Әлеумет

От-ойранмен арпалысқан жаужүрек

От-ойранмен арпалысқан жаужүрек

орманшы-қорықшы Асылбек Алтаев қайсарлықпен қаза тапты

 width=Халқымыз «Өрт – тілсіз жау» деп текке айтпаса керек. Адамзат ес жиып, етек жапқалы бері одан жапа шегіп келеді. Тарихқа үңілсек, кездейсоқ шыққан өрттен бүтіндей ауылдар мен қалалар күлге айналған жантүршігерлік оқиғалар аз емес. Ол – өсімдіктің, әсіресе орманның жауы. Статистика бұрын жер бетінде жайқалып тұрған сегіз миллиард гектар орманның үш миллиард гектардан астамы отқа оранғанын алға тартады. От-ойран қазір де лаңын аз салып жатқан жоқ. Өркениетті елдер оның алдын алуға және өшіруге ерекше маңыз береді. Басқаны айтпағанда, олар ормандағы өртті ұшақ және тікұшақтардың көмегімен сөндіреді. Елімізде орман қоры небәрі 4 пайызды құрайды. Тілсіз жаудың кесірінен жыл сайын сол аз ғана жасыл желектің мыңдаған гектарларынан айырылады екенбіз. Әлбетте, бұл бағытта елімізде еш нәрсе жасалмай жатыр деп айтудан аулақпыз. Барлық жерде ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелер жұмыс істейді. Әйтсе де олардың материалдық-техникалық базасы сын көтермейді. Мамандардың айлықтары шайлықтарына жетпейді. Соның салдарынан орманшылар ойран ошағына дер кезінде жете алмайды. Жеткен күнде оны жылдам ауыздықтауға қауқарсыз. Тіркелген бір өрттің өзі жүздеген, кейде мыңдаған гектар шабындық пен орман-тоғайды жалмап кетеді. Кейінгі кезде оны сөндіремін деп опат болған азаматтардың қатары да көбейіп келеді. Үстіміздегі жылдың алтыншы және тоғызыншы тамызы аралығында Ақыртөбе ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің қарамағындағы аумақта орын алған табиғат апаты кезінде тағы бір атпал азаматымыздан айырылдық. Мыңдаған жылдар бойы өсіп, таудың көркіне айналып тұрған арша, шырша, аққайың және тобылғы сияқты өсімдіктер бір сәтте күлге айналды. От сондай-ақ жүздеген гектар шабындықты шарпыды.

Асылбектің жарына айтқан соңғы сөзі

«Құдайдың құдіретін көргің келсе, тауға бар» дейді халық даналығы. Ақыртөбе ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің орманшы-қорықшысы Асылбек Алтаевты осы жұмысқа алып келген жүрегіндегі табиғатқа құштарлығы мен жанашырлығы шығар. Қайыңды ауылының тумасы биыл 46 жасқа толған болатын. Осы мекемеге 2010 жылы жұмысқа орналасқан. Мақпал бөлімшесінің баурайындағы орманшының үйінде жұбайы Айжан, ұлы Ербол, қыздары Ақерке, Еркеназ және Еркежанмен бірге өз міндетін мінсіз атқарып, алаңсыз өмір сүріп жатқан болатын. Биыл бесінші тамыз күні қарындасы Назгүл және күйеу баласы екеуі қонаққа келіпті. Көптен бері кездеспеген туыстар түннің бір уақытына дейін ағыл-тегіл әңгіме шерткен. Асылбек түнде кеш жатқанына қарамастан таңертең ерте тұрған. Таңертеңгі сағат сегізге жуық есіктің алдына «УАЗ» автомобилі келеді. Одан орманшы-қорықшы Хасан Медерқұлов пен орман шебері Әбдіжәміл Әбдірайымов түседі. Екеуі қосарлана: – Тез жинал! Тау жанып жатыр, – деді. Шұғыл үйге кірген Асылбек жұбайына: – Айжан, өрт сөндіруге кетіп барамын. Кешікпей келемін, – деді. Хлопушканы (өрт сөндіретін құрал) қолына ілген ол рациясын алуды да ұмыт қалдырыпты. Айжан сол сәттегі әңгімені ширек ғасырға жуық отасқан жұбайының соңғы сөзі екенін қазір қиналыспен, қамыға еске алады. Уазикке мінген үш қызметкер Қараша сайын бетке алып зулап келеді. Көп ұзамай жеті басты айдаһардай тілі сумаңдаған, жолындағысын жапырып келе жатқан от-ойран да көрінді. Көлікті тау баурайына тастаған олар құралдарын алып жоғары қарай өрледі. Бірер шақырымдай жер жүрген соң оны сөндіруге кірісіп кетті. Бұл кезде мекеме басшылары екінші топты жасақтап, таудың басына қарай жөнелтіп жатқан болатын. Айтмұханбет пен Хасан көз ұшында қызыл жалынды сабалап жүрген Асылбектің ұзақ уақыт көрінбей қалғанын кеш байқады. Біраз уақыт іздегеннен кейін оның Қараша сайында басы жарылып, қолдары сынып, қансырап жатқанын көрді. Сандырақтап жатқан ол: «Мені тастап кетпеңдер!» деген сөзді қайталай береді. Айтмұханбет биікке шығып басшыларға және отбасына Асылбек Алтаевтың апатқа ұшырағанын хабарлады. Өкінішке қарай, олар тауға өрмелеп орманшы жатқан жерге келгенде Асылбек жантәсілім еткен еді.

