Ел жаңалықтары

«Түйе-қыздың» тағдыры

«Түйе-қыздың» тағдыры

1870 жылдың қаңтарында АҚШ-тың Теннесси штатында егіздер дүниеге келді. Егіздердің сыңары қыз бала туыла салып әлем жұртшылығының назарына ілікті. Элла есімді қыз бала сирек кездесетін генетикалық ауытқушылықпен, яғни аяғы теріс айналған күйінде дүниеге келді. Бүгінгі күнге дейін бұл аурудың түрі дұрыс зерттелмеген болса, ол заманда мүлдем ғажайып құбылыс болып есептелген еді. Осы дертінің себебінен Элла төрттағандап жүруге мәжбүр болды. Сондықтан оны жұрт «түйе-қыз» деп атай бастады. Мұндай қолайсыз жағдайда өмір сүру оған оңай болмады, дегенмен отбасы Элланың өсіп, өзін дұрыс сезінуі үшін қамқорлық таныта білді. Элланы көргендердің барлығы сұқ саусағын шошайтып тұрып қараса да, олардың таңданысқа толы көзқарастарына мән бермеуге тырысты. Күндер өтіп денесі өзгеше қыз сүйкімді болып бойжете бастады. Бірақ оның қуыршақтай түрі емес аяғының құрылымы әлемдік танымалдылық әкелді. Ерекше қызды циркпен айналысатындар да байқап өздеріне шақырды. Сөйтіп Элла 12 жасынан бастап алғашқы гастрольге шыға бастады. Оған қойылымдары үшін қомақты сома төледі. Ол аптасына 200 доллар тапты. Бірнеше жыл өткен соң Элла цирктегі карьереасына нүкте қойып, өзінің ерекше денесін жұртқа көрсетуден бас тартып оқығысы келетіндігін айтты. Өйткені оның бұрын білім алуға жағдайы болмаған еді. 1903 жылы Харперлер отбасы шағын қаладан штаттың астанасына қоныс аударып, сонда Элла мектепке барады. Жеке өмірде де жолы болып, тұрмысқа шығып сәбилі болады. Алайда нәрестесі бір жылға жетпей шетінеп, Элла қайтып сәби сүйе алмайды. Жас жұбайлар үміттерін үзбей қыз бала асырап алады. Ол да ұзаққа жетпей қайтыс болады. Сөйтіп Элла қайтып ана атануды қаламады. Ары қарай «түйе-қыздың» тағдыры туралы ештеңе белгісіз. Ол тыныш қана өмір сүріп, қарапайым үй шаруасымен айналысқан. Элла Харпер 1921 жылы 51 жасында асқазан обырынан қайтыс болған.