Спорт және туризм

Иран спортшылары бізден озып кетті

Иран спортшылары бізден озып кетті

[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="83265,83266,83267"]

Индонезияда өтіп жатқан Азия ойындарында боксшылар аламаны басталды. Қазақстан құрамасы сапынан алғаш болып шаршы алаңға жерлесіміз, 69 килограмм салмақ дәрежесіндегі жамбылдық жампоз Асланбек Шымбергенов көтерілді. Шаршы алаң қожайыны Сарохатуа Лумбатобинмен жұдырықтасқан жамбылдық оғлан қарсыласын 5:0 есебімен жеңді. Енді ол пәкістандық боксшымен қолғап түйістіреді. Сондай-ақ 52 килограмм салмақтағы Азат Махметов те келесі кезең жолдамасына ие болды. Оның қарсыласы жекпе-жектен бас тартты. Бокстан әйелдер арасындағы дода да басталып кетті. 57 килограмм салмақтағы Сәния Сұлтанқызы шри-ланкалық Кешани Кастури Араччигемен жұдырықтасып, қарсыласынан басым түсті. Азия ойындарында ел құрамасының қоржынына күміс пен қола молынан түскенімен, әзірге алтын жүлде аздау болып тұр. Әйткенмен алдағы күндерден үміт жоқ емес. Өйткені алдағы уақытта ел сенім артқан нағыз сайыпқырандарымыз аламанға араласады. Жалпы бейсенбі күні алғашқы медальді академиялық есу спортының шебері Александра Опачанова иеленді. Палембангте өткен аламанның жекелей сынында ол Қытай, Тайпей спортшыларын алға жіберіп, қола жүлдегер атанды. Кейіннен таэквондошы Ерасыл Қайырбекке де қола медаль бұйырды. 68 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түскен ол алғашқы кездесуінде тайландтық Нутхави Кломпонганы 26:10, малайзиялық Розайми Розалиді 12:1 есебімен ойсырата жеңіп, жанкүйерлерді қуантып тастаған-ды. Қазақстандық спортшы жартылай финалда әйгілі оңтүстіккореялық спортшы Да Хун Лиге 10:32 есебімен жол берді. Оңтүстік Корея спортшысы әлемдік рейтингтің көшбасшысы әрі үш дүркін әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының күміс және қола жүлдегері саналады. Сондықтан Ерасылды кінәлауға еш негіз жоқ. Қола жүлделер шеруі мұнымен толастаған жоқ. Стенд атудан «дубль-трап» бағдарламасы бойынша 125 ұпай жинаған Мария Дмитриенко үздік үштіктен көрінді. Алтын және күміс жүлде Қытай спортшыларының қанжығасында кетті. Жүзу спортынан Дмитрий Баландин брасс әдісімен 50 метрге жүзуде үшінші орын алып, екінші қоласына қол жеткізді. Кейін тағы бір саңлағымыз қола медаль жеңіп алды. Баттерфляй әдісімен 50 метр қашықтықта бақ сынаған Әділбек Мусин ел сенімін ақтай білді. Сонымен қатар құрамында Дмитрий Баландин, Әділ Қасқабай, Әділбек Мусин, Александр Варакин сынды сайыпқырандар бар ерлер құрамасы 4х100 метрлік эстафетада үшінші орын алды. Жұптық жарыста кортқа шыққан теннисші қыздар Гозаль Айнитдинова мен Анна Данилина жартылай финалға дейінгі қарсыластарын оңай ұтқан еді. Алайда финалдық жолдама сарапқа салынған кездесуде Тайпей спортшыларынан ұтылып, қола жүлдені қанағат тұтты. Аралас жұп ретінде бақ сынаған теннисшілер Александр Недовесов пен Анна Данилина да қола медаль иегерлері атанды. Джиу-джитсу спортының шеберлері де жүлдегерлердің қатарынан көрініп жатыр. Алдымен 56 килограмм салмақ дәрежесінде бақ сынаған Нұржан Сейдуәлі үшінші орын үшін өткен шайқаста өзбек спортшысы Акмал Амировты 4:2 есебімен жеңді. Нұржанның әріптесі, 69 килограмм салмақ дәрежесінде топқа түскен Нартай Қажеков те үшінші тұғырға табан тіреді. Ерлер арасындағы теннис бәсекесінде Қазақстан спортшылары күміс медаль иеленді. Жұптасып сынға түскен Денис Евсеев пен Александр Бублик финалға дейінгі ойындарда өздерінің шын мықты екендіктеріне күмән келтірмеген болатын. Әйткенмен шешуші кездесуде Қазақстан теннисшілері үндістандық спортшыларға екі сетте де жеңіліп, күміс жүлдеге иелік етті. Қазіргі кезде үш алтын медалі бар Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте он бірінші орында келеді. Негізгі меже – төрттіктен көріну. Алайда 10 алтын медаль иеленген Иран құрамасы бізден кәдімгідей ұзап барады. Әрине, алда әлі бірнеше жарыс күні тосып тұр. Алтын жүлдеден үмітті спортшыларымыз жеткілікті. Тек солар сүрінбей, ел сенімінен шығып, көк Туымызды көкте желбіретсе дейміз. Әйтпесе, үздіктер қатарынан көріну тек арман болып қалатыны айтпаса да түсінікті.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.