Саясат

Имамдар сертификат алды

Имамдар сертификат алды

Білім – әр адамның сенімді қаруы. Дін саласында сауатты болу өте маңызды. Имамдар білімді болса, қоғамның тыныштығы. Облыс әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында деструктивті діни идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында «Имамдар біліктілігін арттыру курстарын оқыту» тақырыбындағы мемлекеттік әлеуметтік жобасы шеңберінде Тараз қаласы мен аудандардан жалпы 100 имам өз біліктіліктерін арттыру курсын оқыған болатын. Имамдар облыстық «Һибатулла Тарази» медресесінде барлығы 84 сағаттық оқу бағдарламасын 2 аптада меңгеріп шықты. Оларға қазіргі таңдағы хадистану, Матуриди ақидасы, мұсылманның құқықтық негіздері, конфликтология, дағуат негіздері мен тәсілдері, қазіргі таңдағы фиқ мәселелері және дін психологиясы, террология, дін туралы мемлекеттік заңдар және реторика пәндері бойынша терең білім алуға жағдай жасалды. Аталмыш пәндер бойынша Мұрат Абзелбаев, Есбол Өміржанов, Қайрат Назарбек, Қайрат Құрманбаев, Асқар Акімханов, Рашид Мұхитдинов, Нұржан Стамбакиев, Ризабек Батталұлы, Асқар Сабдин, Данияр Сүлейменов, Наздан Маукен, Ернар Есімқұлов сынды ғалымдар мен білімді оқытушылар дәріс берді. Бұл екі апталық оқу семинарының қорытындысы «Һибатулла Тарази» медресесінің мәжіліс залында өтті. Жиынды облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров сөз сөйлеп ашып, жүз имамның жан-жақты білім алуы үлкен жетістік екенін айта келіп, мұндай ізгі жұмысты алдағы уақытта да жалғастыру қажеттігіне тоқталды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкілі, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев имамдардың біліктілігін арттыру жамағаттың сауатты болуына, теріс ағымға түсіп кетпеуіне тосқауыл болатынын айтып өтті. Шарада «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ басшысы Кенжекүл Жұмекеева, «Жаңа-ру» жастар коалициясының президенті Азамат Лесбек, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының директоры Қайрат Құрманбаев өз ойларын білдірді. Мұнан соң Жангелді Омаров пен Данияр Жұмабаев жүз имамға арнайы сертификат тапсырды. Енді білімін жетілдірген дін қызметкерлері халықты ізгі жолға жетелеу үшін сауапты жұмыстарына үлкен құлшыныспен кіресетін болады.

Есет ДОСАЛЫ