Экономика

Суармалы алқап көлемі ұлғаяды

Суармалы алқап көлемі ұлғаяды

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы кезекті баспасөз мәслихаты Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Нұрлан Балғабаевтың қатысуымен өтті. «Суармалы егіншілікті тұрақты дамыту» тақырыбын қаузаған Нұрлан Нұрмаханұлы Мемлекет басшысының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында еліміздің аграрлық секторының алдағы 5 жыл ішіндегі бағдарлары ауқымды екені, агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін кем дегенде 2,5 есеге арттыру қажеттігі атап көрсетілгеніне кеңінен тоқталды. «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасында жер және су ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыру қарастырылғаны белгілі. Соған сәйкес тек қана 5 жыл көлемінде еліміздегі суармалы жерлердің алқабын 610 мың гектарға ұлғайту көзделуде, нәтижесінде оның жалпы аумағы 2 миллион 10 мың гектарға жетпек», – деген баяндамашы суармалы егіншілікті дамытуда суды үнемдеу технологияларының пайдаланылуын ерекше назарда ұстау қажеттігін, бұл өз кезегінде ағын судың қосымша көлемін қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін 2 есеге арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл орайда шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Салада негізгі мелиоративтік қорлардың ескіріп, тозуы, ирригациялық жүйелерді ұзақ уақыт және жөндеусіз пайдалану салдарынан олардың техникалық деңгейінің төмендеуі сияқты түйткілді жайттардың орын алып отырғаны бұған нақты айғақ бола алады. Осы мәселелерді алға тартқан баяндамашы оларды шешу бойынша институт тарапынан қолға алынған іс-шараларға да кеңінен тоқталды. Басқосу соңында ведомство басшысы журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап қайтарды.

 

Альмира ОМАРОВА

Тараз қаласы.