Азиаданың қола жүлдегеріне құрмет көрсетілді
Азиаданың қола жүлдегеріне құрмет көрсетілді
Таэквондошы Руслан Жапаров Таразға оралды
Бұл күнде жанкүйерлер назары Индонезияның Джакарта қаласында өтіп жатқан Азия ойындарына ауғаны белгілі. Азия ойындарында жамбылдық спортшылар да жасындай жарқырауда. Бірер күн бұрын таэквондодан тараздық Руслан Жапаров қола жүлдегер атанып, жанкүйерлерді қуантқан болатын. Кеше Азия ойындарының қола жүлдегері, Тараздағы жоғары спорт шеберлігі мектебінің түлегі Руслан Жапаров туған жеріне оралды. Оны облыс шекарасынан белгілі спортшылар мен жанкүйерлер, ата-анасы қарсы алды. Бұдан соң спортшыға құрмет көрсету шарасы «Тараз-Арена» спорт кешенінің алдында жалғасты. Азия ойындарының жүлдегерін алдымен облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков құттықтап, Русланның жеңісі Жамбыл өңірі үшін зор абырой екенін айтып, болашақта бұдан да зор жетістіктер тіледі. Бұдан кейін спорт ардагері Туғанбай Балтабаев, спортшының ата-анасы Қайрат Сағадиев пен Мира Жұмабаева, жеке бапкері Алтынбек Мусинов жылы лебіздерін білдірді. Кейіннен Руслан Жапаров жергілікті БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, байрақты бәсекеден кейінгі көңіл күйімен бөлісті. «Әрине, өздеріңіз білетіндей, Индонезияға алтын медаль алуды мақсат тұтып барғанмын. Әуелі Тайланд, Непаль елдерінің спортшыларын ұтып, Иран спортшысына ұпай санымен жол бердім. Бұл спортшымен бұрын-соңды жарыстарда кездеспеген едім. Сондықтан онымен жекпе-жек оңайға соқпады. Дегенмен алда мүмкіндіктер бар. Қыркүйек айының соңына қарай Қытай елінде «Гран-При» жарысы өтеді. Оған әлемнің ең үздік 30 спортшысы ғана қатыса алады. Осы аламанда бақ сынаймын. Одан әрі қарай Олимпиада жолдамасы үшін өтетін жарыстарда сәтті өнер көрсетіп, Токио Олимпиадасында отандастарымды медальмен қуантсам деген мақсатым бар. Жанкүйерлерге, бапкеріме және жоғары спорт шеберлігі мектебінің ұжымына рахмет айтамын», – дейді Азия ойындарының жүлдегері.
Есет ДОСАЛЫ