Білім

Аспанда да, жерде де...

Аспанда да, жерде де...

[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="82729,82731,82732"]

таластан шығып алашқа танылған қазақ Ұшқышы Орынбек Жорабековті аспанда 25 мың сағат самғаған біздің «мимино» десе де болады

Адам баласы бала күнінде арманшыл келеді. Арман адастырмайды. Біздің арман жолы адастырмаған сондай кейіпкердің бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген ұшқышы Орынбек Жорабеков.

Бала арманын әкесі кеш түсініпті

Оның балдәурен балалық шағы Ақкөлде өтті. Ақкөл – ол кезде аудан орталығы. Ол уақытта аудан түгілі, әр ауылға «АН-2» деген ұшақ ұшқан. Әр ауылда ұшақтардың әуежайы бар. Ақкөлдегі қону алаңы Орынбек ағаның үйіне жақын. Күн сайын гүрілдеп келіп, ұшақтар қонып жатады. Қайтадан ұшады. Ондайда оқушы «Мен қашан ұшқыш боламын?» деп шексіз қиялға беріліп, армандап кетеді. Арман – шексіз, шетсіз. Ол күн сайын қиялымен ұшақта ұшып жүреді. Түсінде ұшақ жүргізіп бара жатады. Әйтеуір, барлық тілек-ниеті ұшақтың төңірегінде. Бала кезде адамның арманы сан рет өзгереді ғой. Мамандықтың бәрі әжеңнің сандығында жатқандай, бүгін дәрігер болсаң, ертең мұғалім, келесі күні агроном, полиция болғың келіп кете беруші еді. Орынбектің «Ұшқыш болсам» деген арманы ешқашан өзгерген жоқ. Бір өкініштісі, әкесі Жорабек оның ұшқыш болғанын қаламапты. «Ұшқан деген немене? Көз алдымызда аман-есен жүрші», депті. Орекең мектепте барлық сабақты өте жақсы деген бағаға оқыған. Білім ордасынан соң, әке сөзін қимай, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтына оқуға түседі. Бірақ ол оқуды жүрегі қаламайды. Әйтеуір аяғына қорғасын байлағандай ілбіп барып, ілбіп қайтады. Мұны байқаған әкесінің қарындасы Күлтән әпкесі шыдай алмайды. Жағдайды Жорабек ағасына айтып, түсіндіреді. Күлтән әпке ағасын көндіру үшін үш күн бата алмай жүріпті. «Ұшқыш болса болсыншы. Өзім де байқап жүрмін. Болмай барады. Баланы көңілі қалаған жағынан қайтармау керек екен», деп сонда жөнге келіпті. Ал анасы Күләйім: «Балам, ұшқыш деген қандай оқу? 25 жылға жоқ болып кетесің бе?» деп көзіне жас алыпты.

Талғат Бигелдиновпен бетпе-бет

Сонымен, үш айдан соң Орекең институттан шығып кетіп, зауытқа жұмысшы болып орналасады. Ондағы ойы – жазда ұшқыштар училищесіне бару, оған дейін тиын-тебен таба беру. Жадырап жаз келгенде жап-жақсы жалақы алып жүрген жерінен өз өтінішімен жұмыстан шығады. Зауыттағы әріптестері «Неге шығып жатырсың? Оқуға түссең жақсы. Түспесең, қара жұмысты істегенің істеген ғой», – депті. Сонда Орынбек: «Ұшқыштың оқуына биыл өлсем де түсемін, қалайда түсем», – деп жауап берген екен. Арманы алдаған жоқ. Ұшқыштар училищесіне түсу үшін емтихан қабылдау Алматы қаласында өтеді. Комиссия төрағасы екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Талғат Бигелдинов екен. Батыр Бигелдиновті де сол кезде алғаш көріп тұр ғой. Бигелдинов қазақ жігіті Орынбекке риза болып, Украинаның Кременчук қаласындағы ұшқыштар училищесіне түсуге кеңес береді. Орынбек үш-төрт жолдасымен бірге «Қайдасың, Украина?» деп барғанымен, олар салқын қарсы алып, ұшақ емес, тікұшақта ұшатын мамандыққа қабылдамақ болады. Орынбектің ойы – нағыз ұшқыш болу. Сонымен ол Саратов қаласындағы Красный Кут азаматтық авиация училищесіне түсіп, үш жылдан кейін ойдағыдай бітіріп шығады. Риза болатынымыз, 426 студенттің ішінен 12-сі ғана үздік бітіреді. Сол кезде Орынбекке Қиыр Шығыстан, Магаданнан, Камчатка түбегінен шақыртулар түседі. Ол жақта аз ғана уақытта үлкен ұшақтарға отыруға мүмкіндік бар екен. Сол Саратов училищесіне оқытушы болуға да ұсыныс болады. Орынбек бұлардың бірде-біріне келіспей, оқуы біткен соң бірден Жамбыл қаласына (қазіргі Тараз) оралады. Өйткені «25 жылға жоқ болып кетесің-ау, құлыным» деген ана даусы құлағынан кетпей тұрып алған еді...

