Саясат

Үнемделген қаражат қалай игерілуде?

Үнемделген қаражат қалай игерілуде?

Өткен сенбіде Асқар Исабекұлының қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс жиырма алтыншы сессиясы өтті. Жиынға облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов төрағалық етіп, жүргізіп отырды. Сессияның күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралды. Алғашқы болып сөз алған облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова «2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихаттың 2017 жылғы 11 желтоқсандағы №18-3 шешіміне өзгерістер енгізу жайлы баяндама жасады. Ол өз баяндамасында 2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджетті нақтылау жобасы 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексіне, Елбасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы, «Бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуіндегі міндеттерді іске асыру аясында қалыптастырылғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ облыстық бюджет шығындары бойынша мемлекеттік сатып алудан үнемделген қаражат және өзіндік кірістерді 1 174 619,0 мың теңгеге ұлғайту есебінен бірқатар бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне қаржы бөлу қарастырылғанын жеткізді. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова Тараз қаласы әкімінің 3.07.2018 жылғы хатына сәйкес «Тараз қаласының атауы жоқ көшелеріне және шағын аудандарына атау беру және қайта атау туралы» мәселе Тараз қаласында тұратын облыстық мәслихаттың 14 депутатының талқылауына ұсынылып, қайта зерделеу жүргізілгенін айтты. Оның мәлімдеуіне сүйенер болсақ, зерделеу нәтижесі бойынша 2 шағын аудан мен 38 көше атаулары тізімнен алынып тасталған. Облыстық қоғамдық кеңестен оң қорытынды алынып, «Тараз қаласының көшелеріне және шағын ауданына атау беру және қайта атау туралы» облыс әкімдігінің №152 қаулысы қабылданған. Сонымен қатар басқарма басшысы Тараз қаласының 1 шағын ауданы мен атауы жоқ 25 көшесіне, атаулары қайталанатын 200 көшесіне атау беру және қайта атау туралы облыс әкімдігінің қаулысы мен облыстық мәслихаттың бірлескен шешімінің жобасы ұсынылып отырғанын хабарлады. Сессия барысында өзге де мәселелер қаралып, ұсыныстар бірауыздан бекітіліп, қаулы қабылданды.

Жанғазы АХМЕТ