- Advertisement -

Көмір жеткізуде кедергі болмайды

163

- Advertisement -

Жадыраған жаздың соңғы айы – тамыз да аяқталуға таяу. Халықтың «қыс шанасын жаз сайлайтын» кезі осы. Алдағы қыркүйек айында күн райы аса құбыла қоймаса да, қара күздің кісіні қалтыратар қара суығы, жауын-шашыны болатынын ешкім жоққа шығара алмайды. Әсіресе мезгілдің қауыстан қарашаға ауысар тұсында-ақ, күн райы күрт бұзылып, қырау түсіп, үскірік жүретіні де бар.
Шындығын айту керек, өңірімізде «көгілдір отынмен» қамту шаралары қарқынды жүргізілгенімен әлі де қатты отын – көмірді пайдаланатын, сол арқылы алты ай қыста үйін жылытып, ошақтағы отын маздататындар аз емес. Сондай-ақ табиғи газбен қатар осы қатты отын түрімен де қаладағы көп қабатты үйлерді жылытып отырған жылыту нысандары жоқ емес. Осы орайда көмір бағасының шарықтап кетпеуі, қарапайым халық үшін арзан болуы қашанда өзекті. Ол үшін көмір кен орындары мен тасымалдаушы компаниялардың, сондай-ақ жергілікті коммерциялық құрылымдардың жұмысын барынша бақылауда ұстау керек-ақ. Осы мәселеге байланысты өңірдегі көмір тасымалдайтын ірі кәсіпорын Жүк тасымалы – Жамбыл жол бөлімшесінің директоры Берік Ақшаловпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Ол көмір тасымалының бекітілген кестеге сай ұйымдастырылуы жөнінде жан-жақты айтып берді.

– Ағымдағы жылдың сәуір айында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Қанат Алпысбаев арнайы селекторлық жиын өткізіп, аймақтарда жылыту маусымы қарсаңында көмір тасымалдау мәселесін пысықтаған болатын. Яғни көмір кен орындары мен тасымалдаушы компанияларда, сондай-ақ жергілікті жердегі көмір түсірілетін нысандарда бағаның тұрақтылығын бақылау мәселесі күн тәртібіне өткір қойылды. Өйткені бұл шара халық үшін өте қажетті. Сондықтан коммерциялық компаниялар тарапынан бағаның шарықтауына ешқандай жол берілмей, бұл өнім түрін қарапайым тұрғындар үшін мүмкіндігінше арзанырақ ету жөн. Бұл мақсаттағы жұмыстарда ешқандай да кедергілер туындамауы керек. Осы орайда тиісті тараптарға ұлттық компания басшылығы тарапынан жергілікті әкімдіктермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізу тапсырылды. Арнайы штаб құрылып, жұмыс жоспары бекітілді. Бүгінде бөлімше өңірімізге қатысты тиісті жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп отыр.
Сонымен қатар ағымдағы жылдың мамыр айында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің төрағалығымен арнайы штаб отырысы өтіп, онда денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының мамандары әлеуметтік нысандарға қажетті қатты отын көлемін анықтап, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасына нақты мәліметтер беруі тапсырылды. Сапалы көмір сатып алу мен оның жеткізілуі үшін ұйымдастырылатын мемлекеттік тапсырыстың да уақытында жүргізіліп, қадағалануы назарға алынған болатын.
– Өзге өңірлерде осы бағытта бірқатар мәселелер туындап отырғанынан хабардармыз. Ал біздің облыста көмір тасымалы төңірегінде қандай мәселелер бар?
– Ешқандай мәселе жоқ. Қыркүйек айына дейін кәсіпорындар мен бюджеттік мекемелер көмірмен толық қамтамасыз етіледі деп жоспарланған. Жалпы 2018-2019 жылдардағы жылыту маусымында аймақ тұрғындарын толық қамту үшін 351,2 мың тонна қатты отын керек. Бүгінгі күні әкімдік бекіткен жоспар бойынша кестеден қалмай келеміз. Кестеге сай көмір тасымалдау шаралары мамыр айында басталды. Сол айда коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындар үшін 6,5 мың тонна техникалық қатты отын тасымалданды. Сәйкесінше, маусым айында аймақтар техникалық отынның 8,5 мың тонна көлемімен қамтылды, тұрғындарға қажетті 8,522 мың тонна көмір де уақытында жеткізілді. Шілде айында 15,0 мың тонна техникалық отын, тұрғындар үшін 10,7 мың тонна көмір түсірілді. Тамыз айында да қатты отын түрі тиісті тараптарға уақытында жеткізілуде. Бұл айда техникалық көмірдің 19,0 мың, тұрғындарға тиесілі қатты отынның 52,066 мың тоннасы тасымалданады. Ал қыркүйек пен желтоқсан айлары аралығында техникалық көмірдің 20,906 мың тоннасы, тұрғындарға қажетті отынның 203,046 мың тоннасы жол бөлімшесіне қарасты станцияларға түсірілетін болады.
– Келесі жылы қанша көлемде көмір тасымалданады деп жоспарлап отырсыздар?
– Жоғарыдағы бекітілген кестеге сай техникалық көмір биыл толықтай тасымалданып бітетін болса, тұрғындарға қажетті көмірдің қалған 6,96 мың тоннасы қаңтар, ақпан айларында жеткізіліп беріледі.
– Бұл ретте көмірдің сапасы да үлкен рөл ойнайтыны анық. Жалпы облысқа келіп жатқан көмір қай өңірден тасымалданып отыр?
– Иә, көмір сапасы да өзекті мәселе. Дегенмен ең жоғары сұранысқа ие отын түрі – Шұбаркөл мен Екібастұз көмірі болып отыр. Жоғарыда айтып кеткендей, аймаққа қажетті 351,2 мың тонна көмірдің 257,313 мың тоннасы Шұбаркөлден, 41,811 мың тоннасы Екібастұздан, 37,71 мың тоннасы Қаражырадан, 2,866 мың тоннасы Қарағандыдағы Жалын, Кузнецкий кен орындарынан, 1,5 мың тоннасы Майқұбадан және 10,0 мың тоннасы өзге де кен орындарынан тасымалданады. Осыдан-ақ, қай кен орнының көміріне сұраныс артып отырғанын білуге болатын шығар. Әр ай соңында штаб төрағасына есеп беріп отырамыз.
– Берік Сағымбекұлы, өзіңіз де білесіз, былтыр осы көмір тасымалдау мен бағасына қатысты шу шыққаны белгілі. Ал сіздер өз тараптарыңыздан бұл мәселені қалай қадағалап отырсыздар?
– Біз осы тұрғыда облыс әкімдігі тарапынан құрылған штабпен тығыз байланыста жұмыс жасаудамыз. Және станция басшыларына да бұл мәселе төңірегінде арнайы жұмыс жасау тапсырылған. Егер баға шарықтап немесе алыпсатарлар тарапынан мәселелер туындап жатса, Жүк тасымалы – Жамбыл жол бөлімшесінің логистика бөліміне хабарласып, шағымдана алады. Мәселе айрықша бақылауда тұрғандықтан, жауапты басқарма өкілдері тарапынан әрбір орын алған жайт мұқият сарапталып, зерделенетін болады. Енді ел ішінде түрлі алып-қашпа әңгімелер де таралып жататыны белгілі. Алайда биыл тұрғындарды қатты отынмен қамтамасыз етуде ешқандай да күрделі мәселе туындамайтынына сенімдімін. Өйткені көмір тасымалында біздің тарапымыздан ешқандай кедергілер туындап отырған жоқ.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жанғазы АХМЕТ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support