Күдік пен жорамал

Марқұм үйге жеткізілгеннен кейін дау-дамай басталып кетті. Арыстай азаматтан айырылу оңай ма? «Ашынғаннан шығады ащы даусым» демекші, Асылбектің қазасын әріптестерінен көргендер де болды. «Өрт қырғыз жағынан шыққан», сол жаққа асып кеткен орманшыны шекарашылар атқан деген дәлелсіз әңгімелер де айтылды. Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері оның анық-қанығына жетпей эфирге шығарып та жіберген. Оқиға орын алғаннан кейін шұғыл комиссия құрылып, тексеру жүргізуді бастаған. Оның жұмысы әлі аяқталған жоқ. Бірақ алғашқы болжамдар мен жорамалдар да жасалған. Тау шыңында тасқа тіреліп өсіп тұратын шырша, бозарша және аққайың сияқты өсімдіктер болады. Олар өртенген кезде тастар төмен қарай сырғып, домалайды. А.Алтаев бар ойы мен күш-жігерін тілсіз жауды ауыздықтауға жұмсап жатқан кезде биіктен ыршып келген үлкен тас оны көкіректен соққан. Марқұм сайға құлағанда одан бөлек басы мен қолдарынан жарақат алған. Комиссия қорытындысы шығатын күн де алыс емес. «Мақпал» бөлімшесі аумағында орын алған өрттің ошағы қайдан басталғаны әлі күнге белгісіз. Ол қырғыз елі жағын асып келген деген жорамал да бар. Үш күнге созылған алапат тағы да жүздеген гектар орман қорын опат етті. Жүздеген гектар шабындық күлге айналды. Оны сөндіруге облыстағы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің орманшы-қорықшыларымен қатар Алматыдағы «Казавиалес күзет» мекемесінен тікұшақ шақырылды. Тікұшақ таудың төбесіне қарай сөндірушілерді тасымалдады. Қысқасы, жалынды ауыздықтауға жүзден астам адам қатысты. Соңғы оқиға біздің табиғат қорғаушы мекемелердің тілсіз жауды тоқтатуға қауқарсыз екенін көрсетті. Ақыртөбедегі мекемеде 14 бірлік техника бар. Мекеме мамандары қарамағындағы 17500 гектар аумақта аң-құстарды қаскөйлердің аулауынан, өрттің алдын алу шараларын жүргізумен және ол болған жағдайда ауыздықтаумен шұғылданады. Осындағы үш доңғалақты трактор биыл өртке қарсы ені 4 метр 450 шақырым жер жыртқан. Бұған қоса үш мотоцикл, алты «УАЗ», үш «Нива» және бір өрт сөндіретін автомобиль бар. Рация да жетіспейді. Мекемеге отыз рация қажет болса, мұнда оның бесеуі-ақ бар. Мекемеде 62 адам жұмыс істейді. Оның жартысы – орманшы-қорықшылар. Әрбір орманшыда бір жылқы немесе мотоцикл болуы керек. Өкінішке қарай, мұнда небәрі екі мотоцикл, төрт ат қана бар. Мамандар ат шаптырым жерді жаяу қалай аралайды? Ең сорақысы, орманшы-қорықшылардың айлық жалақысы – 40 000 теңге. Қазіргідей азық-түлік пен күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасы үздіксіз өсіп жатқан кезде бұл жалақы қай жыртыққа жамау болады? Отбасын қалай асырайды? Ауылда жұмыс жоқ. Сондықтан да олар осыны да қанағат қылып жүрген сыңайлы.

