Ауыл-аймақ назардан тыс қалмасын
Ауыл-аймақ назардан тыс қалмасын
Қазір кез-келген бұқаралық ақпарат құралы арқылы жол-көлік апаты жайлы қайғылы хабарлардың берілуі үйреншікті жағдайға айналып кетті. Облыс орталығы немесе аудан орталығын былай қойғанда, жантүршігерлік апат ауыл- аймақтың ортасына да жетті. Оған дәлел, Талас ауданында демалыс күндері болған бес бозбаланың өлімімен аяқталған жол апаты. Бір ғана оқиғадан осы саладағы қаншама былықты аңғаруға болады. Біз солардың бірқатарына тоқталып өтейік. Мәселен, ауылдық жерлерде көлік айдап жүргендердің көлік басқаруға құқықтары бар ма? Кәмелет жасына толған ба? Көлік жүргізу куәліктері бар ма, оны қандай жолмен алған? Жол ережелерін қаншалықты сақтайды? Бұл – бір қыры. Екіншіден, ауыл-аймақтағы көліктердің техникалық жағдайы қандай? Төрт дөңгелегі мен қаңқасы салдырлап, шашылып қалайын деп жүргендері қаншама? Жалпы, олар техникалық байқаудан өткізіле ме? Ең бастысы, осындай мәселелерді қадағалап отырғандар бар ма? Біреулер үшін бұл ұсақ мәселе болып көрінуі мүмкін. Шындығында, барлық бәле осындай салғырттықтан кетіп отыр. Жас балалардың ауыл ішінде әр бұтаның түбін паналап, ішкілікке үйірсектеп жүргені сол аймақта тұратын ақсақалдарды алдымен толғандыруы керек қой. Арақ, шарап немесе сыра ішіп алып рульге отыратын жастар да көп. Ақсақалдар кеңесі осындай жастардың тәрбиесіне ден қойып, тентектерін тезге салып отырғаны жөн. Қорыта айтқанда, осы мәселелер бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуі керек. Елді мекендерге аудан орталығынан қатынап істейтін учаскелік инспекторлардың пайдасы бар ма? Оның жарты күні ары-бері жүрумен-ақ кетпей ме? Ауылдың іші-сыртын қадағалап жүруге қатынап істейтін инспектордың құлқы бар ма? Болса, жұмысын неге жандандырмайды. Талас ауданы.