«Әй, мынау үйге кіріп кетеді ме, қайтеді?»

Жамбыл қаласындағы әуежайдың бастығы Александр Шукиннің бұйрығымен Орынбек Жорабеков «АН-2» ұшағына екінші ұшқыш болып қабылданады. Арманы орындалды, қуанышында шек жоқ. Жасы – 22-де. Ұшақты тізгіндеп жүр. Одан асқан бақыт бар ма? Ол кезде Жамбыл әуежайында екі мыңға жуық адам еңбек еткен екен. Аудандағы барлық филиалдар, ауылдарға ұшатын «АН-2», «ЯК-12» ұшақтарының бәрі Жамбыл әуежайының теңгерімінде болған. 300-ге жуық ұшақ ұшып-қонып жүрген. Ол кезде ұшу ақысы Тараз бен Ақкөлдің арасына – 3 сом, Тараздан Қаратауға 1,5 сом. Ауыл мен ауылдың арасына 4 орындық және 12 орындық ұшақтар қатынаған. Орекең әуелі алқаптарды дәрілеуге арналған ұшақта ұшқан. Сарысудың Саудакент, Жайлаукөл, Қамқалы ауылдары мен Таластың, Жуалының кеңшарларына талай ұшып барған. Ақкөлдің үстімен өткенде әдейі төмен ұшып, ұшағының қанатын «бұлғап» елімен амандасады екен. Сонда соғыста әбден зәресі ұшқан ұлты неміс (қазақ боп кеткен ғой) Анна апа қорқып, тауық қораға тығылып қалатын көрінеді. Ауыл шетінде мал қарап отыратын бір жеңгесі: – Әй, әй, мынау үйге кіріп кете ме, қайтеді-ей! – деп аспандағы қайнысымен әзілдесіп мәз болады дейді. Талас ауданының Ақтөбе деген шағын ауылында Орынбектің әке-шешесі тұрады. Бергі Қызыләуітте ұшақтың қону алаңы бар. Әке-шеше балаларын жақыннан көру үшін үйлерінің қасына ұшақтың қону алаңын жасатқан екен. Сол жерге Орынбек ұшағымен талай қонып, әке-шешесімен қауышып тұрған. Орынбек «АН-2» ұшағының екінші ұшқышы бола жүріп, ұшу теориясын жақсы меңгерді. Оның біліктілігін әріптестері де үнемі мойындап жүрді. Көп уақыт өтпей, «АН-2» ұшағының командирі болып шыға келген. Қарамағында екінші ұшқыш Мұхит Кубаев пен борт инженері Шоқан Корнаков бар. Облыс көлемінде Орынбектің бармаған кеңшары, қонбаған ауылы жоқ. Егіс далаларында ізі қалды. Туысқан ел Өзбекстан жерінде де талай рет еңбек шеруін дүбірлетті. 1974 жылы егіс алқаптарына тыңайтқыш себуден одақ көлемінде жеңімпаз атанды. Міне, еңбектің өтеуі! Кейін Орынбек ұшқыштарға арналған жоғары мектепті бітіріп, «ЯК-40» ұшағына, көп ұзамай «ТУ-54» ұшағына ауысты. Бірге оқыған басқа әріптестерінен бұрын үлкен ұшақтарға қонжиып, олардан бұрын экипаж капитаны болды, олардан бұрын үлкен ұшақпен шет мемлекеттерге ұшты.

