И.Тасмағамбетов ЮНЕСКО-ның «Жібек жолы» медалімен марапатталды
И.Тасмағамбетов ЮНЕСКО-ның «Жібек жолы» медалімен марапатталды
Елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов ЮНЕСКО-ның «Жібек жолы» медалімен марапатталды. Награда бүгін Астанада өтіп жатқан ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиялардың бірлескен аймақаралық бірінші кеңесі барысында табыс етілді. «Осындай маңызды халықаралық форумды өткізу бізге үлкен мәртебе. Алдымен, астаналық үнқатысу алаңын таңдау - бұл ЮНЕСКО-ның Қазақстанға, оның Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа деген зор сенімінің айқын көрсеткіші. ЮНЕСКО біздің еліміздің халықаралық бастамаларына үнемі ерекше назар аударуда», - деді И.Тасмағамбетов марапаттау рәсімінде. Сонымен қатар елорда әкімі ұзақ жылдар бойы ЮНЕСКО құрылымымен тікелей жұмыс істеп, Қазақстанның ұлттық комиссиясын басқару бақытына ие болғандығын атап өтті. «Мен үшін бұл жылдар кәсіби тұрғыда, сонымен бірге әлемнің түрлі елдеріндегі әріптестеріммен жеке қатынаста да ұмытылмас сәттерімен ерекше. Сондықтан бүгін осындай беделді халықаралық ұйымның марапатына ие болу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл менің ғана еңбегім емес, ЮНЕСКО миссиясын орындауда білімі мен жанын берген барлық әріптестеріме берілген жоғары баға», - деді ол.
Ақпарат көзі: www.kazinform.kz