Әлеумет

Көк байрағым, желбірей бер көкте сен!

Көк байрағым, желбірей бер көкте сен!

Олимпиада ойындары мен құрлықтық додаларда елдің Туын ұстап шығу – спортшы үшін абырой әрі зор жауапкершілік. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы екі Олимпиада ойындарында ел Туын жамбылдық жампоз ұстап шыққаны мәлім. Иә, дербес ел ретінде алғаш 1996 жылы Атланта Олимпиадасына қатысу бақытына ие болыппыз. Төрт жылдықтың басты додасында Туды ұстап шығу бақыты жамбылдық боксшы Ермахан Ыбрайымовқа жүктелді. Елбасының қолынан көк Туды желбіретіп алып кеткен Ермахан ерледі. 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында көк Туымызды желбіретіп, абыроймен елге әкелді. Ол Елбасының қолынан байрақты қабылдап алған сәтте: «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Олимпиада ойындарына Туымызды желбіретіп алып барып, алтын медальмен қайтуға уәде беремін!» деп ант берген-ді. Ермахан сөзінде тұрды. 2008 жылы Қытайдың Бейжің қаласында өткен Жазғы Олимпиада ойындарында да жамбылдық жампоз Ту ұстауы керек еді. Алайда боксшы Бақтияр Артаев жарыстың ертерек басталуына байланысты өз қалауымен бас тартып, көк Туды көтеріп жүру аманаты ауыр атлет Бақыт Ахметовке жүктелді. Жалпы Жазғы Олимпиада ойындарының Туын жамбыл­дықтар бір көтерсе екі цикл бойы желбіретіп жүретін әдеті бар. 2012 жылы грек-рим күресінің шебері, Азия ойындары мен Азия біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы, әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері, жерлесіміз Нұрмахан Тінәлиевке Лондондағы Олимпиада ойындарының Туы сеніп тапсырылды. Ал 2016 жылы Риода тағы да жамбылдық саңлақ байрағымызды ұстап шықты. Ол – таэквондошы Руслан Жапаров. Қысқасы, Қазақстан дербес мемлекет ретінде әзірге алты рет Жазғы Олимпиада ойындарына қатысса, оның төртеуінде жамбылдық сайыпқырандарға Мемлекеттік Туды ұстап жүру міндеті жүктелген екен. Мақтаныш па, мақтаныш! Мерей ме, мерей! Енді, міне, Азия ойындарында Туды ұстап шығу міндеті жерлесіміз, бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұлға сеніп тапсырылды. 18 тамыз күні Индонезия астанасы Джакартадағы «Гелора Бунг Карно» стадионында өткен құрлықтық ойындардың ашылу салтанатында Әбілхан еңсесін тік ұстап, көк Туымызды желбіретіп жүріп өтті. Төрт жыл бұрын Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарында да көк Туды боксшы ұстап шыққан болатын. Ол кезде Әділбек Ниязымбетов алтыннан алқа тағынған-ды. Әділбектің жеңісті жолы Әбілханға жұғысты болсын дейміз!

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