Саясат

ЮНЕСКО құндылықтарын алға жылжыту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз - Н.Назарбаев

ЮНЕСКО құндылықтарын алға жылжыту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз - Н.Назарбаев

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елордада өз жұмысын бастаған ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиялардың бірлескен аймақаралық бірінші кеңесіне қатысушыларға құттықтау жолдады. Елбасы құттықтауын ҚР Мемлекеттік хатшысы Әділбек Жақсыбеков оқып берді. «Біздің барлығымызды әлем мен ғаламшарымызға қамқорлық, жоғары стандарттарға, ғылыми прогресс пен тұрақты дамуға ұмтылыс біріктіреді. Аумағында 130-дан астам этнос бейбітшілікте өмір сүріп жатқан Қазақстан үшін ЮНЕСКО-ның мәдениетаралық, өркениетаралық және өңіраралық сұхбаттастықты нығайтуға бағытталған қызметі ерекше жақын. Біз өз тарапымыздан ЮНЕСКО құндылықтарын,  төзімділік ұстанымдары мен жаңа ізгілік идеясын алға жылжыту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз», делінген Елбасы құттықтауында. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан мәдениеттердің жақындасуының халықаралық жылы мен халықаралық онжылдығын қоса алғанда көптеген жаһандық бастамалар көтергендігін атап өтіп, бүгінде Астана әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі өтетін орынға айналғанын баса айтқан.

«Бүгінде ЮНЕСКО идеалдарының танымалдығын арттыру ұйымға мүше елдер тарапынан тұрақты күш-жігерді және ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиялар сынды ынтымақтастықтың бірегей құралын толыққанды пайдалануды талап етеді. Бірінші өңіраралық кеңесті өткізу серіктестікті нығайту жолындағы маңызды қадам болатындығына сенімдімін», дейді ҚР Президенті өз құттықтауында. 1 Ақпарат көзі: www.kazinform.kz