Спорт және туризм

Қоламыз көп, алтынымыз аз...

Қоламыз көп, алтынымыз аз...

[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="82733,82735,82736,82737"]

Индонезияның астанасы Джакарта қаласында жалауы желбіреген Азия ойындары жалғасып жатыр. Сары құрлық додасында ел спортшылары толайым табыстарға қол жеткізгенімен, әзірге алтын саны аздау болып тұр. Қазіргі кезде ұлттық құрама спортшылары 21 медаль иеленіп үлгерді. Соңғы күндері қоржынымыз қола жүлдемен қампайып келеді. Алдымен маунтинбайктен (тау жолдарындағы веложарыс) Кирилл Казанцев үздік үштіктен көрініп, қола жүлдегер атанды. 80 килограмм салмақтағы таэквондошы Нұрлан Мырзабаев та қола жүлдені қанағат тұтты. Әйелдер күресінде де қазақ қыздарына жүлде бұйырды. 76 килограмм салмақ дәрежесінде топқа түскен Эльмира Сыздықова үшінші орынға табан тіреді. Сондай-ақ 60 килограмм салмақтағы грек-рим күресінің шебері Мейрамбек Айнағұлов та үздік үштіктен көрінді. Байдарка және каноэ есу спортынан да еншімізде медаль бар. Ескек есудің «слалом» бағдарламасы бойынша жарыс жолына шыққан Александр Куликов қола медальді қоржынымызға салды. Семсерлесудің «сабля» деп аталатын түрінен әйелдер, шпагадан ерлер құрамасы да үшінші орынға иелік етті. Қола медальдар-мен қатар ел спортшылары бірқатар күміс жүлдені де иемденді. 67 килограмнан жоғары салмақта сынға түскен таэквондошы Жансель Дениз, грек-рим күресінен 67 килограмм салмақ дәрежесінде белдескен Алмат Кебіспаев күміспен күптелді. Алматта соңғы сәтке дейін топ жаратын мүмкіндік болған. Тек соңғы секундтарда оңтүстіккореялық балуанның жылдам жасаған әдісіне тойтарыс бере алмады. «Қателікке өзім бой алдырдым. Белдесуді ойдағыдай бастаған болатынмын. Алайда соңғы сәттерде жеңісті уысымнан шығарып алдым. Өкінішті», – деді Алмат өз ойын білдіріп. Кешкі сессияда 87 килограмм салмақта белдескен грек-рим күресінің шебері Азамат Құстыбаев пен 97 килограмм салмақта бозкілемге шыққан Ерұлан Ысқақов қола жүлдегер атанып, мерейімізді тасытты. Жүзу спортынан да еншімізде бір медаль бар. Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин брасс әдісімен жүз метр қашықтықта қола медаль иеленді.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ.