Экономика

Төлем балансы бойынша статистикалық есептіліктерді ұсынудың тәртібі және мерзімдері туралы

Төлем балансы бойынша статистикалық есептіліктерді ұсынудың тәртібі және мерзімдері туралы

1995 жылғы 30 наурыздағы №2155 «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» ҚР Заңының 8-бабына сәйкес, Қазақстан Ұлттық Банкінің функциялары мен өкiлеттiктерiнің бірі болып статистикалық жұмыстар жоспарына сәйкес ведомстволық статистикалық бақылауды жүргізу, өз құзыреті шегінде мемлекеттік статистика саласында бақылауды жүзеге асыру, сондай-ақ қаржы нарығына шолу жасау, ақша-кредит және банк статистикасы, төлем балансы, халықаралық инвестициялық позиция және сыртқы борыш жөніндегі статистикалық ақпаратты қалыптастыру және тарату, төлем балансын болжамдық бағалауды әзірлеуге қатысу болып табылады.

ҚР Үкіметінің 29.01.1999 жылғы №71 «Қазақстан Республикасының төлем балансын жасау туралы» қаулысының 3-тармағына сәйкес, министрліктердің, агенттіктердің, өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ меншік нысанына қарамастан сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын кәсіпорындар мен ұйымдар мемлекеттік статистикалық есептерді тапсыруы қажет, ал статистикалық нысандардың/бақылаулардың атауларын, кезеңділігін және респонденттердің бастапқы деректерді ұсыну мерзімдері туралы толық ақпаратты жыл сайынғы ҚР Үкіметімен бекітілетін статистикалық жұмыстардың жоспарынан (2014 жылға арналған статистикалық жұмыстардың жоспары ҚР Үкіметінің 12.11.2013 жылғы №1209 Қаулысымен бекітілді) және Ұлттық Банктің арнайы интернет-ресурсынан көруге болады. Жалпы төлем балансы жүйесі бойынша Ұлттық Банкке тапсырылатын есептердің саны 18-ге жуық болса, оның ішінде ҚР ҰБ аумақтық филиалдарына респонденттің тұрғылықты жері бойынша тапсырылатын есептердің нысандары 9-ды құрайды, атап айтар болсақ олар: «Резидент еместерге қойылатын қаржылық талаптар және олардың алдындағы міндеттемелер туралы есеп» (1-ТБ нысаны), «Резидент еместерден алынған (резидент еместерге ұсынылған) көлік қызметтері туралы есеп» (2-ТБ нысаны), «Резидент еместерден алынған (резидент еместерге ұсынылған) темір жол көлігі қызметтері туралы есеп» (3-ТБ нысаны), «Резидент емес көлік кәсіпорындарының атынан жүзеге асырылған операциялар туралы есеп» (4-ТБ нысаны), «Резидент емес көлік кәсіпорындарына ұсынылған қызметтер туралы есеп» (5-ТБ нысаны), «Резидент еместерден алынған (резидент еместерге ұсынылған) байланыс қызметі туралы есеп» (6-ТБ нысаны), «Резидент еместерден алынған (резидент еместерге көрсетілген) қызметтер және субсидиялар туралы есеп» (7-ТБ нысаны), «Резидент еместермен халықаралық операциялар туралы есеп» (10-ТБ нысаны) және біржолғы «Кәсіпорындарды төлем балансы бойынша тексеру сауалнамасы». Аталған №1-ТБ нысаны бойынша есеп тапсыру мерзімі тоқсандық, есепті кезеңнен кейінгі екінші айдың 10-шы күнінен кешіктірілмей және №№ 2-ТБ, 3-ТБ, 4-ТБ, 5-ТБ, 6-ТБ, 7-ТБ, 10-ТБ нысандары тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 30-ынан кешіктірілмей тапсырылуы қажет. 2014 жылдың 9 қаңтарында ҚР Статистика агенттігінің (бұдан әрі – ҚРСА) №3 бұйрығымен 21.12.2010 жылы бекітілген №351 төлем балансының статистикалық нысандары мен оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтар туралы бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Өзгертулер 1-ТБ және 10-ТБ нысандарына қатысты болды, дәлірек айтсақ, 2014 жылдың 3 тоқсаны үшін тапсырылатын есептен бастап 1-ТБ және 10-ТБ нысандары бойынша есептер ұсыну №3 Бұйрықпен бекітілген жаңа нысандар бойынша жүзеге асырылатынына және кезеңділігі-жылдық нысандағы «Тауарлар экспорты және импорты кезінде тасымалдауға және сақтандыруға арналған шығыстар туралы кәсіпорындарды зерттеу сауалнамасы» ҚРСА 2014 жылғы 9 қаңтардағы №3 бұйрығымен күшін жойғанына респонденттердің назарын аударамыз! «Мемлекеттік статистика туралы» ҚР Заңына сәйкес, Ұлттық Банкке ұсынылатын ақпараттар конфиденциалды болып есептеледі және оны тек статистикалық мақсатта ғана пайдаланады. Ұсынылатын ақпараттар толық, шынайы және уақтылы болуы өте маңызды. Алғашқы статистикалық деректерді ұсынбау, уақтылы ұсынбау және дұрыс емес деректерді ұсыну әкімшілік құқық бұзушылық болып табылатынын және ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 381-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылатындығын есте сақтаған жөн. Осымен, еліміздің төлем балансының шынайылығы сыртқы сауда саясаты, шетелдік салымдарға қатысты бағытты жасау және теңгенің айырбас бағамын қалыптастыру аясында шешімдер қабылдаудың негізі болатындықтан, төлем балансы бойынша есептерді тапсырудың маңыздылығына және қажеттігіне кәсіпорын басшыларының назарын аударамыз.

Күлпараш ТҰРЫМБЕТОВА,

ҚР Ұлттық Банкінің Жамбыл филиалы экономикалық талдау және статистика бөлімінің бас маман-экономисі.