мен жинақ дайындалып, 3 тілде баспадан шығарылады. Оқырман өңірімізде орналасқан қасиетті нысандарға байланысты аңыз-әңгімелер, тарихи деректер мен архивтік-ғылыми құжаттамалар туралы толыққанды мәліметтер алатын болады. Жоғарыда аталған жұмыстарды орындау арқылы біз Үкіметтің 2017 жылғы 24 сәуірдегі Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын («Қасиетті Қазақстанның» 3D форматта виртуалды картасын жасап, оны интернет желісіне мобильді құрылғыларға қолжетімді «Гугл» жүйесіне орналастыру) іске асыратын боламыз. Алдағы жылдары «Әулиеатаның киелі жерлерінің» картасына енгізілген тарихи нысандарға археологиялық ғылыми-зерттеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде аймақ көлемінде орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштердің танымалдығы артып, картаға енген ескерткіштер туристік нысан ретінде қалыптасуына мүмкіндік туындайды. Жоғарыда аталған іс-шараларды іске асыру арқылы облыс көлеміндегі тарихи орындар туралы деректер қоры жинақталып, киелі мекендер мен басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, қасиетті жерлерді ұлт жадында біртұтас кешен ретінде қалыптастырамыз.
Сейтжан ІЛИЯС, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ директоры.