Саясат

«Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа қайда?

«Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа қайда?

20Масат БЕРІК,«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Жол мұраты – жету. Алайда, жолға шыққанда сол мұратына жете алмай қаншама адам бақилық болып кетуде. Жан түршігерлік сипаттағы жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Ащы да болса шындық, оны несіне жасырып-жабамыз? Тіпті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір жолы бұл жайтты Сириядағы соғыспен салыстырды. Расында, бейбіт заманда тұрғындар қашанғы жол апатынан қырыла бермек? Жол-көлік апаттарының себебін іздесең, алуан түрлі жауап алдыңнан шыға келеді. Мәселен, көліктердің көбеюі, олардың тетіктерінің дұрыс жұмыс істемеуі, жол ережесін білмеу, спирттік ішімдік ішіп көлік басқару, ұзақ жолға шыққанда аса қатты жылдамдықпен жүру, ұйықтап кету, жолдардың сапасыздығы сияқты көп факторларға жолығасың. Әрине, әр оқиғаның өзіндік себеп-салдары болатыны сөзсіз. Бірақ, соның барлығына жауапты құзырлы орган бар емес пе? Жыл сайын жергілікті бюджеттен облыс әкімдігі тарапынан облыстық ішкі істер департаментінің тиімді жұмыс істеуі үшін қомақты қаржы бөлініп отыр. Оның көлемі жыл сайын көбеймесе, азаймайды. Алмақтың да салмағы болуы тиіс. Оған полицейлер тек нәтижелі еңбегімен жауап беруі керек. Қажетті құрал-жабдықтар бар, жалақы көтерілді. Енді жұмыс істеуге не кедергі? Жол-көлік апаттарының алдын алу үшін кешенді шаралар қолға алынса, айдың, күннің аманында бес адамның бірдей опат болуы сияқты оқиғаларға жол берілмейді. Ауыл-аймақ арасында жиі рейдтер ұйымдастырылып, облыс аумағын басып өтетін «Алматы-Шымкент» тас жолының бойына әрбір жүз шақырым сайын әмбебап полицейлерден құралған бригада тұрақты түрде кезекшілік жасап жүрсе, қылмыстың алдын алуға сеп болары сөзсіз. Бұл атқарылуы тиіс жұмыстың бір парасы ғана. Ары қарай тиісті мекеме іліп алып, осыдан қорытынды шығаруы қажет. Ал, «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмаса, жол апатының көбейе беретіні сөзсіз. Сондықтан әкімшілік полиция басқармасы жұмыстарын ширатуы керек деп ойлаймын.