Көк жүзіндегі қиындықтарды еңсерген

Орынбек өзімен бірге оқығандардың бәрінен бұрын шет мемлекеттерге үлкен ұшақ жүргізуге мүмкіндік алды. Әуежай ұғымында бұл қызметті экипаж капитаны (командирі) деп атайды екен. Экипаж құрамында екінші ұшқыш, борт механигі, картамен алдағы жолдарды барлап отыратын маман және стюардесса қыздар болады. Ұшақтың ұшу кезіндегі және қону кезіндегі жағдайын Орынбек өз бақылауынан шығармайды. Ол – Орынбектің қашанғы әдеті. Жаздың жаймашуақ күндерінің бірі. Ташкент әуежайынан көтерілген «ЯК-40» әуе лайнері белгілі биіктікке жеткенде Орынбек көрсеткіш құрылғыларына қарап шықты. Күдікті ештеңе сезілмеген соң, екінші ұшқышқа штурвалды табыс етті. Өзі демалыс креслосына жайғасқан. Кенет моторлардың қысым күшін көрсететін «тілдерінің» төмендей бастағанын көзі шалып қалды. Сөйткенше болған жоқ, сиренді лампалар бірінші моторда діріл барын байқатып жатты. «Тез арада бір шешімге келіп, іске кіріспесе, мотор істен шығуы мүмкін» деген ой Орынбектің санасын шарпып өтті. – Бортмеханик, газ режимін ауыстырыңыз, – деп ескертті. Екінші ұшқышқа: – Биіктікті төмендетіңіз, кедергіні түсіріп, градусын көбейтіңіз, – деп қысқа-қысқа бұйрық берді. 200, 500 метр. Сол сәтте салондағы жолаушыларға көзі түсіп кетті. Бәрі жайбарақат күйде отыр. «Сездірмеу керек», деп ойлады. Кіші компрессорлардағы қысым күші төмендей берді. Трубинадағы ішкі градус реттеліп келеді. Үлкен қысымды компрессорлардың жұмысы белгілі режіммен үйлеспей тұр. Байқап отыр, мотор тынысы өзгере бастады. Жылдамдықты ауыстыру, биіктікті төмендету өз нәтижесін берді. Мотор үні бір сарынды. Орынбек сонда да штурвалдан кете алған жоқ. Тек қана «темір қанат құстың» табаны жерге тигенде ғана ауыр күшті серпіп тастағандай терең демалды. Шөліркегенін сезді. Траптан түсіп жатқан жолаушыларға қарады. Жолаушылар экипаж мүшелері атына рахметтерін айтып кетіп барады. Олар 10 мың метр биіктікте осыдан 15 минут бұрын болған қауіпті жағдайдан бейхабар болатын. Орынбек оны халық алдындағы борышым деп санады. Кейіннен техникалық қызмет көрсету басқармасының бригадирі М.Однараленко Орынбектің арқасынан қағып: – Жарайсың, Жорабеков! Моторлар қатты зақымданыпты. Алайда бағындыра біліпсің, – деп ризашылығын білдіріпті. Аспан жолдарында қауіпті сәттер аз болмапты. 1996 жылдың 11 қарашасы Орынбектің есінен кетпейді. «Шымқаладан ұшып, Үндістан астанасы Делиге қону үшін үндістандық әуежай әкімшілігінен рұқсат алуды күтіп тұрмын. Шымкент әуежайына келіп жанар-жағармай қорын толықтырып жатқан ұшақ көп. Оның арасында Саратовта бірге оқыған жолдастарым да бар. Хал-жағдай сұрасуға уақыт тапшы. Байланыс телефондарымызбен алмасамыз. Сол кезде ұшу жолағында тұрған маған жүк тасымалдаушы әуе кемесінің командирі Черепанов деген досым келіп, рейсті ауыстыруым туралы өтініш айтты. Алғашында көнбегеніммен, жеме-жемге келгенде дос көңілін қимадым. Содан «Ил-76» ұшағын тізгіндеген Черепанов 28 жолаушымен Үндістанға бет алды. Алайда бекітілген хаттама бойынша Делиге ұшуы тиіс ұшақтың экипаж командирі болып мен бекігенмін. Ертеңіне ұйқыдан оянып, жаңалыққа құлақ түрсем «Командирі Орынбек Жорабеков деп көрсетілген ұшақ Дели қаласында апатқа ұшырап, ұшақта болғандардың барлығы қаза тапты», деп хабарлап жатты. Сол хабарды естігендегі түрімді көрсеңіз. Үйге қоңырау шалып, мені іздегендер көбейіп кетіпті. Не үшін екені белгілі ғой. Кейін өз-өзіме келген соң достарыма, қатарларыма өзім қоңырау шалып «пейіштемін» деп әзілдеп, жағдайды түсіндіргенім бар», деп ауыр сәтті еске алды ұшқыш. Алматы әуежайына қонып жүргенде ұшақ доңғалағы теріс келген сәттері де бар. Бірақ дін аман. Құдай қаққан. Мұндай жағдаймен бес рет ұшақтың апатқа ұшырауы орын алған екен. Оның екеуінде жолаушылар да қаза болған. Иә, Орынбек ағаға сәттілік те сан рет серік болған. Ұшақ әлемінің өз тілі бар. Эскадрилья – әуежайдағы басқару құрылымы. Бір эскадрильяда үш звено болады. Катострофа – ұшақтағы өлімге соқтырған апат. Авария (апат) – ұшақтың қирауы. Инструктор – оқытушы – экипаж командиріне басшылық жасаушы адам. Экипаж командирі (капитан деп те аталады) – ұшақты басқарушы. Өзге мүшелер осы капитанның бұйрығын орындайды. Штурман – картамен әуе жолын көрсетуші. Орынбек ұшақпен әлемнің талай мемлекетін аралады. Көптеген тарихи оқиғаларға куә болды. Олимпиада және әлем чемпионаттарын көрді. Сауд Арабия еліне қажылық сапарға шыққан жолаушыларды жеткізді. Шет мемлекеттердегі қандастарымызды атажұртына әкелді. Түркия қазақтарының сағынышын өзге елде жүргенде сезінді. Айтыс ақындары Әзімбек Жанқұлиевтің, Мұхамеджан Тазабековтің, белгілі әнші, термеші Алтынбек Оразбековтің Түркия қазақтарының арасында өнер көрсеткенін көзімен көрді. Түркияда ғұмыр кешкен қазақ әженің Атырау әуежайына жетіп, ұшақтан түсіп жатқанда: «Уа, Жаратқан, енді өлсем арманым жоқ, арманым жоқ», – дегенін құлағымен естіп, толқыды. «Әке көрген оқ жонар...»

