Саясат

Ең негізгі талаптың бірі – қоғамдық тәртіп мәселесі

Ең негізгі талаптың бірі – қоғамдық тәртіп мәселесі

Парламенттің қос палатасының депутаттары бүгінде өңір халқымен кездесулер өткізуде. Жергілікті тұрғындардың мұң-мұқтажы мен ой-ұсыныстарын тыңдаған халық қалаулылары оларды Парламенттің кезекті сессиясында ортаға салып, көтерілген мәселелердің шешімін табуға тырысады. Күні кеше Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров пен Сенат депутаты Абдалы Нұралиев өңіріміздегі жұмыс сапарын облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлерімен кездесуден бастады. Басқосуда Сенат төрағасының орынбасары жиылған қауымды қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтап, елімізде тыныштық болуын тіледі. «Себебі қаншама елде қайғылы жағдайлар болып жатыр. Халқы жапа шегіп отыр. Ал біздің елде, шүкір, ондай қиындық жоқ. Мұның артында қандай еңбек, қаншама жұмыс жатыр. Бұл тыныштық оңай келген жоқ» деген халық қалаулысы Парламент Сенаты мен өз міндеттерін таныстыра келіп, былтыр да, биыл да 9 заң жобасы Мәжіліске кері қайтарылып, 84 заңның қабылданғанын жеткізді. Кездесу құқық саласына қатысты болғандықтан, сессияда, яғни Сенаттың 1 қыркүйек пен 30 маусым аралығында атқарған жұмыстарында қаралған ең негізгі заңдарға тоқталды. – Мынадай деректерге тоқталсам, егемен еліміз өткен ғасырдың соңына қарай, яғни 97-99 жылдары бас бостандығына жаза тағайындайтын әлемдегі 5 мемлекеттің ішінде 4-орында тұратын. Әрбір 100 мың адамға шаққанда, жасаған қылмысы үшін түрмеге отырғызу, бас бостандығынан айыру 70-80 пайызға жететін. Сол кездің кодексіне қарай талап та сондай болды. Тіпті өлім жазасы да тағайындалатын. Небір ауыр істер орын алды. 2005 жылдан бастап осы мәселе зерделене бастады. Арнайы жұмыстардың жүргізілуі арқасында бас бостандығынан айыру жазасының көрсеткіші қазір 24 пайызды құрап отыр, – деген Бектас Әбдіханұлы ең негізгі талап қоғамдық тәртіп екенін баса айтты. Содан кейін департамент қызметкерлері тарапынан қолданыстағы заңға қатысты айтылған ұсыныстарын тыңдап, басқа да мәселелерге назар аударды. Бұдан кейін сенаторлар құқық қорғау қызметі орталығының жұмысымен танысты. Бейнебайланыс арқылы шағым беру, қорғаушы, бітімгер, әділет департаментінің маманы мен прокурордың тиісті бөлмелерімен қамтылған орталықтың жұмыс барысымен таныстырған орталық басшысының орынбасары Жасұлан Кемелбеков мұндағылардың басты ұстанымы, Елбасымыз айтқандай, «Адамдарды қабылдап, тыңдау керек. Олардың талап-тілектері ұсақ болса да шешілуі тиіс» дегенді жеткізді. Жұмыс сапарының мақсатына тоқталған Сенат Төрағасының орынбасары: – Қазір Сенат депутаттары барлық өңірде жүр. Олар облыстарда естіген, көрген мәселелерін түртіп, әрі қарай депутаттық сауалдар арқылы немесе дөңгелек үстелдерде, үлкен жиналыстарда көтеріп, заңнаманы уақыт талабына сәйкестендіруге атсалысады. Қыркүйектің басында Парламент кезекті сессиясын жалғастырады. Сонда осы айтылған мәселелердің барлығы ортаға салынатын болады. Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде «7-20-25» бағдарламасы арқылы тұрғын үймен қамту, студенттер үшін мемлекеттік гранттарды көбейту, олардың жатақхана мәселесін шешу, оқу орны тарапынан білімгерлерге жасалатын жағдайды жақсарту мен газдандыру мәселелері қамтылған. Деректерге сүйенсем, Жамбыл жұртшылығының жартысынан көбіне әлі газ жетпеген. 2022 жылға дейін негізінен бұл мәселе шешілуі керек. Мәселен, Қызылорданың Тереңөзегінен газ тартылып, Жезқазған, Қарағанды, Теміртау, Астана мен Петропавл қалаларына дейін жеткізілуі көзделуде. Ал Тереңөзек бұл жерден қашық емес. Батыс өңірдің көп елді мекеніне газ тартылып бітуде. Сондықтан көрші жатқан облыс арқылы аталған мәселені шешуге әбден болады. Мәселен, былтыр көмір мәселесінде қандай даулар болды. Егер газ тартылса, мұндай кикілжіңдер туындамас еді. Бұл да талқыланатын жайттардың бірі. Құқықтық қызмет көрсету орталығын алсақ, керек мамандарыңызды бір-ақ жерден табасыз. Егер қажет деп есептесе, прокурорға жүгіну үшін оны іздеп прокуратураға барудың қажеті шамалы. Қорғаушы, прокурор, заңгер мен әділет басқармасының өкілін іздеп жүрмей, осы орталықтан тегін көмек ала алады. Бұл – өте жақсы ойлап табылған дүние. Келген тұрғындар мен қызметкерлердің пікіріне сүйенсек, қызметтің сапалылығы мен туындаған сұрағына дер кезінде жауап алатындығы байқалады, – деді. Сенаторлардың Жамбыл жеріндегі жұмыс сапары әрі қарай кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мен Байзақ ауданында жалғасты.

Альмира ОМАРОВА

Тараз қаласы.