«Ақпарат ағыны және біз»
«Ақпарат ағыны және біз»
[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="82539,82538,82537,82536,82524"]
Меркі ауданындағы «Turan» демалыс аймағында осындай тақырыппен семинар-тимбилдинг өтті
Меркі ауданындағы «Тұран» демалыс аймағында өткен «Ақпарат ағыны және біз» тақырыбында бір күндік семинар-тимбилдингтің облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктердің баспасөз хатшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және блогерлер үшін берері мол шара болды. Жалпы бұл күні ақпарат таратудағы сауаттылық, бүгінгі журналистиканың талаптары, ақпаратты тексеру (фактчекинг) сияқты тақырыптарда дәріс оқылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ұйымдастырушылар – облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы, Өңірлік коммуникациялар қызметі семинарды табиғат аясында өткізуге баса мән бергендей, әрі демалыс, әрі тәжірибе алмасу... Шараның ашылу салтанатында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали семинардың мақсатына тоқталып өтті.
– Біз бұл семинарға журналистерден бөлек облысымыздағы ақпарат саласына қатысты бірқатар мамандарды, мемлекеттік қызметкерлерді де шақырдық. Қоғамға шынайы, сауатты ақпарат таратуда телеарна, газет тілшілері ғана емес, блогерлер, облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктердің баспасөз хатшылары, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары мен өкілдеріне де зор жауапкершілік жүктеледі. Семинар-тимбилдинг арқылы бір-бірімізбен жақынырақ танысып, пікірлесіп, ой бөлісуді мақсат тұттық. Тимбилдинг сөзінің тікелей мағынасы да «команда құру», «команда болып жұмыс жасау» дегенді білдіреді. Біз іс-шарамызды бұл жолы әдеттегідей қаланың шулы ортасында емес, табиғат аясында, тау етегінде өткізгенді дұрыс деп таптық. Оның әсері ерекше болады деп ойлаймын. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, қазір ақпараттар ағыны өте қарқынды. Біз оған қалайда ілесіп, өз үнімізді қоса алуымыз керек. Жуырда облыс әкімінің интернет кеңістігінде жұмыс істеуге қатысты арнайы өкімі жарияланғаны белгілі. Ал оны қадағалау ішкі саясат басқармасына жүктелді. Бүгінде осы бағытта тиісті жұмыстарды жүргізуді бастап та кеттік. Белгілі блогерлеріміз барлық ауданды аралап, кездесулер өткізіп шықты. Бұл өкімнің мақсаты – қоғаммен кері байланыс орнату, ақпаратты жылдам алмасу, кез келген тосын жайт орын алған жағдайға дер кезінде жауап беру, тұрғындарды қажетті ақпараттармен қамтамасыз ету. Өкімнің арнайы нұсқаулықтары да бекітілді. Сол нұсқаулыққа байланысты жоспарлы шаралар қолға алынып, жұмыс талап етілетін болады, – деген Берік Уәлиұлы қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ Меркі ауданы әкімінің орынбасары Марат Қасым қонақтардың қадамына құт тілеп, мұндай игі шараны өткізуге аудан басшылығы тарапынан үнемі қолдау болатынын жеткізді. Бұдан соң қатысушыларға таратпа қағаздары ұсынылып, танысу рәсімі өтті. «Мені ұмытпа», «Ормандағы оқиға» секілді ойындар ойнатылып, қонақтар бір серпіліп қалды. Кәсіби медиалектор оқыған дәрістер арқылы тыңдаушылар көп мағлұмат ала алды. Сонымен қатар интернетті тиімді пайдаланудың мүмкіндіктері де сөз болды. Атап айтсақ, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығындағы жаңа медианы және дата журналистиканы зерттеу тобының жетекшісі, медиатренер Асхат Еркімбай «Google» жүйесінің қыр-сыры мен ерекшеліктерін, оны ақпарат саласында қалай ұтымды жүзеге асырудың жолдарын түсіндіріп, көрсетті. Ал республикалық «El.kz» интернет жобасының жетекшісі, медиатренер Бэлла Орынбетова сайттар мен әлеуметтік желідегі ақпараттардың көп оқылымына қол жеткізудің жолдары мен оқырмандарды тартудың тәсілдерімен бөлісті. Қатысушылар сайттардағы материалдар мен посттардың мәтініндегі сауаттылық төңірегінде пікірталас өрбітті. Семинар қорытындысында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Арнайы сауықтыру – суға шомылу, табиғат аясында серуендеу шаралары да ұмыт қалған жоқ. Жиналғандар мұндай игі шара жиі өтіп тұрса деген тілек білдірді, қажетті мағлұмат алып, әріптестермен жақынырақ танысу үшін мұндай жиындар өте қажет.
Асхат ЕРКІМБАЙ, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығындағы жаңа медианы және дата журналистиканы зерттеу тобының жетекшісі, медиатренер: – Бүгінде технологиялар жылдам өзгеріп жатыр. Сол сәт сайын дамып жатқан технологияға тез бейімдейтін негізгі сала – медиа. Себебі технологияның қарқынды өзгерісіне қарай, қазіргідей ақпараттардың жылдам таралатынына журналистер уақтылы бейімделе алмаса, бұқара халық, оқырман қажетті ақпаратты негізсіз көздерден ала бастайды. Нәтижесінде дұрыс ақпаратқа қол жеткізе алмаған қоғам зардап шегуі мүмкін. Сол себепті мұндай семинар-тренингтерде журналистерді жаңа технологиялардың көмегімен сапалы, дұрыс ақпараттарды уақтылы, дер кезінде таратуға бейімдеу мәселелері қамтылуда. Тек журналистер үшін ғана емес, бұл дұрыс мәлімет бергісі келетін кез келген мекеме, ұйым үшін де өзекті. Бүгінгі семинар да осы мақсатта ұйымдастырылған. Ең бастысы, сол үдеден шыға білді деп ойлаймын.
Бэлла ОРЫНБЕТОВА, «El.kz» интернет жобасының жетекшісі, медиатренер: – Жаңа медианың журналистерге артатын жүгі салмақты. Журналист өзі жазған мақаласына дизайнерлік жұмыс жүргізіп, оны жан-жақты таратушы да болуға міндетті. Функция ұлғайған сайын жауапкершілік те арта түседі. Бүгінде ақпарат алмасуда интернеттің орнын ешнәрсе баса алмайтыны сөзсіз. Сол үшін оны саясатта да, идеялогияда да дұрыс пайдалана білуіміз керек. Қазіргі кезде дәстүрлі медиа мен жаңа медианы салыстыру, бірін ілгері көтеру арқылы екіншісін кейінге сырғыту секілді түрлі пікірлер жиі айтылып жүр. Бірақ олай салыстыруға болмайтын шығар. Публицистиканың да өзінің орны бар. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Ал жаңа медиа – заман талабы. Бүгінде көптеген облыстық, республикалық бұқаралық ақпарат құралдары осыны жете түсініп, өздерінің ақпараттық агенттіктері, сайттарын, әлеуметтік желідегі парақшаларын ашуда. Ол дегеніміз дәстүрлі медиа да заман талабына сай бейімделуде дегенді білдіреді.
Жанғазы АХМЕТ
Тараз – Меркі – Тараз.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.