Әлеумет

«Бәйтеректегі» бақытты шақ

«Бәйтеректегі» бақытты шақ

25 24 23Бүгінде бала біткен «жаз жайнатып, күн күлдіріп», алаңсыз асыр салып жүр. Жаздың аптап ыстығында салқын да саялы демалыс орындарының мектеп оқушылары үшін орны ерекше. Жалпы лагерьде демалу кезеңі 1 маусымнан басталып, облысымыздағы 10 сауықтыру лагерінің 9-ы балалардың шат-шадыман күлкісіне бөленген-ді. Қала сыртындағы осындай сауықтыру лагерьлерінде 1994 бала демалып жүрсе, 15 мыңға жуығы мектеп жанындағы бір мезгілдік ыстық ас ұйымдастырылатын демалыс алаңдарында, одан бөлек 35 мыңнан астам бала еңбек, спорттық-сауықтыру бағытындағы демалыс орындарында бос уақыттарын тиімді өткізді. Біз осы ретте балалардың жазғы демалысын қызықты етіп өткізуді бастап кеткен жеке меншіктегі «Бәйтерек» балалар демалыс орталығына барып қайтқан едік.26

Лагерь Байзақ ауданы аумағына орналасқан. Жасыл желегі де мол. Қос қабатты еңселі де жарық ғимараттары, арнайы би залы, медициналық бөлігі, ойын алаңдары мен мәдени шараларды өткізуге арналған сахнасы да бар. Бес мезгіл тамақ берілетін асханалары да мейрамхана үлгісінде бой түзепті. «Бұл демалыс-сауықтыру орны былтыр ғана ашылған. Мұнда балалардың жазғы демалысын есте қаларлықтай етіп өткізуі үшін барлық жағдай жасалынған. Тендерде ұтып алу шартына сәйкес, бүгінде мемлекет қаржысы есебінен мұнда облыстағы Қ.Сарымолдаев атындағы балалар үйінің – 136, В.Савва атындағы мектеп-интернатының 69 тәрбиеленушісі және Меркі ауданының көпбалалы, аз қамтамасыз етілген отбасыларының 100 баласы демалуда» дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлзира Дәрібаева. Жалпы мұнда балалардың мәнді демалысы жеті ауысым бойынша үздіксіз жүргізіледі. Әр кезеңдегі 9 топқа жеке-жеке екі тәрбиешіден бекітілген. Солардың бірі – лагерьдің аға тәлімгері Ақсәуле Кәрімбекованы әңгімеге тарттық. «Мұнда түрлі қызықты шаралар, түрлі байқаулар көптеп ұйымдастырылады. Лагерь деген бала үшін өте қызық қой. Мұнда бала жаңа достар табады, қызықты ойындар үйренеді, еңбекке араласады. Біз әр күнді арнайы белгілеп, мереке түрінде өткіземіз. Бүгінгі күн «Жақсы қарым-қатынас күні» деп аталады», – деді ол. Балалардың дені би билегенді ұнатады екен. «Кешке би ұйымдастырылады» дегенде жан-жақтан жамырай шу ете қалғанынан осыны аңғардық. Меркіден келген Аяна Жақсыбаева есімді оқушы қыз да бұл өнерді жанындай жақсы көретін болып шықты. Ол да: «Бәйтерекке» демалуға бірінші рет келіп тұрмын. Көптеген достар таптым. Маған бұл жердің әр күні қызықты өтуде. Бір күні қызықты ойындар ойнасақ, келесі күні керемет байқауға қатысамыз», – деп бізге лагерьден алған әсері жөнінде әңгімелеп берді. Қалай десек те, дәл қазiр балалардың нағыз рахатқа кенелетiн кезi. Лагерьдегiлер отрядтарға бөлiнiп, күн сайын түрлi ойын-сауық iс-шараларын өткiзiп, табиғат аясында серуендеп жүр. Әрине, мүмкіндік болса баланың осындай тұмса табиғат аясында демалғаны қандай жақсы?! Баланың күмiс күлкiсi мен шаттығына не жетсiн!

Гүлжан РАХМАН,  «Ақ жол».

Байзақ ауданы.

Суреттерді түсірген Алтынбек Қартабай.