Орнында бар оңалар

Осы мақаланы жазардың алдында көптеген адамдармен жолығып, әңгімелестік. Ақыртөбе ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры Жандар Мұздыбаев Асылбек марқұмның өз ісінің нағыз маманы екенін айтады. Ол қызметтік міндетін орындау үстінде мерт болды. Сондықтан да А.Алтаевты мемлекеттік марапатқа ұсынып жатыр. Атпал азаматты жерлеуге материалдық көмек көрсетіпті. Келешекте ұлы Ерболды әкесінің орнына жұмысқа қабылдамақ екен. Мекеме басшысы зардап шеккен отбасына басқа да көмек қолын созу жолдарын қарастырып жатқанын айтты. Айдың күні аманында бауырынан айырылу оңай ма? Қарындасы Назгүл ағасының өліміне мекеме басшыларын кінәлайды. А.Алтаевтың жекеменшік үйі жоқ екен. Үй шаруасындағы жұбайы Айжан екеуі қорықшының үйінде тұрған. Енді шиеттей бала-шағамен қайда барып паналаймын деп ол қамығып отыр. Алайда Ерболды басшылардың жұмысқа қабылдаймын деген сөзі дәтке қуат. Мекеме директорының орынбасары Бауыржан Мұқашов Асылбектің көпшіл, өз міндетіне жауапкершілікпен қарайтын азамат екенін айрықша қадап айтты. Тілсіз жауды ауыздықтаудың оңтайлы жолдарын әңгімеледі. Марқұмның досы Тұрдынияз Қожанов А.Алтаевтың ақкөңілділігіне, адалдығына, көкпарға құштарлығына ерекше тоқталды. Ауылдасы әрі ағасы, орман қорғау инженері Нұржан Сералиев Асылбектің жақсы қасиеттерінен бөлек орманшылардың ауыр жағдайы мен қиын жұмысын тілге тиек етті. – Орманшы-қорықшы міндетті түрде таудың баурайындағы кардонда (орманшы үйі) тұруы керек. Ол жерде бойдақ адамға өмір сүру оңайға соқпайды алмайды. Ал 40 000 теңге жалақы ерлі-зайыптылардың қай қажетіне жетеді? Бұл – өткір мәселе шұғыл шешілмесе, біз мамандарымыз бен қолда бар табиғи байлығымыздан айырылып қалуымыз мүмкін, – дейді Нұржан Сералиев.

  Ақылжан МАМЫТ

Т. Рысқұлов ауданы.

Суретте: А.Алтаев отбасымен бірге.

 

Бүгінде әлемде адамзатқа ортақ проблема көп. Солардың бірі және бірегейі – табиғатты қорғау. Өркениетті елдерде табиғатты қорғау және оның байлығын молайту ең маңызды мемлекеттік мәселелердің бірі болып табылады. Олар өздеріне қажетті табиғи ресурстарды сырттан сатып алып, өңдеп, қажеттеріне жаратуда. Өз елдеріндегі табиғи байлықтарды келешек ұрпақтарына сақтап отыр. Ондай мемлекеттерде тұрғындардың отансүйгіштік сезімі керемет. Өкінішке қарай, біздегі жағдайға қарасаң, көңілің алағай да бұлағай болады. Шеккен темекісін өшірмей тастап кету, босаған шыны шөлмектерді кез келген жерге лақтыру сияқты жаман қасиеттерден арыла алмай келеміз. Өрттің шығуына көбінесе осы жағдайлар себепші болады. Рас, елімізде бюджеттен әлеуметтік маңызы бар мәселелерге қыруар қаражат бөлінуде. Табиғатты қорғау және көркейту ісі де әлеуметтік маңызды мәселелерден бір де кем емес. Демек осы бағыттағы түйінді мәселелерді көп болып, бірлесіп шешпесек, ертең кеш болатыны сөзсіз. Ал табиғат апатымен арпалысып жүріп қапияда қаза тапқан қаһарман Асылбек Алтаевқа батыр атағын берсе де артық емес!