Жамбылдың жампоздары жарап тұр
Жамбылдың жампоздары жарап тұр
Грек-рим күресінің шебері Нұрмахан Тінәлиев күміс, таэквондошы Руслан Жапаров қола жүлдегер атанды
Индонезия астанасы Джакарта қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында жамбылдық спортшылар жасындай жарқырап, жеңісті жорықты жалғастырып жатыр. Алдымен жартылай финалға дейінгі қарсыластарын оңай ұтып келген таэквондошы оғланымыз Руслан Жапаров қола жүлдеге қол жеткізді. Рио-де-Жанейро Олимпиадасында Ту ұстап шыққан Руслан 80 килограмнан жоғары салмақта сынға түсіп, жартылай финалда Иран спортшысына ұтылған соң, қола медальді қанағат тұтты. Өз сөзінде Руслан алтын медаль үшін келгенін айтып, сәл ғана сәттілік жетіспегенін тілге тиек етті. Жамбылдықтар грек-рим күресінен үш дүркін әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұрмахан Тінәлиевтен жоғары нәтиже күткені жасырын емес. Нұрмахан елінің сенімін ақтады. 130 килограмм салмақ дәрежесінде белдескен жерлесіміз финалға қиналмай жетті. Бұған дейін екі мәрте Азия ойындарында топ жарған жамбылдық жампоз үшінші рет атой сала алмады. Ақтық сында өзбек балуаны Муминжон Абдуллаевқа жол берген ол Азия ойындарының күміс жүлдегері атағына қол жеткізді. Дегенмен кезінде Азияда Нұрмахан қарсылас шыдатпағанын айта кету керек. Азия ойындарындағы жамбылдықтардың табысы мұнымен толастаған жоқ. Су добынан сынға түскен әйелдер құрамасының негізгі құрамы «Айша бибі» командасының спортшыларынан жасақталғаны мәлім. Жамбылдық арулардан құралған қыздар құрамасы да намысты қолдан бермей, күміс медальді қоржынымызға салды. Олар шешуші ойында Жапония қыздарын 12:11 есебімен жеңген болатын. Біз ел спортшыларынан, жамбылдық өзге де сайыпқырандардан тек жүлде күтеміз! Алға, Қазақстан!
Табиғат АБАИЛДАЕВ