- Advertisement -

Субсидия. Жеткен де бар, жетпеген де бар

131

- Advertisement -

Аудан әкімдігінде ауылшаруашылығын дамыту және қолдауға бағытталған семинар-кеңес болып өтті . «Қазагромаркетинг», «Агронесие» корпорациясы облыстық бөлімшелерінің өкілдері, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл әкімдері, ұйым, мекеме, кәсіпорындар және шаруа қожалықтары басшылары қатысқан семинар-кеңесті ашып, жүргізіп отырған аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбеков «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында біршама игі істердің жүзеге асырылғанын айтты.

Өз кезегінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Кемелхан Әбілеков: «Сіздер, басқа аудандарға қарағанда, мемлекет саясатын қолдауға көп үлес қосудасыздар. Бүгінде ауданда 1500-дей шаруа қожалықтары өз жұмыстарын өрге бастыруда. Дегенмен барлық шаруашылықтар мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау, көмектерге қол жеткізе алмауда. Әрине, бұған құжат дайындауда кездесетін қиындықтар себеп болуда. Сонда да біраз шаруашылықтар «Сыбаға» бағдарламасы бойынша ірі қара малын сатып алып, өсіруде. Лизинг арқылы жаңа ауылшаруашылығы техникасын алғандар да бар. Бүгінгі таңда «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында жаңа бағдарламалар жүзеге асуда. Олар өте тиімді, ауылдық жерлердегі дихан мен малшы қауымға берер пайдасы көп. Сондықтан олардың да игілігін көруге асығыңыздар», – деп жаңалықты жатсынбауға шақырды. Осы басқарманың егін шаруашылығы және тұқым инспекциясы бөлімінің басшысы Шәкір Момынқұлов нақты жермен айналысатын дихандарды қолдауға арналған «Өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруды жергілікті бюджеттерден субсидиялау қағидасы» шыққанынан хабардар етіп, ондағы жалпы ережелермен таныстырды. Оның айтуынша, субсидиялар ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге қажетті жанар-жағармай материалдары мен басқа да тауарлық-материалдық құндылықтар түрінде заттай беріледі. Оның ішінде көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге қажетті лизинг шартының негізінде сатып алынған тұқымның құны 40 пайызға дейін субсидияланады. Сондай-ақ, субсидия жеміс-жидек дақылдары және жүзімнің көпжылдық екпелерін отырғызуға, өсіруге кететін шығындардың құнын ішінара (40%-ға дейін) өтеуге бөлінеді екен.
«Бұл ретте субсидия пайдалануға рұқсат берілген мемлекеттік селекциялық жетістіктер тізіліміне енгізілген және перспективалы деп танылған сұрыптардың үшінші репродукциясынан кем емес тұқымдарын сепкенде ғана беріледі», – деді Шәкір Момынқұлов. Сонымен қатар, ол субсидияны төлеу шарттары мен субсидия алу үшін қажетті құжаттар тізбесі жөнінде де айтып өтті.
Сөз реті келгенде меркілік кәсіпкерлер жанар-жағармайға субсидияның кешіктіріліп берілетінін айтып, «осы мәселе ретке келтірілсе» деген тілектерін жеткізді.
Мәселен, ауданның белді кәсіпкері, облыстық мәслихаттың депутаты Совет Қалманбетов 20 гектарға алма бағын егу үшін жер дайындап, бақты тамшылатып суару технологиясын әкелуге Түркиядағы осы сала өкілдерімен келісіп қойған екен. «Жеті ай болды «ҚазАгронесиеге» құжат өткізіп қойдым, бірақ еш қозғалыс жоқ. Сонда бұл жоба арқылы 20 гектардан асатын баққа неге лизинг берілмейді?»,– деп сауал қойды ол. Кемелхан Әбілеков бұл істі инвестжоба арқылы шешуге болатынын, сондай- ақ, жанар-жағармайдың уақтылы субсидиялануы да осы жаңа жоба арқылы жүзеге асатынын түсіндірді. «Бұрындары «Сыбаға» бағдарламасы бойынша тек ірі қара малын сатып алуға қолдау көрсетіліп келсе, бүгінгі таңда «Құлан» бағдарламасы қабылданған. Ол бойынша 4,5 миллион теңге несие 10 жылға дейін 14 пайыздық өсіммен беріледі. Оның 7 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Сонда 7 пайыздық несиеге жылқы малын алуға болады. Бұл несиені алу үшін кепілдікке қоятын мүлік, қора-жай, жайылым жер болуы керек. Іс кәсіпкердің 30 пайыз қатысуымен жүзеге асады. Әр сатып алынған 15 биеге 1 асыл тұқымды айғыр қосуы да шарт. Сатып алынатын жылқы малының жасына қарамаймыз», – деді «ҚазАгронесие» корпорациясының өкілі Дәулет Әмірбеков. Сондай-ақ, ол шаруалардың ұсыныс-пікірлері ескеріліп, «Алтын сақа» бағдарламасы қабылданып, 5 миллион теңгеге дейін 14 пайыз өсіммен несие беріліп, оның 7 пайызын мемлекет субсидия ретінде өтейтінін жеткізген. Бұл жобада да 50 саулыққа 1 асыл тұқымды қошқар алу шарты және несие алушының 30 пайыз қатысуы көзделген. Егер, 200 қой алса, өзінде 50-60 уақ мал болуы шарт. Сонымен қатар жайылымдарды суландыру мақсатында су шығару, құдық қазу жобасы бойынша да несие беріледі және жұмсалған қаражаттың 80 пайызын Үкімет субсидия арқылы өтеп беретінін айтып, мұндай жобалар ауылшаруашылығын дамытуға арналған зор бастамашыл бағдарламалар екенін тілге тиек етті.
Мінберге көтерілген «ҚазАгромаркетинг» АҚ өкілі Ермек Ділдабеков те «Агробизнес –2020» бағдарламасы аясында қабылданған жаңа Инвестжоба – «Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салымдар кезінде жұмсалған шығындардың бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау» бағдарламасының 18 басымды бағыттары туралы баяндап, слайд арқылы көрсетті. Бұл жобадағы ауылшаруашылығы кешенін дамытуға арналған 18 басымды бағыт 2 топқа бөлінген. Бірінші топта ірі қара мал басын көбейту, тауарлы-сүт фермасын ашу, 3000 басқа дейін мал бордақылау, жемшөп дайындау, техникамен жарақтандыру мен жайылымды кеңейтуді дамытуға бағыт ұсталса, екінші топта қой, жылқы, құс, шошқа шаруашылығын дамыту, бұл бағыттарда көзделген жобаларға инвестициялық субсидия бөлу, алу шарттары қарастырылыпты.
Семинар-кеңесті қорытындылаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары К.Әбілеков: «Субсидия жай ғана тегін берілетін қаражат емес, мемлекеттің қажеттілігін қамтамасыз етуге қарастырылған қаржы», – деді.

Бейбіт Серікбай,
журналист.

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support