Әлеумет

Мейірім мерекесінде мұқтаж жандар назардан тыс қалмайды

Мейірім мерекесінде мұқтаж жандар назардан тыс қалмайды

Құрбан айт мерекесіне орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкілі, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев баспасөз мәслихатын өткізді. Данияр Әлимұхамедұлы алдымен БАҚ өкілдерін Құрбан айт мерекесімен құттықтады. Бұдан соң ол құрбан шалудың ережелерін тәптіштеп түсіндіріп өтті. Бас имам жыл сайын мешіт тарапынан мұқтаж жандарға көрсетіліп жатқан қамқорлыққа да жан-жақты тоқталды. Өткен жылы қайырымдылық шарасы кезінде 4894 отбасына құрбан малдың еті үлестірілген. Әр отбасына 3-4 килограмнан тиіпті. Осы орайда мешіттерде 56 ірі қара, 1100 ұсақ мал құрбандыққа шалынып, сойылған екен. Исі мұсылман жұрты асыға тосатын ұлық мерекенің алғашқы күні облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің ауласында түрлі ойындар ойнатылып, балаларға тәттілер таратылады. Мұнан соң сөз алған облыс әкімдігі дін істері басқармасының ислам бағытымен жұмыс бөлімінің басшысы Еркебұлан Есмаханов Құрбан айттың бірнеше жылдан бері ерекше тойланып, барлық тараптан айрықша мән берілгеніне тоқталды. Ағымдағы жылы да облыстық деңгейде арнайы штаб құрылып, Құрбан айт күндеріндегі тәртіп мәселесі назарға алынған. Осы күндері қалада көлік кептелісінің орын алмауы, айттаған кісілердің еркін жүруі, бірқатар қоғамдық көліктердің тегін қатынауы жоспарланып отыр екен. Тараз қалалық «Кеңесхан қажы» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұлов шаһар бойынша 5 мешітте құрбан шалынып, мұқтаж жандарға ет таратылатынынан хабардар етті. Олар – «Һибатулла Тарази», «Шейх Зүнүн», «Абдухадыр», «Әзірет әлі» және «Рахман Рахим» мешіттері. Қ.Жұмағұлов қала мешіттеріндегі тәртіп мәселесіне де тоқталып өтті. Жиында арапа күні ұстаған оразаның сауабы зор екені, Құрбан айт намазы бүгін таңғы 7.00-де басталатыны айтылды. Баспасөз мәслихатына қатысушылар БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.  

Есет ДОСАЛЫ