Жұбайы Ұлбосын Айнақұлова екеуі бірнеше ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен қыздары Шынар мұғалім болса, Қайрат – ұшқыш. Біржан мен Ержан сақтандыру компанияларында еңбек етеді. Әсел – «Эйр-Астана» компаниясында менеджер. Қолдағы келіндері Әсел күн сайын ұшқыш атасының қас-қабағына қарап отыр. Орекең 5 ұл-қыздан 5 немере сүйді. Қолындағы Ерсұлтан атты немересінің қызығына тоймайды. Бір қызығы, кейіпкеріміз қазір арманына жол ашқан ағасы, батыр Талғат Бигелдинов атындағы көшеде тұрады екен. Қайрат Орынбекұлы – «Эйр-Астана» компаниясында «АЭРБАSS-320» нөмірлі ұшағында экипаж командирі. Орынбек Жорабеков болса, 40 жыл ұшқыш болып, инспектор-оқытушы деңгейіне дейін көтерілген. Ол экипаж капитанын да бақылайды. Орынбек – Қазақстанның еңбек сіңірген ұшқышы. 25 мың сағат ұшу өтілі бар. Өмірінің 25 мың сағатын аспанда ұшақ басқарып өткізген азамат. Жорабек әкесі 2001 жылы тоқсан жасында, Күләйім анасы 2005 жылы 86 жасында өмірден озыпты. Жорабек ата мен Күләйім ана баласының ұшқыш болғанын көріп кетті. Таластық ұшқыш биыл жетпісінші күзін қарсы алмақ.

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.