Мәдениет

«Электронды қазақ үй» – әрбір қазақ отбасының төрінде тұрарлық дүние

«Электронды қазақ үй» – әрбір қазақ отбасының төрінде тұрарлық дүние

Еңбектеген баладан еңгейген кәріге дейін тілін, ділін түзеп, ұлттық тамырларымызға тереңдеп бойлауына көмектесетін құнды жобаның тұсауы Астана мен Алматыда кесілген болатын. Енді, міне, қазақ «киіз үйінен» төгіліп тұратын ән-жырды жамбылдықтар да тыңдай алатын болды. Аталған жоба авторларының бірі, «Ұлас-Электрон» ЖШС-ның жауапты редакторы Жарқын Сәленұлы бұрнағы күні редакциямызға арнайы келіп, ұжым мүшелеріне бұл идеяның қалай туғаны, қайтіп жүзеге асырылғандығы жөнінде егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. 

2Өн бойына ұлттық өнердің небір жауһарларын сыйдырып тұрған жұдырықтай ғана «киіз үй» ұлттық рухты оятып-ақ жібереді. «Рухани қазына» деуге тұрарлық құнды дүние. Ондағы 150 ертегіні актер Айдос Бектемір мен елімізге танымал диктор Сауық Жақанова оқиды. Жоба авторларының айтуынша, бұл ертегілер де үлкен талғампаздықпен таңдалған. Ертегілер баланы мейірімділікке, ізгілікке тәрбиелейді. Ал екінші бөлімдегі екі жүзге жуық балалар әндерін талантты жасөспірімдер мен танымал әншілер орындайды. Былайғы уақытта балалар әні азайып кеткендей көрінеді. Өйткені оларды тауып, дәл осылай жинақтаған топтама жоқтың қасы. Енді осы арқылы кез-келген баланың өзіне қажетті әнді тыңдап, үйренуіне мүмкіндігі бар. Ең ғажабы, киіз үй үлгісіндегі кішкентай ғана «қобдишаға» оркестрден бастап, домбыра, қобыз, сыбызғы, жетіген, сазсырнай секілді ұлттық аспаптарымызда орындалатын бірнеше жүздеген қазақ күйлері сыйып тұр. «Киіз үй» есігіндегі кішкене түймені басып қалсаңыз болды, күй атасы Құрманғазыдан бастап, Қорқыттың, Дәулеткерейдің, Ықыластың, Сүгірдің, Тәттімбеттің, Ахмет Жұбановтың, Нұрғиса Тілендиевтің, Қаршыға Ахмедияровтың, Секен Тұрысбектің, Әбдімомын Желдібаевтың күйлері саулап төгіле жөнеледі. Сонымен бірге, жұдырықтай жүректің түкпіріне бойлап, алпыс екі тамырыңды иітіп, сан түрлі сезім толқынысына түсіретін әуезді әуеннің небір түрін – халық әндерін, терме-толғауларды, отаншылдық рухтағы әндерді, бесік жырларын да осыдан табасыз. Аталған әндердің дені алтын қорда сақталынған Кенен Әзірбаев, Жәнібек Кәрменов, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев бастаған ХХ ғасырдағы қазақ музыка мәдениетінің ерен құбылыстарының өз дауыстарымен шырқаған әндері болуымен де ерекше құнды. «Киіз үйдің» мазмұндық қорында Абайдың қара сөздері де бар. Осындай ғажайып дүние жасап, оны жасап қана қоймай, ортамызға әкеліп, тыныстырған Жарқын Сәленұлына облыстық «Ақ жол» газетінің редакциясы» ЖШС-ның директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы басылым қызметкерлері атынан алғысын білдіріп: «Бұл әрбір қазақтың шаңырағында тұруға лайық дүние екен. Ел бастаған көсемдеріміз, сөз бастаған шешендеріміз, қол бастаған батырларымыз бен ақын-жырауларымыз, кемеңгер-ойшылдарымыз, өнерпаздарымыздың бәрі-бәрінің кіндігі осындай киіз үйде кесілген. Осы бір қазақ үшін қастерлі дүниені заманауи нұсқада көз алдымызға әкелген жоба бізді қуантып отыр. Бұл елімізде тұңғыш рет шығарылып отырғандықтан кейін құнды жәдігер ретінде сақталатындығына күмәніміз жоқ. Жас ұрпаққа жөн сілтер бірегей жоба екен. Осы істің ұйытқысы болып жүрген өздеріңізге тек қана тілектестік білдіреміз» деп, газет ұжымының атынан қонақкәде ретінде сый-сияпат жасады.

Гүлжан РАХМАН,  «Ақ жол».